БҰЛ ҮДЕРІСТЕРДІҢ ЕҚЫҰ АУМАҒЫНДАҒЫ СЕБЕП-САЛДАРЫ МЕН ОЛАРДЫ ЕҢСЕРУДІҢ ТҮЙІНДІ ЖОЛДАРЫ
Бүгінгі таңда бүкіл әлем халқының төрттен бірі – мұсылмандар. Бұл – Жер шарын мекендейтін 6,8 миллиард адамның 1,57 миллиарды немесе әрбір төртіншісі мұсылман деген сөз. Демек, мұсылмандар, шамамен 2,1 немесе 2,2 миллиардқа жуық христиан дініндегілерден кейінгі екінші орында тұр. Бұл деректер Америка Құрама Штаттарының Діндер мен қоғам өмірін зерттейтін (Pew Forum on Relіgіon and Publіc Lіfe) агенттігінің үш жыл бойы жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жасалған қорытынды есебінен алынып отыр.
Сол есеп бойынша, мұсылман әлемінің таңдандыратын тұстары да жоқ емес. Мәселен, саны жағынан Индонезия мен Пәкстаннан кейінгі үшінші орында келе жатқан индиялық мұсылмандар Мысырдағы мұсылмандардан екі есе көп екен. Сол сияқты Германия мұсылмандарының саны Ливан мұсылмандарынан басымдау. Ал Қытайдағы мұсылмандар Сириядағылардан артықтау болса, Ресей мұсылмандары Иордания мен Ливияда тұратын күллі мұсылман қауымынан да көбірек көрінеді. Эфиопиялық мұсылмандардың мөлшері Ауғанстан мұсылмандарымен шамалас. Және бір назар аударатын нәрсе – әлемдегі күллі мұсылманның 60 пайызынан астамы Азияны мекендесе, 20 пайызы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада, 15 пайызы Сахараның етегіндегі Африкада, 2,4 пайызы Еуропада, 0,3 пайызы Америка континенттерінде қоныс тепкен. Бірақ саны жағынан Азия мұсылмандарынан біршама аз болғанымен, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка мұсылмандары әлгі аймақтардағы халықтардың басым көпшілігін құрайды екен. Керісінше, әлем мұсылмандарының бестен бірі, шамамен 317 миллионы мұсылман діні мүлде басымдыққа ие емес елдерде орналасқан: Индияда – 161 миллион, Эфиопияда – 28 миллион, Қытайда – 22 миллион, Ресейде – 16 миллион, Танзанияда – 13 миллион. Осыған қарамастан, әлгі елдердегі миллиондап саналатын мұсылмандар тек ұсақ диаспора мәртебесін ғана иемденеді.
Жоғарыда аталған агенттіктің және бір дерегі бойынша, әлем мұсылмандарының үштен екісі 10 елде, атап айтқанда, Азиядағы Индонезия, Пәкстан, Индия, Бангладеш, Иран және Түркияда және Солтүстік Африкадағы Мысыр, Алжир және Марокко сынды үш мемлекетте, ал қалғаны Сахараның етегіндегі Нигерияда орналасқан. Мұсылмандардың ең көп шоғырланған жері – Индонезия. Ол елді 203 миллион, яғни күллі мұсылманның 13 пайызы мекендейді. Сосын, әлемде бұрыннан қалыптасып қалған жаңсақ пікір бойынша, Еуропа мұсылмандары келімсектер болып есептеледі. Ал шындығында, тек Батыс Еуропадағы мұсылмандар ғана иммигранттар, болмаса Еуропаның қалған бөлігіндегі, атап айтқанда, Ресей, Албания, Косово сияқты мемлекеттердегі мұсылмандар сол елдерді әлімсақтан бері мекендеп келе жатқан жергілікті халықтар. Тұтастай алғанда, Еуропадағы мұсылмандардың саны 38 миллионға теңеледі. Бұл күллі мұсылманның 5 пайызын ғана құрайды, бірақ соған қарамастан, олар Орталық Азиядағы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан мемлекеттеріндегі мұсылмандардың санынан басымдау.
Жоғарыда аталған агенттіктің және бір мәліметтері бойынша, Америка континенттерінде шамамен 4,6 миллион мұсылман бар және олардың жартысынан көбі АҚШ-та тұрады делінген. Алайда президент Барак Обаманың 2009 жылы 4 маусымда Каирдің Әл-Азхар университетінде оқыған лекциясында келтірілген деректерге сүйенсек, тек АҚШ-тың өзінде ғана 7 миллионға жетеғабыл мұсылман тұрады. Тіпті ондағы мұсылмандар саны одан да көбірек болуы мүмкін. Себебі, Америкада жүргізілетін халық санағы кезінде толтырылуға міндетті сауалдамаларда азаматтардың қай дінді ұстанатыны талап етілмейді. Мұндайда нақты дерек алудың мүмкін еместігі айтпаса да түсінікті.
Әрине, жоғарыда келтірілген мәліметтердің қаншалықты дәл екенін дөп басу айту қиын. Бірақ солай болғанның өзінде де, мұсылман әлемі мен мұсылман дінінің және сол дінді ұстанатын мұсылман өркениетінің Жер шарындағы аса ірі өркениет екендігіне ешкім де шүбә келтіре алмайды. Өйткені, бүгінгі жаһандану заманында жер бетінен мұсылманы жоқ елді елестету мүлде мүмкін емес. Оны былай қойғанда, мұсылман өркениетінің әлемдік өркениетке қосқан үлесі де өте салмақты. Бұған дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Себебі, төмендегі деректер пікіріміздің дұрыстығына толық көз жеткізеді.
Өкінішке қарай, біздер өмір сүріп отырған жаһандану заманында, негізінен, ақпарат құралдарының кесірінен қоғамдық санада ислам өркениетін тым артта қалған, керітартпа, білім мен ғылымнан жұрдай, надан, ғылым мен техникадан, прогрестен мүлде аулақ, діни фанатизм, экстремизм және фундаментализм ошағына айналған құбыжық өркениет етіп көрсету белең алып отыр. Бұл үрдіс, әсіресе, 2001 жылғы 11 қыркүйекте орын алған Нью-Йорктегі Бүкіләлемдік сауда ұйымының қос ғимаратының жарылуын “Әл-Каидамен” тамырлас мұсылман экстремистері жасаған қылмыс деген ақпараттан кейін мүлде өршіп кетті. Соның салдарынан батыс әлемінің мұсылмандарға деген көзқарасы күрт өзгерді. Мұсылмандарды шеттету мен кемсіту, олардың мектептері мен мешіттерін өртеп кету, қиратып тастау, мұсылмандарды сабап немесе атып кету, я болмаса мұсылмандардың діни бостандығына шек қою, мұсылман бейіттерін бүлдіріп кету жиілей бастады. Мұндай қылмыстар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдерге де тән. Мәселен, мұсылман дінінің әлемнің ең ірі діндерінің бірі екенін мойындамай, оны аса қатерлі идеология деп, шындықпен мүлде жанаспайтын теріс пікір қалыптастырып, Мұхаммед пайғамбарды кемсітетін карикатуралар шығарып, оларды батыстың ақпарат құралдары арқылы тарату белең алды. Кейбір мұсылман мемлекеттеріне “Әл-Каидамен” байланысы бар деген желеумен экономикалық қысым көрсету, соғыс ашып басып алу немесе оларға қисынсыз тиісу жиілеп кетті. ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің кейбірінде мешітке рұқсат берілсе де минарет салуға тыйым салу немесе мұсылман әйелдеріне мұсылман дәстүріне сәйкес киінуіне, я болмаса білім алуына, жұмысқа тұруына, баспана алуына шектеу қою ара-тұра бой көрсетіп қалады.
Алайда, бұл құбылыстарға қарсы күрес жүргізіп, мұсылмандардың құқығының бұзылмауын қадағалайтын халықаралық ұйымдар да жоқ емес. Мәселен, Варшавада орналасқан ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы, АҚШ-тағы Хельсинки комиссиясы немесе Хьюмэн райтс форст (Human Rіghts Fіrst) сияқты институттардың жұмыстары айтуға тұрарлық. Мұндай институттар Біріккен ұлттар ұйымының аясында да жұмыс істейді. Аталмыш институттар тек мұсылмандардың ғана құқығын қорғамайды, олар, сонымен қатар, антисемитизммен де күрес жүргізіп, христиан немесе басқа діндегілердің де құқықтарының бұзылмауын қоса қадағалайды. Солай бола тұрғанмен, мұсылмандарды шеттету мен кемсітушілікті немесе ксенофобияны толық ауыздықтауға немесе тоқтатуға жоғарыда аталған институттардың шамасы жете бермейді. Сондықтан мәдениетаралық, дінаралық және өркениетаралық үнқатысуларға арналған Қазақстанда Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен өтіп тұратын әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі секілді тұрақты халықаралық форумдардың жүйелі түрде жүргізілуі өте құптарлық шара. Өйткені, ондай форумдардың мінберлеріне көтерілетін шешендердің бәрі дерлік халықаралық аренада абырой-атағы биік, қоғам және мемлекет қайраткерлері. Олар дінаралық, мәдениетаралық және өркениетаралық үнқатысуға, ксенофобия мен адам баласын шеттету мен кемсітуге бағытталған күресті күшейте түсуге, нәсілшілдікті жоюға, дінаралық айырмашылықтардан гөрі олардың арасындағы ортақ құндылықтарды дәріптеуге шақырады.
Бұл тұрғыдан алғанда, көзі тірі кезінде Қазақстанда болып қайтқан Ватиканның басшысы, Рим Папасы Иоанн Павел ІІ-нің мына бір сөздері ойға оралады. Ол өзінің естеліктерінің бірінде: “Діндердің арасындағы айырмашылықтарға таңқалудың орнына олардың арасындағы керемет ұқсастықтарға таңданған жөн”, – деген өсиет қалдырған екен. Шындығында да, мұсылмандардың киелі кітабы Құранға немесе христиандар мен иудейлердің киелі кітаптарына көз салған адам мұсылман дінінің Ибраһим (Авраам) пайғамбардан басталатынына және арабтардың арғы тегі әлгі пайғамбардың үлкен ұлы Исмаилден, ал еврей халқының тегі Исаактан, яғни Ибраһим пайғамбардың екінші ұлынан тарайтынына бірден көз жеткізеді. Сосын бұл екі халықты жақындататын басқа да құндылықтар бар емес пе? Мәселен, тіл жағынан келгенде, араб тілі хамит тобына жатса, еврей тілі алдыңғыға туыстас семит тобына жатады. Бірі “сәлем” деп амандасса, екіншісі “шолом” деп амандасады. Түр-сипаттары да ұқсас. Екеуі де солдан оңға қарай жазады. Екеуі де адал ас ішеді. Екеуі де ұлдарын сүндеттейді. Бірақ осылардың бәріне қарамастан, екеуінің басы бір қазанға сыймай келеді. Мұның басты себебі әкелері бір болғанымен, Исмаил мен Исаактың бір анадан тумағандығында жатыр. Екінші үлкен себеп Мұхаммедке дейінгі пайғамбарлардың бәрі де еврей халқынан болған. Тек соңғы пайғамбар Мұхаммед қана араб тегінен. Бар болғаны осы ғана. Демек, екі халықты бөліп тұрған айырмашылықтардан гөрі оларды жақындастыратын ортақ құндылықтар басым тұр. Ендеше, осы құндылықтар жиірек дәріптелсе, көп нәрсе түзелер еді.
Сосын ислам діні мен басқа діндердің араларындағы қайшылықтарды жоюдың және бір мүмкіндігі бар. Бұл ұлы мемлекеттердің басшылары мен саясаткерлерінің құзырында жатқан мәмілегершілік шеберлік дер едім. Мұның бір жақсы үлгісін Америка Құрама Штаттарының президенті Барак Обама көрсетті. Ол өзінің 2009 жылғы 4 маусымда Египетке жасаған ресми сапары кезінде Каир қаласындағы мың жылдан аса тарихы бар Әл-Азхар университетінде лекция оқып, бүкіл мұсылман әлеміне үндеу салды. Президенттің бұл үндеуі мұсылман өркениетінің алдында батыс өркениетінің қарыздар екенін бүкіл әлемге паш етті. Сонымен қатар, Обаманың бұл сөзі қиюы кетіп бара жатқан батыс пен шығысты татуластыруға, жақындастыруға жол ашатын көпір секілді әсер қалдырды. Бұл халқымыздың “Жылы-жылы сөйлесе, жылан інінен шығады” немесе “Жақсы сөз – жарым ырыс” деген аталы сөздерінің жайдан-жай айтылмағанын және олардың еш уақытта да мәнін жоғалтпайтын асыл мұра екенін дәлелдеп тұрғандай. Шындығында да, мұсылман әлемі Барак Обаманың Каирдегі сөзін жылы қабылдап, бір сәтке болса да батысқа риза болып қалды. Бұл ризашылық Обаманың көп ұзамай Нобель сыйлығының лауреаты атануына да себепші болды. Бұдан шығатын қорытынды мынау: жылы сөйлеп, тыңдаушысын өзіне тарта білген шешен саясаткерлерді кім де болса сыйлайды және бағалайды. Сосын “Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды” демекші, мұндай салиқалы сөздер бүкіл әлемді бір демде шарлап кетеді. Демек, ел мен елді, мәдениет пен мәдениетті, өркениет пен өркениетті, дін мен дінді татулыққа шақыруда әлемнің көшбасшы саясаткерлерінің атқаратын рөлі мен жауапкершілігі ерекше болмақ. Өйткені, абырой-атағы биік ел басшылары мен атақты саясаткерлердің шынайы да жүрек тебірентер сөздері ең алдымен тыңдаушының санасына сәуле түсіріп, ойын қозғайды. Ал ойы мен санасы түзелсе, кез келген азамат пен бүкіл адамзаттың іс-әрекеті түзеледі.
Міне, осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, бүгінде ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы – Қазақстанның аталмыш Ұйымға мүше мемлекеттерге көрсететін үлгісі мол. Бұған “Сырт көз – сыншы” демекші, аталмыш Ұйымның Іс басындағы төрағасының жеке өкілі ретінде АҚШ-тағы мұсылман қауымының жағдайымен танысып, сондағы үкіметтік емес мұсылман ұйымдарының уәждерін АҚШ Конгресінің ғимаратында отырған Хельсинки комиссиясына баяндағанда көзім анық жетті. Әлгі елде орын алып отырған мұсылмандарды кемсіту мен шеттетудің нақты мысалдарын моншаққа тізгендей етіп, ағылшын тілінде баяндап едім, құрамының басым көпшілігі конгрессмендерден тұратын әлгі комиссияның мүшелері құлақ түріп тыңдады. Жарыссөз соңында комиссия мүшелері сұрақ қойып, біздің елдегі мұсылман және басқа діндегілердің құқықтарының сақталу дәрежесін білгісі келді. Мен көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстандағы ауызбіршілік пен татулықтың орнықтылығын, адамды кемсіту мен шеттетудің біздің елге жат қылық екенін және олай етуге Ата Заңымыз – Конституцияның жол бермейтінін шегелеп айттым. Сөз соңында комиссия төрағасы ризашылығын білдіріп, Қазақстандағы ұлтаралық және конфессияаралық татулықтың жоғары деңгейде екенін жақсы білетінін және бұл тұрғыдан Қазақстанның басқаларға үлгі бола алатын мемлекет екенін атап көрсетті. Іссапардан қайтқан соң АҚШ пен Канада мұсылмандарының жай-күйі туралы Ұйымның Венадағы Тұрақты кеңесіне баяндадым. Бұл іс үстіміздегі жылы да жалғасын табады. Вена бекіткен жоспарда Ұйымға мүше бірнеше елдегі мұсылмандардың жағдайымен танысып қайту көзделіп отыр.
Әділ АХМЕТОВ, сенатор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.