Қазақстанның негізгі орнитологиялық аумақтарының бірі Қаракөл көлінде 55-нші International Waterbird Census (IWC) Халықаралық суда жүзетін және су маңайы құстарының қысқы санағы жүргізілді.
Жас «бёдвочерлермен» (құстарды бақылаушы) бірге облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің, Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының, «Табиғи орта» Батыс Қазақстан ҮЕҰ өңірлік ассоциациясы мен «Ecojer» қазақстандық экологиялық аймақтық бастамалар қауымдастығы Өңірлік кеңесінің өкілдері атсалысты.
Іс-шараны ұйымдастырушы Орталық Азия Рамсар өңірлік бастамасы (ОА-РӨБ) үйлестіру комитетінің мүшесі, «Қаракөл сақшылары» еріктілер экопатруль жасағының жетекшісі Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, биыл осы акция ең алдымен суда жүзетін құстардың тіршілік ету орны ретінде халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар туралы конвенцияның (Рамсар конвенциясы) 50 жылдығы қарсаңында өткізілді.
– Қаракөл көлінде жылдың әртүрлі мезгілінде суда жүзетін және су маңайы құстарының 175-ке дейін түрі мекендейді. Оның ішінде 20-дан астамы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Бұлар – сұңқылдақ аққу мен кіші аққу, бұйра және қызғылт бірқазан, сары, мысыр және кіші аққұтан, қоқиқаз, жалбағай, қарабай, ақбас үйрек, аққұйрықты субүркіт және тағы басқалар, – дейді Ә.Қозыбақов.
Сонымен қатар ол «Қаракөл сақшылары» еріктілерінің қазіргі таңда қандай мәселелерді шешу үшін жұмыстанып жүргендеріне тоқталды.
– Сулы-батпақты алқапты санитарлық тазартудан, құстар санағын өткізуден және халыққа түсіндіру жұмыстарынан басқа, біз бақылау мұнараларын орнатып, экологиялық соқпақтар салып, «Қаракөл көлі» экологиялық-ағарту орталығының тұжырымдамасын жасауға бастамашылық білдірудеміз. Қаракөл көлін экологиялық туризм нысаны ретінде тұрақты пайдаланбағандықтан, Үстірт қорығының инспекторларына көл жағалауының өндірістік және тұрмыстық қалдықтармен ластануын, балық пен құстың браконьерлік аулануының алдын алу қиынға түсіп тұр. Ұйымдасқан туризм, оның ішінде оқушылар мен студенттердің Қаракөлге оқу және зерттеу мақсаттарымен келіп тұруы «жабайы» туристер мен браконьерлерді үркітетіні анық, – деді ОА-РӨБ үйлестіру комитетінің мүшесі.
Сонымен, Қарақия-Қаракөл мемлекеттік зоологиялық қаумалының бөлігі Қаракөл көлінде жүргізілген 55-нші IWC санағы мынадай нәтиже берді: сыбырлақ аққу – 5 500 дарақ, айдарлы қара ала үйрек – 3 500, қасқалдақ – 2 мың, түрі белгісіз үйректер – 4 мың, боз шағала – 200, өгіз шағала – 18 дарақ.
Ақтау қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалімі, ҚБСА «Жасыл әлем» Ақтау клубының жетекшісі Бақытгүл Жақсылықова бұл жолы Қаракөлде бірде-бір қоқиқаз кездеспегенін жеткізді. Оның пікірінше, соңғы кезде қоқиқаздарды ұшқышсыз ұшатын аппаратпен түсіру жиілеп кеткеніне байланысты сезімтал құстар квадрокоптершілер тез тауып алатын жерлерден аулақ кетуге мәжбүр болды.
– Қаракөл көлі – Ақтау қаласы мен маңындағы елді мекендер үшін жылу және электр қуатын беріп, теңіз суын тұщытып отырған «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС өндірістің табиғатқа оң әсер тигізудің бірегей үлгісі болып отыр. Құстардың қысқы санақтарына біз 2016 жылдан бері жыл сайын қатысып жүрміз. Бұны өскелең ұрпақ үшін кәсіби бағдар ретінде де қарастыруға болады. Себебі өңірімізде орнитологтер, зоологтер және биолог мамандары тапшы, – деді Б.Жақсылықова.
Жас «Қаракөл сақшылары» қыстың әдеттегідей емес, жылы және ашық күні Қаракөлдің құстарын санау өздері үшін оң әсерін тигізгенін айтты. Сулы-батпақты алқапты сақтап қалу және Қаракөл көлінің құстарына қолайлы жағдай жасау олар үшін оңай емес болса да абыройлы миссия екенін жеткізіп, туған жердің табиғаты үшін мақтаныш сезімін оятатынын жеткізді.
Сонымен, қоқиқаздар қайда кетті? Табиғат аясында демалуды құс атып, жағалауға қалдықтар қалдырып, аппараттармен құстарды суретке, видеоға түсіру секілді жеңіл көңіл көтерумен шатастыратындардың кесірі тиіп, жылы орнын суытуға мәжбүр болды ма?
Маңғыстау облысы