Енді садақ ату – ақсулық жасөспірімдер үшін спорттың жаңа түрі болмақ. Тұрақты жұмысқа кәсіби жаттықтырушылар шақырылыпты.
Садақ ату – қымбат спорт түрі. Мысалы, бір жаттығу садағы 500 мың теңге тұрады. Сондықтан жергілікті әкімдік, демеушілер тарапынан қолдау болып жатса, құба-құп.
Ақсу қаласындағы Балалар мен жасөсіпірімдер спорт мектебіне қарасты жылдар бойы бос тұрған ғимаратқа «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бағдарлама бағытына сәйкес 12 адам жұмысқа орналасыпты.
Қала әкімдігінің мәліметінше, жылдар бойы бос тұрған «Көздеп ату» орны қайтадан ашылған соң 160 бала пневматикалық қарудан ату, садақ ату, жазғы және қысқы президенттік көпсайыс, жекпе-жек сияқты спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік алды.
Садақ атудан аға жаттықтырушы Татьяна Пактың айтуынша, ендігі жерде шәкірттерін шеберлікке баулып, елімізде, басқа елдерде өтетін жарыстарға барғылары келеді.
– Облыс орталығынан «Көздеп ату», яғни тирлерде жұмыс жасаған жаттықтырушыларды шақырдық, осы спорт түрінен топтар құрылды. Енді балалар олимпиадалық спорт түріне өз қаламызда жаттығып, үйрене алады. Қалалық бюджеттен тирге қажетті құрал-жабдықтар алу үшін қаржы бөлінді. Болашақ спортшылар үшін жаңа жылда ерекше сыйлық болды, – дейді қала әкімі Балғабай Ыбыраев.
Павлодар облысы