Цифрландыру жобаларының экономикалық қана емес, әлеуметтік әсері де зор. Мәселен, «Алтыналмас АК» компаниясының «Цифрлы кеніш» бағдарламасын алайық. Бағдарлама өндірісте IT инфрақұрылым құрып қана қоймай, пандемия кезінде республиканың шалғай елді мекендерін жылдам интернетпен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты.
«Цифрлы кеніш» – өнеркәсіпті цифрландыру бағытындағы жетекші жобалардың бірі. Оны 2017 жылдан бастап республикадағы алтын өндіретін жетекші компаниялардың бірі – «Алтыналмас АК» қанатқақты режімде жүзеге асыруда. Жобаның міндеті – жаңа технологиялық кен орнын құру, ондағы өндірістік цикл мен барлық бизнес-процесті толық цифрландыру. Алайда бұл механизмді іске қосу үшін ең алдымен тұрақты, талшықты-оптикалық интернетпен қамтамасыз етілген желілік инфрақұрылым құру қажет-тін. Өйткені диспетчерлік жүйе, өндірістік учаскелердегі интернеттің үйлесімді жұмысы үшін жоғары жылдамдықты Wi-Fi кеңістігі қажет. Сондықтан Huawei компаниясы жобаның негізгі серіктестерінің біріне айналды.
«Цифрлы кеніш» жобасының басты мақсаты – бірыңғай базалы және жүйелі IT ландшафт құру. Оның ішіне сапалы байланыс арналары, серверлік инфрақұрылым, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бизнесті басқаруды дамытуға арналған техникалық қолдау кіреді. Жоба жетекшісі, «Алтыналмас АК» АҚ IT және корпоративтік даму жөніндегі вице-президенті Жанар Аманжолованың айтуынша, «Цифрлы кеніш» аясында жаңғыртылған, диспетчерлік орталықтары бар IT инфрақұрылымы сәтті құрылған.
– Шахталарға Wi-Fi жүргізіп, «Ақбақай» және «Ақтоғай» кен орындары жерүсті Wi-Fi-мен қамтамасыз етілді. Қияқты темір жол стансасынан «Ақбақай» кенішіне дейін ұзындығы 125 шақырым болатын талшықты-оптикалық байланыс желісі салынды. 2019 жылдың сәуір айында «Ақбақай» жобасына жоғары жылдамдықты интернет ұсыныла басталды. Сондай-ақ «Ақбақай» және «Бескемпір» шахталарында 107 жерасты Wi-Fi нүктесі орнатылды. Бұдан бөлек, «Ақтоғай» жобасы үшін карьер, орталық қойма, кен қоймасы, диспетчерлік және басқа да өндірістік учаскелерді қамтитын, жылдамдығы 300 Мб/с тұрақты сигнал беретін 23 нүктесі бар жерүсті Wi-Fi салынды, – деді Ж.Аманжолова.
«Цифрлы кеніш» жобасынан алынған алғашқы нәтижелердің бірі – шығындарды азайту. Осылайша, диірмендегі шар деңгейін өлшеген кездегі регламенттелген тоқтап тұруларды қысқарту нәтижесінде, 2020 жылы алтын шығаруды ұлғайтудан түсетін кіріс 424,7 мың долларды құрады. Idc Energy Insights болжамы бойынша, 2020 жылы жабдық өндірушілер, инженерлік қызметтер және веб-сервистер мен IT-серіктестер арасындағы экожүйе ынтымақтастығының нәтижесінде тау-кен компаниялары инвестициялардың өтелу уақытын 20 пайызға қысқартқан.
– «Цифрлы кеніштің» жұмысы қатаң шектеулер кезінде бір күнге де тоқтаған жоқ. Пандемия және карантин режімі кезінде учаскелерді қашықтан басқара алдық. Карантин енгізілгеннен кейін кен орнына бару немесе қызметкерлерді шығару мүмкін болмағаны белгілі. Алайда жедел іске қосылған жүйелер арқылы жұмысты бас кеңседен басқарып, бақылай отырып, қашықтан жұмыс істеу режіміне көшірілді. Ал қызметкерлер сол жерде отырып-ақ отбасымен хабар алмасуға мүмкіндік алды. Сапалы интернет байланысы барлық жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етті. Оларды бақылау да үзілген жоқ. Сөйте тұра, компанияның барлық қызметкері қашықтан жұмыс істеуге көшірілді. Олар әлі де осы режімде еңбек етіп жатыр, – дейді Ж.Аманжолова.
Жобадағы негізгі қиындықтың бірі – нысанның халық аз қоныстанған ауданда орналасқаны. Жоба басталғанға дейін жергілікті тұрғындар мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандары мүлдем байланыссыз болды. «Ақбақай» және «Ақтоғайдағы» инфрақұрылым аясында компания жақын маңдағы елді мекендер үшін де интернет арналарын таратты. Осылайша, жергілікті тұрғындар айтарлықтай әлеуметтік қолдауға ие болды. Сонымен қатар әкімдіктер, медициналық пункттер, балалар мекемелері және тағы басқа нысандар да интернетпен қамтамасыз етілді. Пандемия кезінде білім беру мекемелеріне бара алмайтын жастар мен мектеп оқушыларына қашықтан білім алуға мүмкіндік берілді. Байланыс операторлары желі жүргізуге құлшыныс танытпағандықтан, мұның барлығын компания өз есебінен жасады.
Ж.Аманжолованың айтуынша, іске асырылған барлық шаруа ең алдымен адамның қол еңбегін жеңілдетуге, күнделікті операцияларды алмастыруға бағытталған. Сонымен қатар өнеркәсіптік қауіпсіздікті және жергілікті жерлерде еңбек жағдайын қорғауды да қамтамасыз етеді. Мысалы, «Ақбақай» және «Ақтоғай» кеніштерінде смартфон/планшеттің көмегімен еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және тағы басқа салалардағы ереже бұзушылықтарды тіркеуге әрі қадағалауға мүмкіндік беретін нұсқау модулі іске қосылды. Болашақта компанияның стратегиясы деректерді талдау және олардың негізінде шешімдер қабылдау жұмысын қамтымақ.
Болжам бойынша 2022 жылға қарай тау-кен кәсіпорындарының 30 пайызы 5G, LTE, спутниктік және тіркелген желілер арқылы үйлестірілген стратегияларын әзірлейді және инвестициялайды деген жоспар бар. Сондай-ақ осы уақыт ішінде ірі тау-кен өндіруші компаниялардың 60 пайызы цифрлық өндірістік инновациялық орталықтарға ие болады деп күтілуде. Бұл болжамдардың барлығы да «Алтыналмас АК» жобаларының стратегиясында көрсетілген. Бұл шығындарды 20 пайызға қысқартып, кен өндіру компанияларының барлық саласындағы барлау, өндіру, тасымалдау, ұсақтау, қайта өңдеу, қалдықтарды басқару және түпкілікті өнім шығару сияқты операциялық жұмыстардағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді деп болжанып отыр.
«Алтыналмас АК» компаниясы жүргізген зерттеу нәтижесінде әлемде көптеген компаниялар R&D-ға (ғылыми-зерттеу қызметіне) инвестиция салатыны анықталды. Жер-жаһандағы 2 500 ірі компанияның 51-і Industrial Metals&Mining секторына кіреді. Сөйте тұра, R&D шығындары бойынша тізімдегі алғашқы 20 компания Қытай Халық Республикасына тиесілі. Олардың шығындарының ең жоғары көрсеткіші кірістің 5 пайызын құрайды. «Алтыналмас АК» R&D шығындары 2018 жылғы 1,21 пайызға тең болса, 2020 жылы көрсеткіш 3,07 пайызға дейін өсті. Алдағы уақытта көрсеткішті арттыру тренді жалғаспақ.