Соңғы тәуліктерде облыс «қызыл аймақтың» құрсауында. Сақтандыру бағытындағы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілгенімен, қауіптің бетін қайтару әзірге мүмкін болмай тұр. Қаңтар айында өңірде 3 615 адам індет жұқтырды. Оның 253-і мектеп оқушысы.
Қауіпті дерт қармаған оқушылар, негізінен Көкшетау қаласында. Әзірге облыс орталығындағы 11 мектеп карантинге жабылды. Осы орайда бірден айта кететін ұсыныс, қызыл аймақтың» қатерінен құтыла алмай тұрғанда білім ошақтарындағы оқу-тәрбие жұмыстарын толығымен онлайн жүйесіне көшірсек қалай болады екен? Соңғы тәулікте 20 оқушы індетке шалдықты. Олардың дені мектепке барып білім алып жүрген балалар.
– Барлық білім ошақтары дезинфекциялау жұмыстарын жүргізіп, сақтандыру шараларына мұқият болғанымен, ахуал осындай болып тұр, – дейді Көкшетау қалалық білім бөлімінің әдіскері Гүлнар Жайлауова.
Бүгінгі таңда білім ошақтарындағы жағдай шын мәнісінде алаңдатарлық. Өткен бір айдың ішінде жүзден астам оқушы «жаман тұмау» дертіне шалдығып отыр. Жалғыз оқушылар ғана емес, мұғалімдер де коронавирус жұқтырған.
– Оқу жылы басталғалы 243 оқушыдан коронавирус анықталды, – дейді Көкшетау қаласының бас санитарлық дәрігері Қанат Ысқақов. Талдау жасап қарасаңыз, осы балалардың 26-сы ғана онлайн жүйе арқылы білім алған екен. Қалғандары мектептерде білім алған. Демек, қауіп оқу орнында көп деген сөз. Мысалы, бір білім ошағында дерт жұқтырғанын аңғармаған мұғалім бес бірдей сыныптың оқушысына сабақ берген. Соның салдарынан 100-ден астам оқушы карантинге жіберілді.
Облыс бойынша 38 білім беру мекемесі жабылды. Әсіресе, Сандықтау және Зеренді аудандарында қатерлі дертке шалдығу оқиғалары көп. Сондықтан, қауіп сейілгенше барлық білім ошақтары онлайн жүйесі арқылы жұмыс істесе, жас толқынға деген қауіп-қатер азаяр ма еді деген тілегімізді тағы бір қайталап айтуға тура келіп тұр.
КӨКШЕТАУ