Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Нұр-Сұлтанның «Барысы» елордада Екатеринбургтің «Автомобилистімен» өткізді.
Осының алдында Уфаның «Салават Юлаевынан» 3:2 есебімен жеңілген жерлестеріміз бұл жолы да дәл сондай есеппен «Автомобилистке» жол берді. Кездесу «Барыс» үшін өте сәтсіз басталды. Матчтың 7-минутында қонақтардан Никита Трямкин мергендігімен көзге түссе, 14-минутта Георгий Белоусов «Автомобилистің» екінші шайбасын соқты. Тек бірінші кезеңнің соңына қарай ес жиған «Барыс» ойыншылары 16-минутта есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды. Бұл жолы Якоб Лилья қақпаны дәл көздеді.
Кезеңаралық үзілісте біраз тынығып, бас бапкер Юрий Михайлистен қажетті ақыл-кеңес алған жерлестерміз мұзайдынға шыға сала таблодағы көрсеткішті теңестірді. Даррен Дицтен тамаша пас алған Филип Вароне шайбаны қақпаға тоғытып, жанкүйерлердің кеудесінде үміт отын жаққан еді. Алайда үшінші кезеңде мұзайдын иелеріне қарағанда әлдеқайда ширақ қимылдаған «Автомобилист» ойыншылары таразы басын өздеріне аударды. 58-минутта Дмитрий Жукенов гол соғып, соңғы минуттарда «Барысты» сан соқтырып кетті.
Бұл ойыннан кейін жерлестеріміз тұрақты біріншіліктің «Шығыс» конференциясындағы турнир кестесінде 6-орыннан 8-сатыға сырғып кетті. «Барыс» келесі кездесуін бүгін сырт айдында Магнитогорскінің «Металлургімен» өткізеді.