Ағымдағы жылғы қаңтар айының соңын ала Жамбыл облысында ауыл әкімдерінің халыққа есеп беру кездесуі басталды. Өңірдің он ауданындағы әрбір округ әкімі жұртшылықпен жүздесуде. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауыл әкімдерінің есебіне қатысуда. Ауылдықтармен жүздесіп, олардың талап-тілектерін тыңдауда, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әдетте, облыс әкімі аудан әкімдерінің ғана есебін тыңдайтын. Сол жерде тиісті тапсырмасын беріп, кезегін күткен мәселелерді шешуді жүктейтін. Бірақ, биыл ауылдарға облыс әкімінің өзі барып жүр. Мұндағы мақсат – елдің жағдайын көзбен көру, шешімін күткен мәселелердің шешу жолдарын қарастыру. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев өзі барған ауданда орналасқан ірі кәсіпорындардың жұмысшыларымен де кездесуде. Ол өңірдегі ауыл әкімдерінің есебіне қатысуды Меркі ауданы, Аспара ауылдық округінен бастады. Әкім әуелі ауыл тұрғындарымен кездесіп, округ әкімі Гаухар Оспанбекованың өткен жылғы жұмыс қорытындылары мен ағымдағы жылға арналған міндеттері қамтылған есебін тыңдады.
Аспара ауылдық округінің құрамына кіретін Аспара, Қайыңдысай және Құмарық елдімекендерінде 1,6 мың адам тұрады. Округ бюджеті 50 миллион теңге көлемінде. Ол 99,9 пайызға игерілген. Мұндағы 37 шаруа қожалығындағы жалпы егістік жер көлемі 11,2 мың гектарды құрайды. Олар дәстүрлі түрде бидай, арпа және беде өсірумен айналысады. Мал басы да артып келеді. Мал шаруашылығын дамыту үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 3 шаруа қожалығы 29,6 миллион теңге несиеге қол жеткізсе, тағы 9 аспаралық «Еңбек» бағдарламасы бойынша гранттар алған. Аспара ауылында футбол алаңы салынып, Аққайнар көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қайыңдысай ауылындағы көше де жаңарып, тағы бір көшені жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайындалған. Бұдан бөлек ауылда балалар алаңы ашылыпты. Осындағы Нүсіпбек Рақыш атындағы және Құмарық ауылындағы Сәдуақас Рысбаев атындағы көшелер де жарықтандырылған. Үш ауылда да газ бар болғанымен, екеуінде су құбыры жоқ екен. Ол бойынша бүгінде тиісті сметалар дайындалған, енді бюджеттік қаржыландыру мәселесі шешілуде. Сондай-ақ, ауылда коронавирустық инфекцияның бірде-бір жағдайы тіркелмеген. Сонымен қатар, ағымдағы жылға арналған ауыл жоспарында ең әуелі ауызсу мәселесін шешу жайы қарастырылған. Көшелерді жөндеу, Қайыңдысай ауылында футбол алаңын салу, Аспара ауылында 150 орындық жаңа мектептің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама дайындау, абаттандыру жұмыстары да жоспарланған. Бердібек Сапарбаев ауыл әкімінен ауыл тұрғындары мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларының мүмкіншілігін қаншалықты пайдаланып отырғанын сұрады. Дегенмен, мұнда мәселелер де бар болып шықты. Халықаралық автожол бойында орналасқан ауылда бірде-бір шағын және орта бизнес нысаны жоқ. Алынған гранттар ұсақ мал сатып алуға жұмсалған. Округте 11 жұмыссыз адам тіркелген. Кездесуде «Аспара» өндірістік кооперативінің басшысы Қалдыбай Алмабаев Бердібек Сапарбаевтан өткен жылғы субсидия мәселесін шешіп беруді сұрады. Сондай-ақ, қой жүнін өткізетін орынның жоқтығын, бұрын шаруалар оны өткізіп, жыл сайын 20 миллион теңгеге дейін табыс тапқанын жеткізді. Ал, жергілікті мектептің қамқоршылық кеңесінің мүшесі Нұржан Байжұманов қолданыстағы білім беру мекемесі 34 жыл бұрын жатақхана жобасы ретінде салынғанын, сондықтан онда акт және спорт залдарының жоқтығын, дәліздері тар екенін атап өтті. Бердібек Сапарбаев алдағы ақпан айында бюджетті нақтылау кезінде бұл мәселе егжей-тегжейлі қаралатынын жеткізді.
Сонымен қатар, облыс әкімі Жамбыл өңірі барлық салада жақсы көрсеткіш көрсетіп отырғанын, алайда, әкімдердің басты міндеті – тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалардың артықшылықтарын және шаруа қожалықтарын ірілендірудің маңыздылығын түсіндіру екендігін айтты. Ең бастысы, қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштық сақталуы тиіс екенін жеткізді. Жиыннан кейін облыс әкімі тұрғындар назар аударуды сұраған мектеп ғимаратын аралап көрді. Бұдан кейін Ойтал ауылында орналасқан «Меркі ірімшік зауыты» кәсіпорнында болды. Сондай-ақ, облыс әкімдігі мен аталған кәсіпорын басшылығы арасында еңбек заңнамасы саласындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.
Бұдан кейін Бердібек Сапарбаев Сарысу ауданына келіп, Жаңаарық ауылдық округінің әкімі Оңласын Мұқашевтың есебін тыңдады. Жиынға округ құрамына кіретін Ақтоғай, Ұ.Сыздықбайұлы ауылының тұрғындары да қатысты. Округ аумағында 1652 адам тұрады. Мұнда 45 шаруа қожалығы жұмыс істейді және 131 жеке кәсіпкер тіркелген. Ауылдықтар жыл сайын мал басының өсіп келе жатқанын айтады. «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы он шаруа қожалығы 57,4 миллион теңге көлемінде қолдауға ие болған. Барлығы 1107 гектар егістік алқапта дәстүрлі түрде бидай, арпа және беде өсірілуде. Ақтоғай ауылында 117 аула, Ұ.Сыздықбайұлы ауылында 97 аула өз жеке қосалқы шаруашылықтарындағы жер учаскелерін тиімді пайдалануда. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы бойынша 32 ауыл тұрғыны қайтарымсыз гранттарға ие болған. Төрт жұмыссыз қоғамдық жұмыстарға тартылып, екі маман жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа орналасқан. Ақтоғай ауылында 8,3 миллион теңгеге шағын спорт алаңы салынып, 3 көшеге жарықтандыру жүргізілген. Бір жақсысы, өткен жылы округте бірде-бір қылмыс тіркелмепті. Округ құрамындағы екі ауылда да қайырымдылық жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жалғызбасты қарттар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар азық-түлікпен, дәрі-дәрмектер мен гигиена құралдарымен қамтамасыз етілуде. Кездесуде Ақтоғай ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов тұрғындар спортпен қыста да шұғылдануы үшін жабық спорт кешенін салу қажеттігін айтса, зейнеткер Рымбала Тұрғынбекова жергілікті су арнасының айналасына қоқыс контейнерлерін орнатуды сұрады. Ал, «Бірлік» шаруа қожалығының басшысы Жүрген Айтбеков мал шаруашылығын дамыту үшін субсидияға мұқтаж екенін айтты. Бердібек Сапарбаев аталған ауылдық округ әкіміне тұрғындар көтерген мәселелерді шешуді тапсырды. «Мемлекеттік бағдарламалар аясында Сарысу ауданына 7 миллиард теңге бөлінді. Ауқымды жұмыс атқарылды. Біздің ендігі ортақ мақсатымыз – осы оң нәтижені сақтау. Бұған тек берік бірлігіміздің арқасында қол жеткізе аламыз», деді облыс әкімі. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықовқа және Жаңаарық ауылдық округінің әкімі Оңласын Мұқашевке ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаны іске асыру, пайдаланусыз жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару, ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіру, қайта өңдеу бойынша сүт және ет цехтарын ашу, барлық қауіпсіздік шараларын сақтауды түсіндіруге қатысты жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырды. Кездесуден соң Бердібек Сапарбаев өткен жылы күрделі жөндеуден өткен мектеп ғимаратын аралап көрді. Директор Әмина Шегірова «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 157 миллион теңге бөлінгенін айтты. 2003 жылы іргесі қаланған мектеп ғимаратының едендері, есіктері, терезелері, жылыту жүйесі толығымен ауыстырылып, санитарлық торап жабдықталған. Сондай-ақ, жаңа жиһаздар сатып алынған. Робототехника кабинеті ашылып, 22 бейнекамера орнатылыпты. Қазір 178 бала штаттық режимде білім алуда. Бұдан кейін облыс әкімі аудан орталығы Жаңатас қаласының маңындағы «Еврохим-Тыңайтқыш» кәсіпорнына арнайы барып, серіктестіктің бас директоры Игорь Георгиадимен өткен жылдың қорытындысын саралады. Өткен жылмен салыстырғанда кен өндіру 26,6 пайызға ұлғайса, фосфорит ұнтағының өндірісі 622 100 тоннаға жеткен. Басқосуда эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру, өндірістік кешеннің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, жұмыс орындарын сақтау, сондай-ақ, Сарысу ауданының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне айрықша назар аударылды. Компанияның әлеуметтік аударымдары 24 миллион долларды құраған. Кездесу барысында тараптар өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.
Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев Талас ауданы, Қаратау ауылдық округінің әкімі Асхат Малташовтың тұрғындар алдында өткен есеп беру жиынына қатысты. Жиын округ құрамына кіретін Қараой ауылында өтті. Ал, округтің әкімшілік орталығы Есейхан ауылына өткен жылы келген облыс әкімі жергілікті ауылдық клубты күрделі жөндеуден өткізіп, ұялы байланысты іске қосып берген болатын. Енді қараойлықтар балалар үйірмелерін ашу үшін клуб штатын ұлғайтуды сұрап отыр. Ауылда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қараой ауылында балаларға арналған ойын және футбол алаңдары салынған. Ең бастысы – ауылдан облыстық маңызы бар Жаңатас-Қаратау-Тараз трассасына дейінгі ұзындығы 8,3 шақырым жол учаскесі қайта жаңартылған. Қаратау ауылдық округінің аталған екі елдімекенінде барлығы 1,2 мың адам тұрады. Екеуінде де жаңа мектеп бар, дәрігерлік амбулатория, медициналық және ветеринарлық пункттер, пошта бөлімшесі мен кітапханалар жұмыс істейді. Округте 75 шаруа қожалығы тіркелген. Округ аумағы 75 мың гектар болса, оның 2,3 мың гектарын күздік бидай мен жаздық арпа алқабы құрайды. Шаруа қожалықтарында 1,1 мың бас мүйізді ірі-қара, 686 жылқы және 22,2 мыңнан астам қой бар. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында құны 540,8 миллион теңгеге Есейхан ауылын орталықтандырылған ауызсумен жабдықтау жобасы жүзеге асырылған. Округ бюджеті 74,4 миллион теңге десек, ол толық көлемде игерілген. Ауылда өткен жылы бірде-бір қылмыс тіркелмеген. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында ауыл тұрғындары мұқтаж отбасыларға арнап үш пәтерлі тұрғын үй салып берген. Енді оны алдағы Наурыз мейрамына орай тапсыру жоспарлануда. Жергілікті демеушілер есебінен 78 отбасыға көмек көрсетілген. Сонымен қатар, кездесуде жергілікті тұрғындар бөгетті және жалпы Қараой ауылы арқылы өтетін Қарашат өзенінің арнасын тазарту, одан өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салу мәселесін көтерді. Жедел жәрдем көлігін бөлу туралы да айтылды. Жедел жәрдем көлігі бойынша аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Имам Мырзаев қолдау көрсетуге уәде берді. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары облыс әкімінен Есейхан ауылындағы Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп беруді сұрады. «Бөгетті жөндеуге көмектесеміз. Дақылдарды суаруға арналған ылғал қоры болуы керек. Су мәселесіндегі біздің басты міндетіміз – көршілерге тәуелділікті барынша азайту, су үнемдейтін технологияларды белсенді енгізу. Облыстың су балансы әзірленуде. Шағын су қоймаларын құру қарастырылып, арналарды тазарту бойынша мехотрядтар қарқынды жұмыс істеуде. Біз суды жинап, мұқият пайдалануды үйренуіміз керек. Шаруа қожалықтарын ірілендіру мәселесі күн тәртібінен түспейді. Отыз жылдық тарих ұсақ шаруашылықтардың тиімсіздігі мен әлсіздігін көрсетіп берді. Тек күш біріктіру арқылы ғана біз айтарлықтай жетістікке жете аламыз. Жалпы, әр ауданда 2-3 ірі агроқұрылымдар болуы қажет», деді Бердібек Сапарбаев. Сондай-ақ, облыс әкімі Талас ауданындағы «Қаратау – ПРО», «Talas Investment Company» сияқты кәсіпорындарды аралап, жұмысымен танысты. «Қаратау ПРО» ЖШС басшысы Алексей Подольский 2015 жылдан бастап зауыт 110 мың тоннаға жуық мәрмәр ұнтағын шығарып келе жатқанын айтты. Бұл өнім құрғақ құрылыс қоспалары, жуғыш заттар, бояулар мен басқа да тауарлар өндірісінде қолданылады. Өндіріс көлемінің орташа өсімі шамамен 10 пайызды құрайды. Ағымдағы жылы жарты миллиард теңгеге дейін инвестиция тарту жоспарлануда. Бұл орайда өндіріс өсімі кемінде 50 пайызға жетпек. Жұмыс орындарының саны 30 пайызға артады деп күтілуде. Дайын өнім авто және темір жол көліктеріне тиеліп, тиісті орындарға жеткізіледі. Қазіргі таңда зауытта жоспарлы алдын алу жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, «Talas Investment Company» кәсіпорнының директоры Ерлан Нұрхановтың айтуынша, өткен жылы 12,5 мың тонна натрий цианиді өндіріліп, қуаттылықтың 80 пайызы жүктелген. Ағымдағы жылы 14 мың тонна өнім шығару жоспарланып, жүктеме 95 пайызға жетпек. Егер 2018 жылы бюджетке 420 миллион теңге салық аударылса, өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 600 миллион теңгені құраған. Зауыттың екінші кезеңі іске қосылғаннан кейін бұл 1-1,2 миллиард теңгені құрамақ. Бүгінде серіктестікте барлығы 552 адам жұмыс істейді. Олардың 80 пайызы жергілікті тұрғындар екен. Қазіргі уақытта аталған компания құны 25,8 миллиард теңге болатын натрий цианидін 30 мың тоннаға дейін өндіруді кеңейту жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыруда. Жабдықтарды жеткізуге және монтаждауға келісімшарт жасалып, бас жоспар айқындалып, негізгі құрылыс және инфрақұрылым бойынша сметалық құжаттар дайындалған.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың облыстың он ауданындағы ауыл әкімдерінің де есебіне қатысуы жоспарланған.