Биылғы жылдың І тоқсанында Қазақстан бойынша электр энергиясы 12,36 пайызға қымбаттады. Бұл жөнінде Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде өткен баспасөз мәслихатында Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Анатолий Шкарупа мәлімдеді.
А.Шкарупа бұл жағдайдың негізгі себебін электр стансаларында өндірілетін энергия бағасының артуымен байланыстырды. Өткен жылы электр өндіруші 13 компания тобына әр жылы тарифтерді көтеруге болатын межелер белгіленген 2015 жылға дейінгі жоспар ұсынылды. 2009 жылдың наурыз айында қабылданған қаулыға сәйкес, бағалардың өткен және ағымдағы жылғы өзгеру шегі 30 пайыздан аспауы тиіс. Сондай-ақ, бірінші тоқсанда суық су – 10,6, жылу – 2,99, ыстық су 2,86 пайызға қымбаттады.
Үстіміздегі жылдың 22 қаңтарында Елбасы Н.Назарбаев Бәсекелестікті қорғау, Табиғи монополияларды реттеу агенттіктері мен Қаржы, Энергетика және минералдық ресурстар министрліктеріне бірқатар тапсырма жүктеген болатын. Атап айтсақ, табиғи монополиялар субъектілері мен энергия өндіретін кәсіпорындарды өндірісті жаңғырту жөніндегі инвестициялық міндеттемелерді орындауы бойынша тексеру және оны бақылау үшін жұмыс тобын құру, табиғи монополиялар субъектілері мен энергия генерациялайтын кәсіпорындарды тексерудің қорытындылары бойынша заңнамалық сипаттағы ұсыныстар әзірлеу міндеттелді.
Мемлекеттік органдар орталық аппараттарының жұмыс топтарының және аумақтық кіші топтардың жұмыс шеңберінде 16 облыстағы өңірлік электр желілік компанияларға жататын 19 табиғи монополия субъектілерінің және 46 электр стансасын қамтитын 35 энергия өндіруші ұйымның есептері тыңдалды. Ал 10 сәуірде 60 табиғи монополия субъектілеріне және энергия өндіруші кәсіпорындарға тексеру жүргізілді. Жекешелендіру талаптарында көзделген инвестициялық міндеттемелердің орындалу барысына тексеру жүргізу нәтижесінде “AES” компаниясының міндеттемені 459,52 млн. доллар сомасында орындамағаны белгілі болды. Оның ішінде Шүлбі СЭС-іне 396,59 млн.доллар, Өскемен СЭС-іне 32,97 млн.доллар, Өскемен ЖЭО-ға 21 млн.доллар, Согрин ЖЭО бойынша 8,96 млн.доллар тиесілі.
“Электр энергетикасы туралы” заңнамада көзделген инвестициялық міндеттемелердің орындалу барысын тексеру нәтижелері бойынша 10 энергия өндіруші ұйымның өткен жылға жасасқан жалпы сомасы 1 512, 32 теңгеге келісімдерінің орындалмағаны белгілі болды. Бұл тізімнің көш басында Шардара су электр стансасы тұр. Оның мойнында 493,18 млн. теңге бар екен. Инвестициялық міндеттемелерді орындамау фактілері бойынша Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі электр стансаларымен сот арқылы реттеуді өткізбек, ал жекешелендіру міндеттемелерін орындамау фактілері бойынша Қаржы министрлігінің жанындағы жұмыс тобы “AES” компаниясымен жасалған шарт талаптарын қайта қарау бойынша жұмыс жүргізуде. Қазіргі кезде агенттік барлық табиғи монополия субъектілерін тексеруді жүзеге асыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыруда.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.