• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 04 Ақпан, 2021

Аймақтық жоғары оқу орындары іріктеледі

214 рет
көрсетілді

Қазақстанда 15 аймақтық жоғары оқу орны дамытылады. Олар нақты критерийлер бойынша іріктеп алынады. Аталған жоғары оқу орындары дарынды жастарды жинайтын өңірлік орталықтарға айналмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

«Нақты критерийлер бойынша 15 өңірлік жоғары оқу орнын іріктеп аламыз. Осы университеттер арқылы өңірлердегі білім сапасын арттыру үшін ныса­налы қаржы бөліп, оларды жаңа зерт­ханалармен қамтамасыз етеміз. Ол оқу орындарында жаңа білім бағдарламалары да ашылады. Сонымен қатар сапасыз жоғары оқу орындарын жабу бойынша жұмыстар да жалғасын табады», деп атап өтті министр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жоғары білім беру жүйесінде академиялық адалдықты бұзғаны және сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттері үшін жоғары оқу орындарының жауап­кер­шілігі күшейтілді. Жоғары оқу орын­д­а­ры­ның академиялық дербестігін кеңей­ту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Енді академиялық және басқарушылық еркіндік қазақстандық колледждерге де беріледі.

«Колледждерге академиялық дер­бес­тік беріледі. Аталған шара білім беру бағдарламаларының мазмұнын өзгертуге, білім сапасын арттыруға, оқу мерзімін қысқартуға мүмкіндік бе­реді. Сол арқылы түлектер тезірек жұ­­­мысқа орналаса алады», деді А.Аймағам­бе­тов.

Колледждерге академиялық еркіндік беру – кадрларды даярлауда икемділікті қамтамасыз етіп, оқу орындарының жұмыс берушілермен бірлесе отырып, білім беру бағдарламаларының мазмұнын, оқыту мерзімдері мен траекториясын айқындауға мүмкіндік береді.