Еуропа Одағы 2016 жылға белгіленген темекі өнімдеріне қатысты заңдарын қайта күшейтті. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Еуропа Одағы Кеңесі темекі өнімдерін өндіру мен сатуға, оның қорабын әзірлеу мен электронды темекі сату тәртібі бойынша жаңа шектеулер қойды.
Заңнамаға сәйкес, темекі өнімдері сақталатын қорап сыртының 65 пайызы оның зияндылығын көрсететін ескертпелермен толтырылуы қажет. Сондай-ақ қорапта міндетті түрде «Шылым шегу өлімге апарады» және «Темекі түтінінде қатерлі ісіктің пайда болуына ықпал ететін 70-тен аса зиянды зат бар» деген мәліметтер жазылуы тиіс. Ал әзірге 2007 жылы бекітілген нұсқау бойынша темекі қорабының 30 пайызы ғана аталмыш сипаттағы ескертпелермен толтырылады.
Еуропа Одағы сондай-ақ хош иістендіргіштерге де тиым салады. 2016 жылдан бастап Еуропада ваниль мен жемістердің, ал 2020 жылдан бастап жалбыздың иісі бар темекілердің өндірілуі мен сатылуына тиым салынады. Бұл шара жастардың, әсіресе, жас қыздардың темекіге деген қызығушылығын төмендетеді деп күтілуде.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Itar-tass.com
Фото: Radiovesti.ru