• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 04 Ақпан, 2021

Токио ойындарының тағдыры қалай болмақ?

235 рет
көрсетілді

2020 жылғы Олимпия ойындары былтыр Жапонияның бас шаһары – Токиода 24 шілде мен 9 тамыз аралығында өтуі керек еді. Алайда коронавирус пандемиясының салдарынан Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) өткен жылдың наурызында Токио Олимпиадасын 2021 жылға ауыстырған болатын. Дегенмен індет қаупі әлі күнге дейін сейілмегендіктен, қазіргі таңда Олимпия ойындары биыл өте ме, өтпей ме деген сұрақ төрт жылдықтың басты додасына қатысу құқығы бар бес құрлық өкілдерін алаңдатып тұр. Өйткені кейінгі кездері шетелдік БАҚ-тарда Токио Олимпиадасы биыл да ұйымдастырылмауы мүмкін деген алып-қашпа әңгіме тарап жатыр. Тіпті бүгінге дейін Олимпиаданы ұйымдастыруға 15 миллиард доллар көлемінде қаржы жұмсап үлгерген Жапония билігінің өзі дүбірлі доданы биыл да өткізуден бас тартатыны туралы жиі жазыла бастады.

 

Мәселен, АҚШ-тың The Times басылымы Жапония үкіметі 2021 жылға шегерілген Токио Олимпиадасын коронавирус пандемиясына байланыс­ты өткізуден бас тартуды көздеп отыр­ғаны туралы жазды. Басылымның мә­лімдеуінше, қазіргі таңда Жапония өз абы­ройын сақтап қалудың және осы күнге дейін шығындалған қаржысын қайта­рып алудың түрлі жолын қарастырып жат­қанға ұқсайды. «Қазір бұл туралы (Олим­пиададан бас тарту – Ә.Б) ешкім бірін­ші болып хабарлауға ниетті емес. Бірақ барлығы дәл қазіргі жағдайда Олимпиаданы өткізу қиынға соғатынын біліп отыр. Менің пікірімше, Жапония үкіметі биылғы Олимпиаданы өткізе алмайды», деп жазады мақала авторы. Сонымен қатар Жапония билігінің бұл шешіміне коронавирустың жаңа толқыны себеп болғаны да айтылып жатыр.

Жапония биылғы Олимпиаданы өт­кізе алмайтын болған соң алдағы 2032 жыл­ға жоспарланған жазғы Олимпия ойын­дарын Токиода қабылдауға ниетті. Ал оған дейінгі 2024 (Париж) және 2028 (Лос-Анджелес) жылдары өтетін Олим­пиаданы қабылдайтын ел әлдеқашан анықталып қойған.

Токио Олимпиадасын ұйымдасты­ру комитетінің басшысы Ёсиро Мори The Nishinippon Shimbun атты жапо­ния­лық басылымға берген сұхбатында Олимпия ойындарын өткізу немесе өткізбеу туралы соңғы шешім 25 нау­рыз­да қабылданатынын айтқан. Ол Халықаралық Олимпиада комитетіне Олимпиаданы өткізу бойынша ештеңе өзгермегені туралы баяндап, алайда «ең нашар сценарийлердің» де қа­рас­­тырылып жатқанын мәлімдеген. Дей тұр­­ғанмен, Жапония үкіметі The Times ба­сылымының ақпаратын жоққа шы­ғаруда. Бұл туралы Жапония үкіметі бас хатшысының орынбасары Манабу Сакаи мәлімдеді. Ол жергілікті журналистер сауалына: «Бұл мәлімет шындыққа жанаспайды», деп қысқа қайырды.

The Times басылымы таратқан ақпа­раттан кейін АҚШ-тың Флорида штаты қаржы бөлімінің бастығы Джимми Патронис ХОК басшысы Томас Бахқа хат жолдап, егер Жапония билігі Олим­пия ойындарын өткізуден бас тартып жатса, төрт жылдықтың басты додасын өткізуге өз штатының дайын еке­нін жеткізген. Хатта Патронис «2021 жылғы Олимпия ойындарын Токиодан Америка Құрама Штаттарына, дәлірек айтқанда, Флоридаға көшіру мүмкіндігін қарастыруды» ұсынады. Шенеунік Фло­ридада жарыстарға қажетті барлық жағ­дай жасалғанын және пандемия кезінде штатта спорттық іс-шараларға рұқсат етілгенін атап өткен.

Бұған дейін Киодо агенттігі бірнеше аты аталмаған дереккөздерге сілтеме жасай отырып, Жапония Үкіметі жалғасып жатқан коронавирус індеті аясында биыл жазда Олимпиада мен Паралимпиаданы көрермендерсіз, яғни «жабық есік» жағдайында өткізуді де қарастыру үстінде екенін мәлімдеген болатын.

Токио Олимпиадасына қатысты осындай әңгіме жиілеп кеткен соң, өткен аптада ХОК президенті Томас Бах Ұлттық Олимпиада комитеттерінің басшыларымен кеңейтілген телеконференция өткізді. Аталған онлайн-жиынға Қазақстан Ұлт­тық Олимпиада комитетінің басшылы­ғы да қатысты. Екі сағаттан аса уақыт бойы қаты­сушылар ғаламдық пандемия, спорт­­шыларды вакцинациялау, БҰҰ қа­рары мен алдағы Токио-2020 және Бей­жің-2022 Олимпиадаларына дайындық мәселелерін талқылады.

Жиын барысында сөз алған Томас Бах 2021 жылдың қарбаласқа толы бола­тынын атап өтті. Өйткені Токио Олим­пиа­дасынан 6 ай өткен соң Қысқы Олим­пия ойындары басталады. Мұндай жайт та­рихта алғаш рет болғалы тұр. Қа­зіргі сәтте ХОК екі ірі спорттық іс-шара­ға то­лық­қанды дайындық жүргізуде. Соны­мен қатар Томас Бах 2020 жылғы Токио Олим­пиадасы қарсаңындағы түрлі сыбыс­тар мен қауесеттерге тойтарыс беру үшін Олим­пиадалық қозғалыстың бірлесіп жұ­мыс істеуі қажеттігіне ерекше тоқталып өтті.

«Қазір Олимпиадалық қозғалыстың бар назары 2020 жылғы Токио ойын­дарына бағытталған. Бірер күн бұрын жаңа­лықтарда Жапонияның Олимпиа­даны өткізуден бас тартатыны туралы аран­датушылық бағыттағы ақпараттар қап­тап кетті. Бірақ бұл – жалған ақпарат. Мен бар­шаңызды тек ресми дереккөздер мен ХОК-тың ресми мәлімдемесіне сенуге ғана шақырамын. 22 қаңтарда Жапония билі­гімен телефон арқылы сөйлестім, олар өз тараптарынан ешқандай ресми мәлім­деме мүлде болмағанын айтты. Та­ғы да қайталап айтамын, Олимпия ойын­дары мен барлық жарыс пен іс-шара жос­парланған уақытында өтеді. Осы салаға қызығушылық танытқан тараптардың бәрі де Олимпиаданы сәтті өткізу үшін тынымсыз еңбектенуде. Сондықтан «Б» жоспарын ойластыруға негіз жоқ. Жа­пония нақты қадамдар арқылы айтулы доданы өткізуге дайын екенін баршамызға мәлімдеп отыр. Сондай-ақ елдегі саяси пікірталастарға қарамастан, Қытай да Қысқы ойындарды өткізуге әзір», деп мәлімдеді ХОК президенті.

ХОК басшысы өз кезегінде Олимпия ойындарына қатысушыларды вакцинациялау туралы да айтып өтті. Томас Бах осы сұраққа қатысты Ұлттық Олим­пиада комитеттеріне көмектесуге уәде беріп, барлық спортшыны вакцина қа­был­дауға шақырды. Алайда вакцинация­лау әр спортшының еркі бойынша жүр­гізілетінін де тілге тиек етті.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­­­мы (ДДҰ) Жапония және ХОК-пен бір­­лесе отырып, коронавирусқа қарсы ша­­ралар тізбегін жетілдіруде. Осы орай­да спорт­шылардың келуі, олардың жү­­ріп-тұруы, тестілеуді ұйымдастыру және жарысқа қ­атысуы сияқты барлық аспек­тілер есеп­ке алынған. Жапо­ния би­лігі жарыс ке­зінде көрермендер мен жан­кү­йер­лерді три­бунаға кіргізу мәселесін мұ­қият зерттеуде. Томас Бах барлық сауал­дар мен маман кеңестерін талқылаған соң, ХОК өз ұсынысын жет­кізетінін мәлімдеді.

«Жапония Олимпия ойындарын асы­ға күтуде. Олимпиаданың басталуына бар болғаны алты ай қалды. Дайын­дық қарқынды жүріп жатыр, әр минут са­йын алға ілгерілеу байқалады. Жапо­ния билігінің ойыннан бас тартатыны туралы жақында жарияланған ақпарат­тар шындыққа жанаспайды. Біз күн са­йын түрлі халықаралық және жергілік­ті ұйымдар мен спортшылардан қолдау хатын аламыз. Бізге мұндай қолдау аса қажет», деді Жапония Ұлттық Олим­пиа­д­а комитетінің президенті Ясухиро Ямашита.

ХОК басшысы наурыз айында өте­тін ХОК-тың 137-сессиясы 2020 жыл­ғы Олимпия ойындарына дайын­дық­тың аяқ­талуы мен ковид кезеңіндегі Олим­пиадалық қозғалыстың болашағына ба­ғыт­талатынын атап айтты. Сессия аяқ­талған соң Ұлттық Олимпиада коми­тет­терімен тағы бір кездесу өткізу жос­­пар­ланған. Қазақстанның Ұлттық Олим­­пиада комитеті спортшылардың ден­сау­лығы мен қауіпсіздігіне қашанда ба­сым­дық беретінін мәлімдеді. Қазіргі сәтте Ұл­ттық Олимпиада комитеті Қаза­қ­стан ұлттық федерацияларымен бірлесе отырып, алдағы Олимпия ойындарына дайындықты жалғастыруда.