«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ деректері бойынша ауа райының нашарлауына байланысты (көктайғақ, қар аралас жаңбыр, бұрқасын, шектеулі көріну) еліміздің сегіз өңірінде – Нұр-Сұлтан қаласындағы, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарындағы республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда автокөліктің барлық түрі үшін қозғалыс жабылды. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.
«Азаматтарды ауа райының өзгерістерін бақылауға шақырамыз. Дауылды ескерту туралы хабарламаларды тыңдап, қажетті сақтық шараларын қабылдаңыздар. Қыс маусымында көлікпен алыс жолдарға шықпас бұрын, ауа райы болжамын міндетті түрде зерделеген жөн. Егер қатты боран, бұрқасын болса, жол кептелісінде ұзақ тұрып қалуыңыз мүмкін. Тіпті жол-көлік оқиғасына да тап болуыңыз ықтимал. Егер қандай да бір елді мекенге шұғыл бару керек болса, діттеген жерге кедергісіз жету үшін темір жол көлігін пайдалануға кеңес береміз. Төменде келтірілген қарапайым ұсынымдарды орындасаңыз, боран болған кезде және бораннан кейін аман қалуға көп септігін тигізеді. Қыста жолға шығар алдында мұқият ауа райы болжамын зерделеңіз, қозғалыс үшін қандай жолдар жабылуы мүмкін екенін анықтаңыз», делінген хабарламада.
Сонымен бірге ақпаратты «Қазавтожол» ҰК» сайтында толығымен жабық учаскелердің картасын көруге болады. 1403 бірыңғай телефон нөмірі немесе құтқару қызметінің «112» телефон нөмірі, сондай-ақ «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы нақтылауға болады. «112» қызметінен ресми дауылды ескерту алған жағдайда елді мекендерден және жолға шығудан бас тарта тұру қажет. Шұғыл қызметтер автомобильдерді лекпен ілесіп жүруге шешім қабылдаған жағдайда жол қозғалысы ережелерін сақтаңыз; ілесіп жүретін шұғыл қызмет белгілеген жылдамдық режімін сақтаңыз; өткізу пунктінен шыққан автомобильдің артынан ілесіңіз және оны басып озбаңыз; алдында келе жатқан автомобильдің арасындағы қашықтықты сақтаңыз; алдағы автомобильдерді басып озуға болмайды; айналадағы қозғалысқа мән беріңіз.