Көптен көзіміз шалмағаннан кейін болар, осы күні көгілдір экраннан балалар фильмін іздемейтін халге де келген екенбіз. Себебі «балалар фильмі» деген сөздің өзі ескірген кеңестік атау-терминдер қатарында зияннан басқа пайдасы жоқ сала секілді бізден әлдеқашан алыстап кетіпті. Қателеспесек, «қазір балалар фильмі жоқ, бар болған күннің өзінде олар оны көрмейді» деп даурығып, дабыл қағып келе жатқанымызға ширек ғасыр уақытқа таяды.
Бірақ телефонға телміріп, онлайн өмірдің дәмін алған балалар өздері туралы фильм түгіл, теледидар қарауды да қойған қазір. Себебі қала, дала баласы жаппай қызығып, жабыла көретін қызық жоқ онда. Қызықтың бәрі телефонда тұр. «Мүмкін қазір шетелдік анимациялық фильмдер көп болғаннан кейін де, балалар фильмі жоқ болған шығар» деген де ой туады. Ал ол мультфильмдерге бала түгіл, ересек көрерменнің өзі екі минут көз салса жетіп жатыр, елігіп, иіріміне қалай батып бара жатқанын білмей де қалады. Әйтсе де тек үлкен экрандағы балалар фильмі ғана бере алатын әсерді анимефильм толықтай бере ала ма?
Аяқ астынан ұлттық кинематографияның көшбасшы фильмдерінің қатарындағы «Менің атым Қожа» бастаған балалар кинотуындысының тізімін барлай қарап шығудың мүмкіндігі туып қалды. «Қазақфильм» қорытындылаған мәліметке қарағанда, бүгінде алпысқа аяқ басып, ақсақал жасына жетіп қалған «Қожа» экранға шыққан 1963 жылдан бастап 1990 жылға дейінгі жиырма жеті жылда А.Қарсақпаев бастаған Қ.Қасымбеков, Ш.Бейсембаев, В.Пұсырманов, Б.Шманов, С.Райбаев секілді режиссерлер тұп-тура 18 фильм түсірген екен.
Жалпы, Кеңес Одағы бойынша жыл сайын балаларға арналған 70 фильм жарыққа шығып отырды десек, «Қазақфильм» үлесіне екі-үш жылға бір фильмнен келеді. Тек төрт жылдан кейін, 1994 жылы Қанымбек Қасымбеков «Саған күшік керек пе?» деген фильмін көрерменге ұсынған соң, онсыз да қалғып жүрген қазақ режиссерлері біржола қалың ұйқыға кетіп, тек 2009 жылы, он бес жыл өткенде ғана «оянады». Он бес жылда бірде-бір фильм түсірілмеген. Сәбит Құрманбековтің «Секер» фильмі талай жыл тыныштықта жатқан саланың тынысын ашқандай, 2009 жылдан бастап Д.Саламаттың «Бәйтерек», Т.Байтукенов пен Т.Қасымановтың «Супер Баха», Е.Нұрмұхамбетов пен Б.Елубайдың «Аңшы бала», А.Ибраевтың «Аңыздар кітабы. Құпия орман», Д.Манабаевтың «Лотерея», Ә.Сүлеева, А.Райбаевтың «Жеңіс семсері», Т.Теменовтің «Біздің қаланың ханзадасы», Б.Елубаевтың «Бала ғашық» секілді фильмдері жүлгесін үзбестен, үміт отын үрлегендей, бірінің ізін бірі ала отырып көрерменге жол тартады. Отыз жылда он фильм! Бұл аз ба, көп пе, бұған күлу керек пе, жылау керек пе?
Кино өндірісі қанат жаймаған шақтың өзінде шедевр туғызған режиссерлер кәсіби білім-білігі артып, қаражат құйылып, құрал-сайманына дейін жаңарған кезде, тақыр жерде кино жасаған Қарсақпаевтардың ерлігін қайталап, бір шабытты шығарма тудыра алмағаны неліктен? Кинодағы бұл кеңістіктің босаң тартып бара жатуы жас өскіндердің таным-тәрбиесіне сөзсіз әсер етпей қоймайтынын біле тұра, бұған жауапты адам мен мекеменің бәрі бейғамдыққа бой алдырды. Балалар киносының мектебі баяу қалыптасқаны өз алдына, қазір бұл сала бойынша маман да тапшы. Балалар фильмін түсіруге құлықты маман аз, себебі оның табысы жоқ, ал табыс жоқ жерде дамудың да болмайтыны белгілі. Соған қарамастан үлкен қаржының әрдайым жетістік кепілі бола бермейтінін де түсініп қалдық. Мәселе кімнің, нені, қалай түсіретініне келіп тірелетіні белгілі болды. Ұлттық киноны қолдау орталығы құрылғалы бері «Қазақфильм» киностудиясының көптеген мүмкіндігі шектелді, ал оның бүгінгі басшысы Ақан Сатаевтың айтуына қарағанда, келесі жылдан бастап отандық киноөндіріс саласын үлкен өзгеріс күтіп тұр. Егер бұл өзгеріс жасалатын болса, режиссерлер біраз тәуелсіздікке қол жеткізбек. Оның ішінде балалар фильмін де жандандыру көзделген, жоба-жоспары да дайын. Ал балалар киносының ең басты мақсаты бала танымын қалыптастыру ғой. Бұл мәселенің өткірлігі әсіресе бүгін сезіліп отыр. Балалар киносы деп әдетте басты рөлде балалар ойнайтын, 12-13 жасқа дейінгі тәлім-тәрбиеге бағытталған, зорлық-зомбылығы жоқ, бірақ сауатты ойластырылған шиеленісті оқиғасы бар фильмді айтамыз. Ешқандай шаблонға бағынбайтын, бірақ ойы да, бойы да өсіп келе жатқан балғын болмыстың бойына алғашқы адамгершілік дәнін егіп, өз басындағы жағдайды фильм кейіпкерлерінің тағдырымен салыстыра отырып, өз бетінше ойлап, шешім қабылдай алатын жеке тұлғаны тәрбиелеуді тап осы балалар фильмі діттейтін-ді. Бүгінде соның бәрі басқаша. Оның орнында күн сайын телеарна жаңалықтарындағы жасөспірімдер жасайтын қылмыс, қатыгездік бала тәрбиесінің құлдырап бара жатқанынан хабардар етеді. Әрине, экран, кино ата-ана тәрбиесін алмастыра алмайды, бірақ жақсы фильм баланы тәрбиелеу жолындағы көмекші құрал бола алатыны анық. Сондықтан заманның қатыгездігінен алыстатып, бала бойына қарапайым құндылықтарды сіңіру үшін олар көретін фильмдерді тек телеарналарға ғана табыстап қоймай, интернет көзі секілді күнделікті пайдаланатын ақпарат алаңының бәріне орналастырудың қажеттілігі һәм маңыздылығы байқалып отыр.
Балалар – үлкеннен де өткен талғампаз көрермен. Татымсыз фильмге көз қырын да салмайды. Мысалы, балалар көріп отырған фильмін Disney немесе қазақстандық өнім деп қарастырмайды, олар үшін екі-ақ ереже бар: бояуы қанық, кейіпкерлері ерекше, еліктіріп әкетер оқиғасы бар тартымды фильм немесе оқиғасы баяу, танымына ауыр, іш пыстыратын қызықсыз фильм. Жақсы фильмнің формуласы = қызықты сюжет + ерекше кейіпкер + талантты режиссер. Жетістік сырының бір себебі осында, режиссурада жасырылғаны анық.
Екіншіден, сценарий. Режиссураның жанды жері, балалар киносының ең талмау тұсы осы. Режиссерлер «Маған ақша бер, мен балалар фильмін түсіремін» деп құлшына бермейді. Әлемдік тәжірибеде алдымен идея туады, сценарий жазылады, құжаттары дайындалып барып, қаржының құлағынан ұстап отырғанның есігін тек содан кейін ашады. «Елдің баласы» дегенді естісек, бала түгіл, өзіміз езу тартамыз. Орайы келгенде, осы «елдің баласының» ерлігін айтуға тура келеді. Былтыр «Кино – балаларға» деген халықаралық кино байқауында, нақтырақ айтқанда, Ресейдің әртүрлі қалаларының мектеп оқушылары түсірген 50 фильм бақ сынаған. Кәсіби режиссері түгілі, бұғанасы қатпаған баласына дейін қолына камера алып, фильм түсіріп жүр, ерлік емей, еңбек емей немене бұл? Әрине, өмірлік тәжірибеге бай, кәсіби білім алған режиссердің түсірген жұмысы бөлек, бірақ бүгінгі баланың нені қажет ететінін, оның не сезінетінін, олардың қызығушылығын, арманын, ойын іштен білетіндіктен, жасөспірімдердің мұндай ірі қадамға баруы – «Тик Ток» түсіргеніне мәз болып жүргендерге үлгі боларлық іс.
Балалар киносы экономикалық жағынан ең тиімсіз сала дедік. Одан ешкім пайда таппайды, табысқа да кенелмейді. Көрермен тарапынан сұранысқа ие болудан қалып бара жатқан қаупі тіпті қорқынышты. Отандық кинематографтағы отыз жылға жуық тоқырау кезеңінде шетелдік киноның әсерімен тәрбиеленген жас ата-аналардың тұтас бір буыны қалыптасты. Disney мен Голливудтың салқыны өтіп кеткен сол ата-аналардың бетін бері қаратып, қайта көз жеткізудің өзі киногер қауымына оңайға соқпайын деп тұр. Өйткені қандай жақсы фильм жарыққа шықса да, әлеуметтік желідегі пікірді оқысаң, «қазақтың қолынан не келуші еді» деп жаратпай отыратындар осылар. Батыстық өлшем бойына сіңіп кеткендер ұлттың шығармашылық өнімін алдымен сол межемен мөлшерлейді. Қазақ киносына «америкалық көзбен» қарау да өз алдына жабысқан бір сор. Сондықтан кино, әсіресе балалар киносы үлкен идеологиялық саясат болғандықтан, мемлекет өзі қолдау көрсетпесе, «мен түсірейінші» деп өздігінен құлшынып шығатын режиссердің шығатын түрі көрінбейді. Балалар фильмін жоқтаған мақалалар жазылды, сұхбаттар берілді, дөңгелек үстелдер өткізілді, қарарлар қабылданды, үлкен мінберлерден ірі сөздер айтылды, бірақ солардың барлығы бір ғана мәселені – жаңа жағдайда, заманауи тұрғыда балалар киносын дамыту деген өзекті мәселені шешуге көмектесе алған жоқ. Бәрі түсінеді, бәрі біледі, бірақ мәселе түйіні шешілмейді.
Бүгінгі балалар дегеніміз – өз отбасының іргетасы, ата-анасының үміті ғана емес, енді 10-15 жылдан кейін осы елдің тағдырын шешетін адамдар. Егер оларға бүгін «ең мықты өнім шетелдікі» деп, өздері көрмеген, естімеген елдің музыкасы мен мультфильмі арқылы жат елдің идеологиясын сыналатып сіңіре берсек, жүрегінде өз Отанына деген сезім мен құрметтің ошағы болмаса, болашақтағы қазақ елінің азаматтарын қай тараптардан табатынымыз белгісіз.
АЛМАТЫ