• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Ақпан, 2021

Мүмкіндігі шектеулі жандарға берілген мүмкіндік

521 рет
көрсетілді

Осыдан біраз уақыт бұрын Тараз қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Асар» оңалту орталығының құрылысы басталған. «Асар» Жамбыл облысының мүгедектермен жұмыс істейтін ұйымдар одағы» Заңды тұлғалар бірлестігіне арналған оңалту орталығының құрылысы көне шаһардағы «Мамыр» тоғайындағы жасыл желектің арасында жүргізілуде. Орталық екі нысаннан тұрады.

 

Тараз қаласының әкімі Айт­қазы Қарабалаевтың айтуынша, орталықтағы осы және өзге де жұмыстар жергілікті кәсіп­керлердің көмегімен жүзеге асуда. Олардың бірқатары қайтарымсыз негізде құрылыс материалдарын жеткізіп берсе, енді бірі қаржылай қолдау көрсетіп келеді.

Бұл бастама өңірдегі мүм­кіндігі шектеулі жандарға жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Негі­зінен «Асар» ЗТБ жұмысын демеушілер есебінен жүргізеді. «Орталық негізінен мүгедек балаларды оңалту және бейімдеумен айналысады. Өткен жылы 5 бала жалпы білім беретін мектепке барса, тірек-қимыл аппараты бұ­зылған 17 бала жүре бастады. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бизнес-инкубатор ұйымдастыру да жоспарлануда. Қоғамдық бірлестіктер оларды бүгінгі таңда сұранысқа ие мамандықтарға оқытып, одан әрі жұмысқа орналастыруға ниетті. Біздің басқарма олармен мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Ол үшін бюджеттен ақша қарастырылатын болады», дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқар­ма­сы­ның басшысы Жорабек Бау­беков.

«Асар» ЗТБ-ның басшысы Руслан Төлегенов орталық физиотерапия, зоотерапия және бизнес-оқыту сияқты үш бағыт бо­йынша жұмыс істейтінін жет­­кізді. Ол негізгі мақсат – бар­­лық тиісті үкіметтік емес ұй­ым­­дарды біріктіру, олардың күш-жігерін, бюджеттік және демеу­­шілік қаражаттарын ар­тық шығындамау, бір-бірін қай­таламау, мүгедектер өмірінің мә­селелерін шешу, оларға жан-жақты қолдау көрсету екенін де айтты. «Біз келген адамның ең әуелі қаншалықты қабілетті екендігін анықтаймыз. Содан кейін оны стационарға немесе кәдесыйлар жасау шеберханаларына жұмысқа жібереміз. Сондай-ақ оларды өз бизнесін ұйым­дастыруға және жүргізуге үй­ретеміз. Жұмысымызды осы бағытта жүйелей түскіміз келе­ді. Бұл тұрғыда біздің мемлекет «Мүгедектерді оңалту» ба­ғыты бойынша жұмыс іс­тейтін қоғамдық ұйымдардың қызметкерлеріне әлеуметтік қызметкерлер мәртебесін берсе екен деген тілегіміз бар. Бізде грант­тарға алынған 3D станок­тарға дейінгі әртүрлі өндірістік жабдықтар бар. Бұрын оларды ұйымдастыруға мүмкіндік беретін бөлмелер жоқ болатын», дейді Руслан Төлегенов. Осылайша, мүмкіндігі шектеулі жандарға мем­лекет тарапынан тиісті қол­даулар да қажет болып отыр.

Сонымен қатар оңалту орта­лығында тұрақты күтімді қа­жет ететін мүгедектердің туыс­тарына психологиялық және практикалық көмек көрсету бағдарламасын іске асыру жос­парлануда. «Мүгедектер бізге келіп-кетіп жүреді, ал ата-аналары мен жақындары олармен үнемі бірге. Олар бір-бірін қаншалықты жақсы көргенімен, бәрібір физикалық және эмоционалды шаршау болмай тұрмайды. Біз оларға сәл уақытқа болса да ауыртпалықтан арылуға көмек­тесеміз. Мысалы, жақында ға­на бір әйел бізге қоңырау шалып, күйеуінің мүгедек болып ту­ған баласын мойындағысы келмейтінін жеткізді. Біз отбасын­дағы тыныштық пен татулықты қалпына келтіру үшін де көптеген психологиялық жұмыстар жүр­гіздік», дейді орталық басшысы. Бұл жұмыстар әрі қарай өз жалғасын табады.

Алайда аталған орталықта шешілуі тиіс мәселелер де бар екен. Жуырда ғана облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Асар» орта­лығына келіп, аталған мекемеге жұмысқа келетін мамандардың арасында массажист жоқ екен­дігін айтқан еді. Сөйтіп бұл мәсе­лені көру қабілеті нашар адам­дарды оқыту арқылы шешуге болатынын айтып, Тараз қала­сындағы медициналық коллед­жінен мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан массажистерді дайындайтын арнайы топ ашуды тапсырған. Сондай-ақ облыста мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған бірде-бір монша жоқ екендігі айтылып, бұл мәселе де шешімін табатын болды. Егер мұның бәрі ретімен жүзеге асатын болса, өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандарға тағы да жаңа мүмкіндіктер беріледі.

 

Жамбыл облысы