• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 09 Ақпан, 2021

Жолдама жолындағы жарыстар

295 рет
көрсетілді

Биылғы жылдың басты спорттық бәсекесі саналатын Токио Олимпиадасының басталуына да небәрі жарты жыл уақыт қалды. Дәл қазіргі жағдай бойынша Қазақстан қоржынында Токио Олимпиадасының 42 жолдамасы бар. Дегенмен әлі де өз иесін таппаған бірқатар Олимпиада лицензия­сы да бар. Былтырғы ғаламдық пандемияға байланысты Токио Олимпиадасына іріктеу турнирлерінің жарыс кестесіне біраз өзгеріс енгені баршаға белгілі. Жуырда Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті жерлестеріміз жолдама үшін сынға түсетін бірқатар жарыс тізімін жариялады.

 

Бокстан Қазақстан әйелдер командасы қазір мүмкін болған бес жолдаманың тек біреуіне ғана иелік етуде. Қалған төрт ли­цензияның тағдыры маусым айында өтетін Париждегі турнирде шешілмек. Бас бапкер Ерік Алғабектің айтуынша, Олимпиада салмағындағы бұрымды бес бокс­шы Мажарстанда өтетін халық­аралық турнирде бақ сынамақ. «Кейін Түркияда төрт мемлекеттің қатысуымен бірлескен жаттығу жиынына қатысу жоспарда бар. Ал 5 маусымда Парижде әлемдік іріктеу турнирі басталады. Сол бәсекеге 51, 57, 60 және 69 кило салмақтағы боксшыларды апарамыз. Әзірге, іріктеу сынына нақты кімдердің баратыны анықталған жоқ. Әлі уақыт бар, бапкерлермен ақылдаса келе шешетін боламыз», дейді Ерік Алғабек.

Таэквондодан Токио Олим­пиадасының жолдамасы Халық­аралық федерацияның (World Taekwondo) арнайы рейтингі бо­йынша үлестіріледі. Яғни ерлер мен әйелдер арасындағы Олим­пиадалық сал­мақ бойынша әлемдік рейтингте үздік ал­ты­лыққа енген спортшылар ті­келей ли­цензияға иелік етеді. Өкі­нішке қарай, Қа­зақстан командасы мүшелері рейтингте алтылық қатарынан көріне алма­ғандықтан, енді олар Иорданияда өтетін қосымша Азия аймақтық іріктеу турнирінде лицензияға таласып көреді. Таэквондодан Қазақстан командасы төрт салмақта жол­дамаға таласады. Әйелдер ара­сын­да Фариза Алдоңғарова (49 кг), Жансель Дениз (+67 кг), ерлер ара­сында Қайрат Сарымсақов (68 кг) және Руслан Жапаров (+80 кг) сын­ға түседі деп жоспарлануда.

Күрес түрлерінен Азия аймақ­тық ірік­теу турнирі 9-11 сәуір күн­дері Алматыда, ал әлемдік ли­цензиялық жарыс 6-9 ма­мыр күн­дері Болгарияның София қала­сында ұйымдастырылады. Бүгінде алты салмақтың төртеуінде жол­дама алған еркін күрес шебер­лері қалған екі салмақтағы ол­қылықты толтыруға ниетті. «Қа­­­зақстан құрамасының алға қой­ған мақсаты – жолдаманы түгендеу. Сәуір айында Алматы қа­­ласында құрлықтық іріктеу турнирі мен Азия чемпионаты өтеді. Қазіргі таңда бізде еркін күрестен Олимпия ойындарына төрт жолдама бар. Енді қалған екі салмақ дәрежесінде, атап айтар болсақ, 86 және 125 килоға дейінгі салмақта жол­даманы еншілесек, Олимпиадаға ұпа­йымыз түгел­денеді. Соңғы мүмкіндікті қолдан жібермес үшін барымызды салып, дайындаламыз», дейді бас бапкер Әсет Серікбаев.

Халықаралық семсерлесу фе­дера­циясы (FIE) ұзақ үзілістен соң Олимпия ойындарына іріктеу турнирін бастамақ. Атап айтар болсақ, әлемдік ұйым жекелеген қару түрлері бойынша лицен­зия­лық жарыстардың қайда өтетінін мә­лімдеді. Бас бапкер Алексей Писцовтың пікірінше, қазақстандық шпагашылардың лицензияға ілігетін мүмкіндігі жоғары. «Шпагамен семсерлесуден лицензиялық Әлем кубогы кезеңін Ресейдің Қазан қала­сы қабылдайды. Ерлер мен әйелдер арасындағы аталған сын 19-23 наурызға жос­парланған. Ал сәуір айының ортасында Азия аймақтық Олимпиадаға ірік­теу турнирі өтеді. Бірақ бұл бәсекенің нақты қай елде ұйымдастырылатыны әлі анықталған жоқ. Саблядан ерлер мен әйелдер арасындағы Гран-при турнирі 10-14 наурыз аралығында ұйымдастырылады. Шпагадан команда үздіктерінің бірі Рус­лан Курбановтың Токио ойындарына қатысу мүмкіндігін 95 пайызға баға­лаймын. Соңғы турнирде жақсы өнер көр­сетсе, лицензия қоржынға түседі. Одан бөлек, 14-15 сәуірде Оңтүстік Кореяда өте­ді деп жоспарланған Азия ай­мақтық іріктеу турнирінде сабляшы қыздар мен шпагадан Ульяна Балаганскаяның жолдама алатын мүмкіндігі бар», дейді Писцов.

Нысана көздеуден Қазақстан құрамасы жаңа маусымда бірнеше турнирге қа­тысуды көздеп отыр. Ал жылдың ең ал­ғашқы жарысы – командалық есептегі ел чемпио­наты. «Жоспар әдеттегіден аса қатты өзгерген жоқ. Алдымен командалық есептегі Қазақстан біріншілігін өткіземіз. Содан соң біздің спортшыларды Әлем кубогы күтіп тұр. Үндістандағы Әлем кубогы кезеңінде рейтингке сәйкес тағы да лицензиялар ойнатылады. Сондай-ақ Оңтүстік Кореяда өтетін Әлем кубогы кезеңіне шақырту алдық. Әрі қарай Токиода өтетін бақылау жарысы бар. Аталған сынға тек қана жолдама алған спортшылар қатыса алады. Жаңа маусым өте қарқынды әрі жемісті өткелі тұр. Әлем кубогының та­ғы бір кезеңі Олимпиада қар­са­ңында ұйымдастырылады. Бұл тур­нир­дің барлығы да Ха­лық­аралық федерацияның күн­тіз­бесінде тұр. Ендеше, бәрі сәті­мен өтеді деген сенімдеміз», дейді команда бас бапкері Ольга Довгун.

Стенд атудан Қазақстан командасы алғашқы оқу-жаттығу жиынын Түркияның Конья қаласында өткізіп, Марокконың Касабланка қаласына аттанды. «Бұл мемлекетте 9-27 ақпан аралығында дайындалып, кейін лицензиялық Әлем кубогына қатысу үшін Мысырға сапар шегеміз. Каирдегі Әлем ку­богы кезеңі ақпанның 26-сы мен наурыздың 6-сы аралығында өтеді. Әлем кубогының лицензия тарататын соңғы кезеңі Үндіс­танның Нью-Дели қаласында ұйым­дастырылады. Әрине, біз­дің команда спортшыларының Олим­пиадаға жолдама алатын мүмкіндігі бар. Бірнеше спортшыдан үміт күтіп отырмыз», дейді бас бапкер Сергей Колос.

Айта кетелік, стенд атудан Қа­зақстан командасының мүшесі Әсем Орынбай жол­дамадан үміт­ті спортшылар қата­рын­да. Ол қаң­тардың аяғында өткен онлайн Азия чемпионатында топ жарған болатын.