• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Ақпан, 2021

Өмірзақ Шөкеев: Жемқорлықпен күресте «бейресми жолды» жою керек

202 рет
көрсетілді

Түркістан облысында жемқорлыққа тап болғандардың үлесі жалпықазақстандық деңгейден төмен, яғни – 7,5% болып отыр.  Азаматтар тарапынан мәселені «бейресми жолмен» шешуге келісім беру 5% - ға азайған. Делдал ретінде көбінесе таныстар (42,0%) және «көмекшілер» (21,5%) келеді екен.

Transparency Kazakhstan қоғамдық қоры жүргізген сауалнаманың нәтижесіне сәйкес мемлекеттік органдарға жүгінген азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа тап болғандарының үлесі 11,3%-ды құраған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 2,1% төмендеген. Мәселені «бейресми жолмен» шешуде қызығушылық білдіргендер – 43,9%, делдалдарға жүгіну – 24,4%-ды құраған. Зерттеу жұмысы Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Даму бағдарламасының қолдауымен іске асырылған. Бұл деректер Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысында келтірілді.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдары мен облыстық басқармалардың басшылары және бейнеконференция арқылы өңірге қарасты қала, аудандардың әкімдері қатысты. Комиссия отырысында «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қоры жүргізген әлеуметтік зерттеудің нәтижелері жарияланып,   «Ашық диалог» порталына келіп түскен шағымдар бойынша жүргізілген сауалнама  қорытындысы бойынша ұсынымдар  ортаға салынды. Алқалы жиында Өмірзақ Шөкеев Мемлекет басшысы қол қойған  «Қазақстан Республикасының  кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына бекітілген өзгерістердің маңыздылығын алға тартып, мемлекеттік қызметтерді ұсынатын мекемелерге барынша халыққа қолайлы әрі сапалы  қызмет көрсетуге басымдық беру қажеттігін  жеткізді. «Жобалық кеңсе жұмыс істеуде, «Ашық әкімдік» бар, мұның бәрі превенция, яғни алдын алу жағынан өте дұрыс бастамалар.  Сондықтан барлық аудандарда ашық әкімшілік ашуымыз керек. Арада жүрген делдалдар бар, осы секілді жолдан тайдыратын «көмекшілермен» күресу қажет. Жемқорлықпен күресте осы «бейресми жолды» жою керек», деді облыс әкімі. Негізінен, «бейресми жол» процесті жеделдету, мәселенің шешілуіне мұқтаж адамның мүддесі үшін және қандай да бір себептермен ресми, яғни заңды жолмен ұсынылмаған қызметті алу қажет болған жағдайда таңдалған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша Департаментінің бірінші орынбасары Мирас Қарғабай БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен іске асырылған зерттеу қорытындыларын жеткізді. Бұл ретте, бір жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықта делдалдардың үлесі 6% - ға өскенін және бұл карантин уақытында түсіндіру жұмыстарының ақсағанымен байланысты екендігін, жергілікті тұрғындары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жәрдемдесуге дайын емес өңірлердің барын атап өтті.

Сондай-ақ жиында «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен 2020 жылы атқарылған жұмыстар баяндалды. Өңірде жемқорлық деңгейін төмендету бойынша бірқатар ұсыныстар тыңдалып, қоғам індетімен күрес шаралары барлық мемлекеттік орган басшысының қызметінде басым бағыттардың бірі болуы қажет екендігі ескертілді.