Тоқсаныншы жылдардың тоқырауына тап келген біздің балалық сығырайған қоңыр шамның қолтығында есейді. Күндізгі ауыл тіршілігі, қабырғасына қар қатқан суық сыныптар, қытайдың ала қабын арқалап нәпақа терген ата-аналар, бүкшеңдеп, күні бойы оттың басынан бір ұзамайтын кәрі әже, бәрі-бәрі кешкісін қою іңірдің құшағына құлайды. Жал пешті жағалай жайылған дастарқан басында шай ішіледі.
Әрине, шайдан кейін азырақ сейіл көңілге кезек өтеді. Ондайда әкеміздің қара домбырасына қол жалғай қоямыз. Абай, Мұқағали әндерінен кешкі концертке кезек келді деген ишара. Әкеміз де еш бөгелместен «Көзімнің қарасынан» басталған кешкі концертті өз кезеңінде «Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты – Мұқағалидің» сөзіне жазылған әндерге жалғас ұзақ шырқайды. Біз де сабағымызды орындап отырып «Нұр жауып тұрған көктемге» көңіл құсын ілестіреміз. Лирикалық әндер біртіндеп ақынның соңғы жылдарында жазған мехнатты жырларына жалғасады.
...Жоқ! Дәрігер! Қозғама,
дамылдасын.
Әрбір жүрек өзінің кеудесінде! – деп ән керуені әудем жер барып тоқтайды. Бала болсақ та ақын тағдырына алаң жүрегіміз жүдеп-ақ қалады сонда...
Уақыттың әжептеуір жерге барып қалғанын әлгі қоңыр шамның күйелеш пияласынан білеміз. Жалғыз шамнан төгілген жарықты төңіректеген біздің қолымызда сонда Мұқағалидің кішкене сарғыш кітабы «Өмір-Өзен» болар еді. Әр парағы ыстық, әр сөзі жап-жарық. Көкірекке бірден құйыла кететін өзен суындай шапшаң, тұщы, кәусар поэзия өз-өзінен санаға қаттала қалады, жаттала кетеді. Ең құдіреттісі – бұл кітап кейін біз көрген қазақ шаңырақтарының түгелінде дерлік бар екенін білдік. Қазақ сахарасының қай қиырына бармаңыз, алдыңыздағы бес-алты кітаптың ішінен қайран Мұқаңның сол «Өмір-Өзені» қарсы алады.
Кейін ғой, кітап оқылмай кетті дейтініміз. Сол кездерде қолына кітап ұстап көрмеген бала да Мұқаңнан бір өлең жатқа оқушы еді. Осыдан он шақты жыл бұрын ару шаһар Алматыға сапарлап барған бір ақын бауырымыз Жазушылар одағының кітап дүкеніне бас сұға қалса, бос сөрелері көп дүңгіршектің төрінде Мұқағалидің ғана кітабы тұрғанын айтып келді.
Жанымыздағы ақын досымыз: «Кітап өлді!», деді күйініп. Біз «Шіркін-ай!», деп тамсандық! Әрине, сол бос сөрелерде кешегі Кеңшілік Мырзабектерден бастап, бүгінгі Батырхан Сәрсенхандарға дейін самсап тұруы керек екені рас. Бізді тамсандырған Мұқағалидің жарық жұлдызы еді!
Кейін заман көші өрге жылжыды. Өшкен шам жанды, «Өмір-Өзендер» жаңа тираждармен қайта басылып жатты.
Дегенмен ақын өзінің күнделіктерінің бірінде жазғандай:
«Сол бір үйде оқшау тұрған көшеден,
Жылай-сықтай күнелткенмін кеше мен...», деп біз де сол үйден, сол ауылдан ұзап кеткелі қашан? Түнеу күні барсақ қоңыр шам сарайдың бір бұрышында көмескі жылдардың көне жәдігеріне айналған қалпы қисайып елеусіз жатыр. Қоңыр шамның қожайыны – кәрі әжеміз де бақиға аттанған. Әкеміздің кітап сөресінен «Өмір-Өзенді» қолымызға аламыз. Бір түрлі жабырқаулы, ескі парақтары естеліктерге тұтқындалып қалғандай көп ашылмаған. «Ең бірінші бақытым – Халқым менің!» деген жолдарға көзіміз түседі. Ақынның халқы – ең әуелі оны сүйіп оқыған оқырмандары емес пе? Жылдар көшінің тоқырағанына, қоғам қабырғасының қақырағанына қарамастан біз Мұқағалиды оқып өскен өкілдер едік. Өмірдің өзені тоқтап тұрмайтыны белгілі... Біз де есейіппіз. Балалығымыздың базарындай қара шаңыраққа қонаға келіп қалаға қайтатын көлікке асыға отырып жатырмыз. Есік алдында «Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда!» деп әкеміз бен анамыз немерелерін, Мұқағалидың ендігі жас оқырмандарын құшақтап сүйіп жатыр.
Ақын сүйген халық, ақын сүйген қазақ – осы ауыл, осы қара шаңырақ қой!..