Биыл Жамбыл облысының Қордай ауданында орын алған оқиғаға бір жыл болады. Жыл ішінде аталған аудан қайта түлеп, дамудың даңғыл жолына түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қордайға тиісті көңіл бөлініп, мәселелер оң шешімін табуда. Президент пәрменімен қазіргі кезде аудан қайта абаттанып, жүйелі жұмыс атқарылуда. Ауданның бірқатар ауылдарында қоныстанған көпұлтты халық бүгінде бейбіт, тату тірлік кешіп отыр.
Өткен жылғы қақтығыстан аудандағы Масанчи, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарында 65 нысан зардап шеккен болатын. Бұл ретте былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданына арнайы келіп, облыс басшылығына мұндағы жағдайды реттеуді тапсырған еді. Арада жыл өтпей Мемлекет басшысының қолдауымен қалпына келтіру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілді. Жалпы, өткен жылы Қордай ауданына мемлекет қазынасынан 35,1 млрд теңге бөлініп, 400-ге жуық жоба іске асырылған. Оның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі», «Нұрлы жер» бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында құрылыс-жөндеу жұмыстарына 21,8 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа аудан бойынша 3 мектептің құрылысы, 5 көп қабатты тұрғын үй, 6 ауыз су жүйесі, 7 инженерлік инфрақұрылым, 4 спорт кешені, 4 қазандық, 6 елді мекенді газдандыру, 4 мектепті күрделі жөндеу, 6 денсаулық сақтау, түрлі деңгейдегі 274 жолды қалпына келтіру, 43 абаттандыру, 2 әлеуметтік қызмет, 2 су қоймасы және 23 ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар аталған жобалар аясында 4 630 жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бөлінген қаржыға 13 құрылыс жобасы іске асса, одан бөлек тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласы бойынша 198 жоба қолға алынды. Бұл жұмыстардың өзі талай уақыттан бері өзекті болып келе жатқан мәселелерге нүкте қойды.
Ал Қордай ауданына Үкімет резерві есебінен 101 жобаға 2 млрд теңге бөлінген. Республикалық бюджеттен қарастырылған қаражаттың 1,9 млрд теңгесіне 6 елді мекендегі 96 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы 73 млн теңгеге 3 дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтті. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 1 млн 834 мың теңгеге 24 жоба іске асқан. Бүгінде аудан орталығы Қордай ауылында 884,5 млн теңгеге 52,8 шақырым болатын 21 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жасалып, толықтай аяқталса, Қордай, Отар және Бетқайнар ауылдарында типтік спорт кешені пайдалануға беріліп отыр. Ал ауданда «Нұрлы жер» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары аясында 7 594,1 млрд теңгеге 25 ірі құрылыс жобасы қолға алынғанын айта кету керек. Оның ішінде 13 жаңа құрылыс, 8 күрделі және 4 орташа жөндеу жұмыстары бар.
Мемлекеттің қолдауымен Қордай ауданында тұрғындардың баспана мәселесі де шешіліп келеді. Мәселен, аудандағы баспанаға мұқтаж аз қамтылған және көп балалы отбасыларға «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 15 үй салынған. Бұл бастама облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың идеясы негізінде қолға алынған болатын. Ал Қордай ауылының «Батыс» тұрғын алабында бес қабатты үш тұрғын үй бой көтерген. Дәл осындай бес қабатты үй Қордай ауылының «Шығыс» алабынан бой көтеріп, мұқтаж жандарға берілген. Ал Тәуелсіздік күні қарсаңында Қаракемер ауылындағы 20 коммуналдық пәтер кезекте тұрған көп балалы отбасыларға және жас мамандарға табысталды. Сондай-ақ Қордай ауданында бүгінге дейін 7,4 шақырым жол жаңадан салынып, 343,6 шақырым жол орташа жөндеуден өткен. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 90 пайызға, ал елді мекендер ішіндегі көшелер 75 пайызға жетіп отыр. Қаракемер, Масанчи, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты, Қордай, Әлжан ана, Қарасай және Еңбек ауылдарына 100 пайыз асфальт жол төселген.
Осы уақытқа дейін Қордай тұрғындары үшін газдандыру мәселесі де өзекті болып келді. Биыл да бұл мәселенің түйіні тарқап, 22 елді мекенді газбен қамтамасыз ету мақсатында ұзындығы 248 шақырымды құрайтын үлкен жобаға 11 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде 41 елді мекеннің 34-і, яғни 146 600 тұрғын газбен қамтамасыз етіліп отыр. Сол сияқты, аудан тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2,7 млрд теңгеге 6 Арал, Қаракемер, Өтеген, Кенен ауылдарымен қатар, Қордай ауылының «Батыс» алабы мен Отар ауылының жаңа алаптарында ауыз су құбырларының құрылыстары аяқталып, халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамту үлесі 78 пайызға жетіп отыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады.
Сондай-ақ ауданда білім саласына назар аударылып отыр. Алдағы уақытта үш бірдей мектептің құрылысы есебінен апатты мектептер мен орын тапшылығы мәселесі толықтай шешілетін болады. Сонымен қатар 1,1 млрд теңгеге 4 мектепке, 3 денсаулық сақтау мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 4 әлеуметтік нысанға жаңа қазандықтар салынып, 6 әлеуметтік нысанның қазандықтары газға ауыстырылған. Тағы бір айта кетерлігі, құны 1,3 млрд теңгені құрайтын 4 спорттық-сауықтыру кешендерінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі. 7 спорт нысаны, 8 ойын алаңы іске қосылып, нәтижесінде бұқара халықтың спорттық инфрақұрылымға қолжетімділігі 27 пайыздан 46 пайызға жетіп отыр. Ал құны 5,3 млрд теңге болатын «Қордай» өткізу пунктін қайта жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Қордай ауылындағы ең үлкен көшелердің бірі – Жібек жолы көшесіне заман талабына сай көше жарығы жүргізіліп, жергілікті халықтың мәселесі шешілді. Отар ауылында құны 307 млн теңге болатын 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. Кенен ауылындағы Кенен Әзірбаев атындағы музейге де демеушілер есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Гвардейский қалашығында биологиялық-иммунды препараттар, оның ішінде коронавирус індетіне қарсы вакцина шығаратын зауыт құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы құны 6,9 млрд теңгені құрайды. Аталған зауытты іске қосу 2021 жылдың наурыз айына жоспарланған. Мұндағы құрылыс жұмыстары облыс әкімі тарапынан да жіті бақылауда. Сондай-ақ өткен жылғы Қордай оқиғасынан зардап шеккен 103 нысан демеушілер есебінен қалпына келтірілді. Ал өртенген 41 үй, 13 кәсіпкерлік нысанға Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» заңына сәйкес, 213 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мәселен, Масанчи, Бұлар батыр және Ауқатты ауылдарында қақтығыс кезінде 65 нысан зардап шеккен. Оның ішінде 46 тұрғын үй, 18 кәсіпкерлік, 1 шаруашылық нысандары және 62 автокөлік болған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін бүгінге дейін «Нұр-Ниет» қайырымдылық қорынан 600 мың теңге қарастырылып, 42 үй және жергілікті кәсіпкерлер есебінен 1,4 млн теңгеге 29 үй қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, мердігер компаниямен 1,2 млн теңгеге пластикалық терезеге демеушілік көмек көрсетілді. Сондай-ақ Масанчи ауылында демеушілер есебінен шағын футбол, стритворкаут, балалар ойын алаңшасы салынып, пайдалануға берілді. Одан бөлек ауыл тұрғындарына арналған демалыс аллеясының құрылысы аяқталып отыр.
Жалпы, өткен жылы мемлекет тарапынан Қордай ауданына тиісті көмек көрсетілді. Бұл ретте демеушілердің де үлесі зор. Мемлекет басшысының қолдауымен бұл күнде Қордай ауданы қайта түлеп, қарқынды даму жолына түсті.
Жамбыл облысы,
Қордай ауданы