• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 11 Ақпан, 2021

Елдік мұраты

236 рет
көрсетілді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласындағы «Қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды» деген пікірі барша қазақстандықтардың көңілінен шықты деп ойлаймын. Президент айтқандай, бұл тақырып талқылауды қажет етпеуі керек.

Тәуелсіздікті қор­ғауға, сақтауға елім, жерім дейтін, әр­бір азаматтың үлес қосуы – міндет. Осы орайда ғылыми, әдеби, мәдени, та­ри­хи тұрғыдан дәлелді айтары бар ел аза­мат­тарының пікірі­не мән беріп, көр­шілес елдерге де құлаққағыс жасап отырсақ, құба-құп болар еді.

Аталған мақала арқылы ұлты­мыздың өткеніне тәуелсіз көзқарас­пен қарайтын ғалымдарымыз бен тарихшыларымызға бұл бағытта ауқым­ды жұмыс істеу тапсырылды.

Қырық жыл мектеп басшысы болып іс­теген тәжірибемде осы тақырыпқа қа­тыс­ты басымнан өткен бір-екі оқиға есіме түсіп отыр. Осыдан он шақты жыл бұрын Ресейдің Самара қаласында үл­кен конференция ұйымдастырыл­ды. Со­ған мектептегі екі мұғаліммен бірге ар­найы шақыртумен қатыстым. Сол жиын­да бір келеңсіз жағдайға тап болдық. Кон­фе­рен­цияның кешкі отырысында соңғы сөз осы елдегі бір уни­верситеттің рек­торы­на берілді. Ол конференцияның та­қы­рыбынан ауытқып, Қазақстандағы орыс этносын құтқару керектігі тура­лы өтірікті шындай етіп, біраз сөз сөй­леді. Тек модератордың мазасызданып, Қа­зақ­станнан делегаттар келіп отыр­ғанын ескерткеннен кейін барып сөзін аяқтады.

Келісім бойынша сөз маған да берілуі керек еді. Модератордың маған қарап, «сіз сөйлейсіз бе?» деген сұрағы­на орай: «Әрине, сөйлеймін. Жаңа ғана жүздеген адамның көзінше менің еліме айтылған жалған кінәні арқалап Қазақстанға кете алмаймын», дедім. Мен мінберге жеткенше модератор мен басшылық ететін мектеп, менің Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі екенім туралы, біздің шақырылуымыз кездейсоқ еместігі, халықаралық сарап­шылардың қорытындысымен мек­тептің «брендтік» деңгейге жет­кені, жақында Самара, Тольятти қалаларынан 20 мектеп басшысының Орал қаласындағы біздің мектеп-интернатта болып, өз көздерімен көріп, жетістіктерін баға­лап кеткендері жайында айтып, бізді қос­тайтындай ишарат білдірді. Осылай­ша залда отырған адамдарды оң нотаға даярлағандай болды.

«Құрметті әріптестер, Ресейде Жиринов­ский жалғыз деп ойлаушы едім, алайда екінші «Жириновскийді» Сама­радан кездестіріп отырмын», деп әрі қарай еліміз туралы айтылған айып­тау­лардың жалғандығын, бұған дейін сөйлеген ректордың сөзі ха­лық­тар арасындағы достыққа іріткі салу әрекеті екенін жеткіздім. Дәлел­ді ойларымды сабырмен айтып шық­тым. Конференция жұмысына қаты­сып отырғандардың көбісі мені қолдай­тын­дарын сезіндім. Әр сөзімді нық айтып, қызараңдап отырған әлгі ректорды бір сәт көзден таса қылмадым. Сөзімді аяқтағанымда залда отырғандар қол шапалақтап, қолдау білдірді.

Сол сәтте өзімді ел намысын қор­ғауда жеңіске жеткен адамдай сезіндім. Таныс әріптестерім келіп, ректор­дың жалған сөзіне көңіл аудармауды сұрап жатты. Сол сыйластық күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Осылайша Мемлекет басшысының «Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді» дегенін өмірде кездесіп жататын түрлі жағдайларда Отанымызды әртүрлі әдіспен қорғауға дайын болуымыз керек деп түсінемін. Ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен мыңдаған жыл бойы қорғап келген кең-байтақ жерімізді көзіміздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Халқымыздың намысына тиетін арандатушылықтарға жауабымыз әрқашан дайын болуы қажет деп ойлаймын. «Аққа Құдай жақ», дегендей, халқымыз өзінің бауырмалдығының, қайырымдылығының, кең пейілді­лігінің арқасында тарихта талай этнос­тың алғысына бөленгені ақиқат.

Мемлекеттік тіл – тәуелсіздіктің бір нышаны! Президент мақаласында мем­лекет тілдің әлі күнге төрге шыға алмай отырғанына алаңдайтынын ай­рық­ша атап өтті. Қазақ тілін әлі жетік меңгермеген отандастарымызға үндеу тастады. Осы орайда Кеңес Одағы кезінде Орал қаласында жалғыз қазақ мектебінің болғаны белгілі. Сол кезде ата-аналар қазақ мектептерін ашу жөнінде талай талап-арыз бергендері есімізде. Қаланың бірден мектеп ашатын мүмкіндігі болмады. 1989 жылы Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының басшысы Қ.Юсипов мектеп директорларынан қазақ сыныптарын ашуды қайта-қайта талап еткенмен, білім ошақтарындан жағдай бола қойған жоқ. Ата-аналар балаларын орыс мектебіне қазақ тілін үйренбейді деп бергілері келмеді. Қазақ тіліндегі жеке мектеп ашуды талап етті.

Сол тұста біздің №20 мектепте оқу­шы­лар үш ауысыммен оқитындықтан, 1990 жылы 1 қыркүйекте Батыс Қазақ­стан Ауыл шаруашылығы инсти­туты­ның ректоры С.Джубаевпен келісіп, осы институттың екі аудиториясында қазақ сыныптарын аштық. Осы мектепте К.Кенжалиева мен Д.Ақболатова есімді ұстаздар болды. Мұғалімдер ата-аналардың қалауымен конкурс арқылы қабылданды. Оқушылардың білім сапасын бақылауда ұстап, қолдан келген көмегімізді аяған жоқпыз.

Сонау 90-жылдары облысымызда барлық құрылыс тоқтап тұрған тұста менің Орал қаласы мәслихатының депутаты ретіндегі ұсынысымның негі­зінде №30 мектептің әсем ғи­ма­раты салына бастады. Мектеп құры­лысы жүріп жатқан кезде институт қабырғасындағы сыныптар уақытша балабақша ғимаратына,  кейін құрылыс аяқталған соң М.Ғабдукенқызы бас­қар­ған және оның қалыптасуына еңбегі сің­ген №30 мектепке ауысты. Бұл игі ісіміз ата-аналар тарапынан риза­шы­лық тауып, қазақ тілін дамытуға аз да болса үлес қосқанымызды мақтан тұт­тық. Елбасымыз тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы күндерінен бастап ана тіліміз­ді дамытуға баса мән беріп, қолай­лы жағдайлар жасалып, тиісті заң шығары­лып, қазақ мектептері көптеп ашылды. Орал қаласының өзінде қазақтілді мектептердің үлесі арта түсті.

Дегенмен, Президент өз мақаласын­да мемлекеттік тілдің әлі де болса шешімін таппаған мәселелеріне алаңдайтынын жет­кізді. Шынында бұл мәселенің ше­шімін табу елін сыйлайтын, өзін ел­дің патриоты деп есептейтін әрбір қазақ­стан­дыққа қатысты деп ойлаймын. Биыл елі­міздің Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Прези­денті­міздің ма­қаласында жазылған өте өзекті жер мен тіл туралы мәселелерді шешу­дегі ұсыныстарын қолдай отырып, көп­жылдық тәжірибемнің кейбір кезең­дерін еске түсіріп, мүмкін жастары­мыз­дың бір кәдесіне жарап қалар деген үмітпен өз ойларымды назарларыңызға ұсындым.

 

Асқар АҚЫШЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері