Шымкент қалалық Спорт басқармасының басшысы Олег Почиваловтың қос азаматтығы бар болып шықты, деп хабарлайды Egemen.kz
Бұл деректі қалалық Полиция Департаменті растап отыр. Алайда бұған дейін қала әкімдігі ақпаратты жоққа шығарған еді.
Полиция өкілдерінің мәліметінше, Спорт басқармасының басшысы Олег Почивалов Қазақстаннан басқа екінші азаматтық алуға тыйым салатын заңды бұзған. Сол себепті шенеунік Қазақстан азаматтығынан айырылды.
«Шымкент қаласы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы Қазақстан Республикасының азаматы Олег Владимирович Почиваловтың қос азаматтығы барын анықтады. Азаматтық туралы заңның 21-бабына сәйкес көші-қон қызметі басқармасы одан Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалту дерегін тіркеді», деп хабарлады ПД Азаматтық және иммиграция бөлімінің басшысы Гүлжан Нысанбаева.
Айта кететін жайт, шенеуніктің қос азаматтығы туралы ақпарат бірнеше ай бұрын желіде пайда болған. Онда Почиваловтың Қазақстан және Ресей азаматы екені айтылған.
Алайда сол кезде Шымкент әкімдігінің өкілдері бұл мәліметті жоққа шығарған еді.