• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Ақпан, 2021

Техникаң сай болсын, фермер

127 рет
көрсетілді

Қарағанды облысының фермер­лері үшін 2020 жылдың жеміс­ті болғаны рас. Астықтың мол орылғанына, көкөністің қоймаға сыймай кеткендігіне техника күші мен жанар-жағармай қорының жеткілікті болғаны қомақты үлес қосқан еді.

Былтыр облыстың ауылшаруашы­лық саласында нәпақа тауып жүрген кәсіпкерлердің 10 ай ішінде 11,5 млрд теңгеге сатып алған техникасының саны 996 бірлікке жетті. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 21%-ға көп.

Өңірдегі фермерлерге «ҚазАгроҚаржы» компаниясы жан-жақ­ты көмек көрсетіп келеді. Был­­тыр ли­зингтік бағдарлама аясында 5 млрд 764,8 млн теңгеге 377 техника бір­­лігі алынған. Мұның басым бөлігі тракторлар болды. Айта кететін бір жайт, қарағандылық фермерлердің қо­ла­йы­на әсіресе Беларусь елінде шы­ғары­ла­тын МТЗ тракторы жағады екен: сапасы көңілден шығады, бағасы да қолжетімді. Бұдан бөлек өзіміздің Қостанайда құрастырылатын «Бюлер» тракторына және ресейлік К-700 сияқты алып техникаға да сұраныс жоғары.

Ауыл шаруашылығындағы көліктің төресі комбайн екені белгілі. Былтыр өңір диқандары 28 комбайн сатып алды. Қолы жеткендері америкалық «John Deere» комбайнын алса, таңдаудың басым бөлігі бағасы арзандау «Акрос» және «Вектор» техникаларына түскен. Айт­пақшы, бұл комбайндар Қазақстанда құрастырылады.

Ауыл шаруашылығы жұмыстарына қажетті техниканы жаңалауда Нұра, Осакаров және Шет аудандарының фер­мерлері өзгелерден көш ілгері келе­ді. Мысалы, нұралық кәсіпкерлер жоспар­дағы 120 бірлік техниканың орнына 187-сін сатып алған. «ҚазАгроҚаржы» компаниясы Қарағанды облыстық фи­лиа­лының басшылығы өңірдің шаруалары ауылшаруашылық техникаларын биыл да көптеп сатып аларына сенімді.

 

Қарағанды облысы