• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 03 Ақпан, 2021

Қалғымайтын қалам иесі

1377 рет
көрсетілді

«Egemen Qazaqstan» газетінің Алматы бөлімшесінің жетекшісі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек 60 жасқа толып отыр. Әріптесімізді мерейлі күнімен шын жүректен құттықтай отырып, отбасына амандық, зор денсаулық, толайым шығармашылық табыс тілейміз! Құнарлы ой, қуатты сөзіңізбен оқырмандарыңызды қуанта беріңіз!

 

Жетісу өлкесінде алып қар­ағаш бар. Құдайдың құдіреті, қасиетті қарағаштың діңін айты­ңыз, бес-алты ересек кісі құла­шын кең салғанда құшағына әрең сыя­ды. Көлеңкесін айтыңыз, елу аттылы адамға сая болардай. Ағаштың тұрпаты – таңғажайып, дүние жаралар сәттегі хаос се­кілді. Ел оны Әулие деседі. Жа­ратушы иеміздің жарылқаушы мейірі түскен уәлидің бірі сол. Сол Әулиеағаш топыраққа дән болып түскелі, шыбық болып көктегелі жеті ғасырдан астам уақыт өтіпті.

Астам дегенде, алпыс жыл­дың ша­ма­сын айтып отырмыз. Алпысты айт­қанымыз, сол қасиетті қарағаштың тамыры жа­­йылған топырақта Әулиеағаш ауылы бар, сол ауылда жазушы Жүсіпбек Қорғасбек өмірге келген. Алып ағаштар мекенінде туған қаламгер бүгін алпыс жасқа толып отыр. Әр қаламгер туған топырақтың өз ерекшелігі болады ғой, бірі – асқақ таулардың бауырында, бірі – айдынды көл­дердің, өр өзендердің жағасында, енді бірі – ел көшіп тауыс­пас иен дала, еркін байтақта. Жал­пы, жазушының табиғаты өзі туған топыраққа тартатыны да рас. Жазушы Жүсіпбек Қор­ғас­­бектің болмыс-бітімінде, кі­сі­лік табиғатында, адамдық бей­не­сінде сол алып ағаштардан дары­ғандай айшықты қасиет көп.

Алғадай дегендер болады екен, әс­кердің алғы шебінде жү­ретіндер. Атойлап майданға кіре­тіндер. Басқаша айтқанда, авангард. Кейінгі толқынның өкілі ретінде алдымыздағы асуларға көз салғанда, ағалардың қалың қарасын көреміз. Соның арасында әрдайым жазу үстінде, сөз үстінде, ат үстінде, қарекет үстінде жүретін қаламгерлер көп емес. Сол ат төбеліндей аздың бірі – Жүсіпбек Қорғасбек десек, қателесе қоймаспыз. Ашылмаған тақырыптар, айтылмаған сөздер қайда, жақсының мерейі, жас­тықтың жалты қайда, елдің мүд­десі, ердің бағасы қайда, мәде­ниет мәселесі, әдебиет мінбері қайда, жазушы Жүсіпбек Қор­ғасбек сонда.

Азия қаламгерлері форумында айтқан бір сөзі жазушының шығармашылық болмысынан хабар береді : «Соңғы жылдары түрегеп тұрып жазуды әдетке айналдырдым. Жұмыс кабинетіме соған ыңғайлы мінбе сатып алдым. Үйде де терезенің алдында тұрып жазғанды жақсы көрем. Мұны шығармашылық адамының жазуға деген адалдығынан деп білем. Қалам қалғып кетпеуі ке­рек деп ойлаймын. Осындай жазу­шының жазғаны керек пе, ке­рек емес пе?».

Осыны естігенде көз алдыма қайың­ның қабығына, үйдің қабырғасына, қыш кірпішке ойып өлең жазып тұрған ақын келді. Ақын өлеңді неге қағаз бетіне түсірмейді? Себебі өлең күтпейді, өлең – сол сәттің перзенті, оның серті – сол сәтте. Ол жарқ етіп жанған жай отындай, оның жарығымен кітап оқып үлгермейсің. Ол мөлт ете қалған көз жасындай, сол сәтте ғана өмір сүреді. Серт секілді, қайталап айтпайсың. Өлең сол сәтте түсірілуі керек. Ол – дүние дегбірсіздігін жүректен өткізу. Жазушының балалық шағы жай­лы естеліктеріне оралғанда, төбе құй­қаны шымырлатар осы бір өлең қуаты жайлы жазбаға тап боламыз. Өзі де шы­ғармашылық жолын өлеңмен бастаған жа­зушы «төбенің ғарышпен байланысар тұсы ашығандай» деп әсерлі суреттейді. Ол – ақын жүректі жазушы.

Жазушының «Үлпілдегін» оқыған кезде осы бір дүниені сезініп едік. «Үл­пілдектің» поэтикалық қуаты, өлеңдей төгіліп түскен өрімі, кенеттен селк еткізер тосын иірімдері әсер етпей қоймаған. Сонда қара сөзбен жырлаған Жүсіпбек Аймауытов, Оралхан Бөкейлердің санатына кейіпкерімізді де ойша қосқанбыз. Сол селк еткізер иірімдер «Жансебілде», «Қасқыр-адамда» ой дірдегіне ұласа­ды. Жазушы өз кейіпкерлерінің қилы тағ­дыры, азапты өмірі арқылы жан мен жүректің алуан сезім кешуін береді. Дауыс дірілінің бой дірдегіне өтуі, оның ойдың қалшылына ұласуы.

Осы бір мазасыздық, дегбірсіздік күйі, осы бір алаң мен абыржу, қобалжу, қоғам, адам өмірінің өзегін көктей өтіп жататын белгісіз бір дірдек жүрек­ке, жү­ректен қаламға өтеді. Жазушы өз уақы­тының, қоғамының тамырына тіке­лей байланып тұрғанын сезінеді, сезін­діреді. Топырағына байланған алып ағаш секілді. Осы бір сезім жазушының тікесінен тік тұрып жазуына алып келеді ғой деп ойлаймыз.

Жазушы әлемі – өмір мен қоғам те­резесі алдындағы тік тұрған бір тал гүл се­кілді, гүл дегеніміз – өнердің леп белгісі. Әдебиет сөзінің айрықша таңбасы. Қа­ламгер сол терезеден нені көреді, нені аң­ғарады, ол – шығармасында, ал сол терезеге қараған біз нені байқадық? За­ман­дас қаламдастары ше? Газетімізге жол­­данған қаламдастар пікірін қатар бер­генді жөн санадық:

«Жүсіпбек, образдап айтқанда, әде­биеттегі сегіз қырлы қаламгер. Көркем шығармаларын былай қойғанда, оның жазған дүниесінің кез келгені, мейлі ол әдеби талдаулары, мейлі мақалалары болсын әңгіме сияқты оқылады. Және оның барлығы адамдық тұрғыда таланттың тайға басқандай белгісі. Әдебиетіміздің төрт құбыласынан айқасқалар мен төбелдерді түгелдеп, төркіндетіп дәл көрсетіп жүрген Жүсіпбектен басқа ешкімді байқай қоймайсың. Қазіргі заманда өзінің шығармаларын да жаза жүріп, өзгелердің шығармасына да әділ бағасын беретіндерге тәубе деу керек.

Бізге мына өзіміз көксеп отырғандай әдебиеттің жаңа тұрпатын қалыптас­тыруда ерекше рөл атқаратын жазушы аса қажет. Өткен-кеткендерді мақтай-мақтай шаршап, шалдығып тұрған кезде, көркем шындықты көңілге қондырып, көзге көрсетіп беретін талғампаздықты табу қиын. Қалай болған күнде де әділетті қоғам құруға бетбұрыс жасалып жатқан кезде әдебиетте де адалдықтың болуы және жазылған шығармалардың өз бағасын беретін, тамырынан тартып қазып айта алатын тұлғалардың болуы берекеміздің кепілі», дейді жазушы Несіпбек Дәутайұлы.

Дәутайұлы атап өткендей, Жүсіпбек Қорғасбек – әдебиет әңгімесі айтылған жерде бейтарап қалмайтын қаламгер. Ал ол әңгіме айтылмаса, өзі бастайды. Газет бетінде, телевизия алаңдарында, тіпті әлеуметтік желілерде де. Қазіргі кезеңде әдебиетке шын мәнінде ояу саналар керек. Пікір айтудан тартыну, сөзін іркіп қалу, қалыс қалып қамсыз жүру – кейіпкеріміздің табиғатына жат мінездер. Әділін айтуға, ашық дискуссияға шақы­руға ұмтылу – әдебиет алдындағы жана­шырлық пен жауапкершілікті сезінуден деп білеміз.

«Біздің әдебиеттегі, ұлт рухания­тын­дағы ойы да, сойы да биік, бекзат авторлардың бірі – Жүсіпбек Қор­ғас­бек. Жаттандылық деген жанына қас қаламгер үнемі ілгері ізденістерге ұмтылады. Ол әдебиетке батылдау кірді. Сонау жас шағымыздан бірге өстік, бірге көрдік. Корифейлердің әңгімесін тыңдап, өнегесін алдық. Жүсіпбек сол классиктердің мектебін көрді – оның мықтылығы сонда. Жүсіпбектің шығармашылығы да кең, шалқар. Ол өзі сан қырлы талантты адам десе болады. Жалпы, талантты адамдар көбінесе тағдырлы келеді. Әсіресе өнерде біз талантты адам мен еңбекқорды көп шатас­тырамыз. Өнерге талантты адам керек, әрине. Еңбекқорлық екінші пландағы дүние. Жүсіпбектің «Өнер» деген шағын әңгімесі бар. Бейнелеу өнерін орыстар «молчаливая муза» дейді. Яғни үнсіз муза. Сонда автор суретшінің картинасын әңгімеге объекті қылып алады. Нағыз суреткер көзге көрінбейтін дүниелерді көреді. «Өнер» атты әңгімені кез келген оқулыққа, хрестоматияға ойланбай кіргізуге болады. Мұндай интеллектуалды шығармалар бізде аз.

Кейінгі уақытта оның «Egemen Qazaqstan» газетіне шығып жүрген әдеби баяндары назарды аударып жүр. Бұрын социалистік реализм әдісі тұ­сында әдеби сынның жақсы кезеңі болды. Ал қазір сынның өзі шығарманы мақтау үшін ғана жазылатын сияқты. Жүсіпбек әдеби шығармаларды талдауда тыңнан түрен салды. Оның бір қасиеті – тағдырлы таланттардың өмірі мен қыр-сырын ашуда өзіндік стилі бар. Бұған Әбдіжәміл мен Олжасты салыс­тыра жазғаны, Серік Ақсұңқарұлы мен Гүлнар Салықбай туралы жазғандары дәлел. Әрбір талантты қаламгердің қолтаңбасын һәм болмысын ашу үлкен білімді, эрудицияны қажет етеді. Сондықтан Жүсіпбектің кейінгі кездері қалам тартып жүрген жанры әдеби сынның орнын толтыратын сияқты. Андре Моруаның, Проспер Мерименің атақты эсселері болған. Олар шығармашылық адамдарының портретін ашуда мүлдем бөлек, тосын ізденістерге барды. Жүсіпбек те осы бағытта келе жатқан автор. Осы стиль, осы мінез кешегі Зейнолла Серікқалиевтерде бар еді. Сол бағытты қазір Жүсіпбек үлкен биікке алып шықты. Былайша айтқанда, әдеби сынды қалай жазу керектігінің нәзиралық үлгісін танытып жүр десек болады», дейді «Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай.

Жазушының «өлең келгені секілді, мақала да маған құйылып келеді» деген сыңайдағы пікірін естіп едік. Жалпы, үлкен әдебиетте қаламгерлердің тұтас ағымдар мен бағыттардың табиғатын танытатын, әдеби үдерістің даму бағытын көрсететін, идеялар мен тенденцияларды жіліктеп шағып беретін әдеби мақалалар жазуы өте қажет. Неге десеңіз, кейде ең байқампаз сыншылардың өзі аңғара бермейтін детальдар мен штрихтарды қаламгер байқайды. Ақын ақынның жан күйзелісін көбірек сезінетіні бар. Дерті ұқсас жандар бір-бірінің азабын артығырақ білсе керек. Қаламгердің қа­ламгер жайлы айтуының қажеттігі де осында жатқандай.

«Жүсіпбек Қорғасбек ерте танылған, әдебиетке өзінің қолтаңбасымен келген суреткерлеріміздің бірі. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңында, ұмытпасам, «Қазақ әдебиеті» газетінде «Жансебіл» дейтін әңгімесі жарқ ете қалды. Бұл әңгіме көп адамдарды таң­ғалдырды. Әңгіменің ерекшелігі неде еді? Әдетте көптеген жазушы әдебиетке алғаш аяқ басқанда прозалық шығармаларын романтикалық көңіл күймен бастайтын. Көп жағдайда өздерінің басынан кешкен оқиғаларды, одан алған әсерлерін, көңіл күйлерін суреттейтін. Ал Жүсіпбек алғашқы туындысын бірден кейіпкердің жан дүниесіне үңілуден бастады. Өз басын­дағы жеке жағдайды емес, тағдыры ауыр кейіпкердің оқиғасын көркем шығармаға айналдырды. Мұндай ауыр тағдырлы адамның басынан кешкенін жазу үшін жазушыға өмірлік материал керек. Осыған қарап Жүкеңнің әдебиетке үлкен дайындықпен келгенін байқауға болады.

«Жансебіл» шығармасы жазылу стилі де, берілу формасы да жып-жи­нақы, артық сөз, артық деталі жоқ, адам тағдырын терең зерттеп, соны жарқырата аша білген кесек туынды. Әрине, сол уақыттарда көркем шы­ғарманың лайықты бағасын берудің мүм­кіндігі болған жоқ. Біріншіден, ол кезде жастарды көп мақтай бермейтін. Әдебиетке келген прозаиктердің қырық жастан асқан соң ғана аты ауызға алынар еді. Екіншіден, ол көпшіліктің әдебиетке деген көңілі суып бара жатқан тұс болатын. 90-шы жылдардың «балапан басына, тұрымтай тұсына» дейтін алмағайып кезінде «мына дүниеде не жазылып жатыр?» деген сауалға мән беруге уақыт болмады.

Жүкеңнің одан кейін де көптеген дүние­сі жарық көрді. Айталық, жақын­да ғана мен бірінші томына енген шығармаларымен қатар, «Үлпілдек» атты романын оқып шықтым. Сонда көзім жеткен нәрсе Жүкең өзінің жеткен, бағындырған биігіне тоқтап, тоқмейілсіп қалатын жазушылардың қатарынан емес. Әрине, ол ізденістердің арасында кейде сәтсіз шыққандары да бар болуы мүмкін. Бірақ жазушы өмірбақи ізденіс үстінде жазуға тырысу керек. Ірі суреткерлердің қай-қайсысы да бір стильмен жазбағанын байқайсың. Жүкеңнің шығармашылығында мистика да, Оралханға тән романтизм де, карикатура да, реализм де бар. Ол түрлі бағытта жазып жүрген суреткер. Шығармалары өзгеріп, құбылып отырады. Түрлі форма жасаудың шебері. Оның айқын дәлелі – «Үлпілдек» романы. Жалпы, бұл романға қатысты кезінде түрлі сындар да айтылды. Меніңше, ол романды түсінбегендіктен айтылған сияқты. Маған ұнағаны жазушы бұл шығармасында саналы түрде дәстүрлі жазудан бас тартып, үлкен эксперименттерге барған. Айталық, романда оқиғалардың әрқайсысын әртүрлі формада береді. Оның шығармашылығына қарап постмодернизм, модернизм бағытында да көптеген дүние берген жаңашыл жазушы екенін айтуға болады.

Жүкеңнің редакторлық қыры бір төбе. Шерағаңдардың қалыптастырып кеткен дәстүрін абыроймен жалғастырып, «Қазақ әдебиеті» газетін үлкен биікке көтеріп кетті деп айтуға әбден болады. Сол уақытта газет бетінде айтылмай жүрген өзекті мәселелерді қозғады. Ол әрине біраз адамдарға ұнамауы да мүмкін. Бірақ сол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде процесс бар еді. Ол ешкімнің жағына шықпай, кез келген адамның позициясын сыйлап, қандай мәселеде де екі жақтың көзқарасын тең беріп отырды. Кейде сол дауларға өзінің де басы шатылып қалған кездері болды. Әдебиет сондай тартыстың үстінде дамиды. Бір ғажабы, сол айтыс-тартыстардың бір шеті кейіннен жазушыға таяқ болып тигенін де білеміз. Содан кейін Жүкеңді жау көріп кеткен қаламгерлер де есімізде. Бірақ ол өзінің мықты редактор екенін танытты. Газетті үлкен биікке көтеріп кетті. Жалпы, Жүкеңнің бір ерекшелігі ретінде әдебиетке қаншалықты адал қызмет етсе, өмірде де адамдарға таза көзбен, таза пейілмен қарайтынын айтар ек. Адамдарға зіл сақтамауға тырысады. Айталық, «Қазақ әдебиеті» газетінде жүрген кезінде үлкен жазушыларға қарсы дау-дамайлар туындады. Кейін солар өз мақалаларында Жүкеңді сынап, жамандап, жеке басына тиісіп жатты. Бірақ Жүкең олардың ешқайсысына қарсы жауап жазған жоқ.

Мен оның «Egemen Qazaqstan»-ға шығып жатқан дүниелерін үзбей оқып отырам. Көңілім толып, жаңалық аш­қандай болам. Оның әдеби сындары, талдаулары іздеп жүріп оқитын мақалаларға айналды. Бұл жағынан қаламгер мені сыншы ретінде де қызықтырады. Жазу стилі, формасы бөлек жаңашыл жазушы әлем әдебиетінде, қазақ әдебиетінде болып жатқан жаңалықтарды үнемі бақылап отырады. Ит көйлекті менен бұрын тоздырса да жаңашылдығы ғажап. Мысалы, мен Памукті қабылдай алмаймын. Ол соның ерекшелігін айтып береді. Әдебиетке адал адамдардың қай-қайсының да адал, әділ бағасын беруге тырысатыны ұнайды», деп пікір білдірді әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы.

* * *

Адамзат баласының ғарышты игеру дәуіріне алпыс күннен астам уақыт қалғанда жазушы дүниеге келіпті. Гагарин ұшқан жылы. Немесе, жазушы дүниеге келген жылы Гагарин ғарышқа ұшты. Джек Лондонның мынадай бір сөзі бар екен: «Адам баласының өмірінде ең маңызды екі күн бар: бірі – оның өмір есігін ашқан күні, екіншісі – ол есікті не үшін ашқанын түсінген күні». Бәлкім осы күн – қаламгердің қолға алғаш қалам ұстаған күні. Қалам қалғымасын!