Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстанда әйелдерге күш көрсету оқиғаларының көбейгені байқалып отыр. Осы орайда Түркістан облысының ауыл-аймақтарында тұратын әйелдерге цифрлы және гендерлік құқықтар бойынша онлайн тренингтер өткізілді.
«Qolda 2.0» шұғыл көмек бағдарламасы аясында «Заң талабы» құқық қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған тренингтерге 50 қыз-келіншек қатысты. Қатысушылардың дені Түркістан, Арыс, Шардара, Сарыағаш, Жетісай, Түлкібас, Сайрам, Төле би, Мақтаарал аудандары сынды шалғай өңірдің тұрғындары.
«Қазір ажырасу процесі жүріп жатыр. Сондықтан маған сот кеңсесінің платформасын пайдалануды үйрену керек болды. Онлайн тренинг туралы Түркістан қаласы әкімдігінің қызметкерінен білдім. Қосымша арқылы полицияға арыз беруді, сондай-ақ өзімнің негізгі құқықтарымды және тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарды қандай жаза күтетіні туралы білдім. Тренинг өте қызық болды, гендерлік мәселелермен қатар, практикалық жаттығулар мен теорияны үйлестіре отырып маңызды тақырыптар қозғалды», дейді Түркістан қаласының тұрғыны Е.Кемелбекова.
«Qolda 2.0» шұғыл көмек бағдарламасы басталғаннан бері «Заң талабы» құқық қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігінің адвокатына физикалық, жыныстық зорлық-зомбылық бойынша хабарласып жатқандардың саны артқан.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына құқықтық және психологиялық көмек көрсетіледі. Қоғамдық бірлестік психологтері зорлық көргендерге психоэмоционалды жағдайын түзету бойынша кеңес беріп, арт-терапия өткізеді. Былтырдан бері хабарласып жатқан физикалық және жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарының жасы 14-тен 48 жасқа дейін, арасында кәмелетке толмаған балалар да бар. Тренингтерде гендерлік құқықтар, цифрлы құқықтар және оның рөлі жайында айтылды», дейді «Заң талабы» құқық қорғау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мурад Юнусов.
Жоба аясында Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша тегін құқықтық және психологиялық көмек көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін сенім телефоны мен онлайн-чаттың жұмысын жолға қою, #StopViolence ұранымен ақпараттық науқан өткізу, жастар мен ауыл-аймақтарда тұратын әйелдерге арналған цифрлы білім беру және гендерлік теңдік бойынша онлайн тренингтер ұйымдастыру, әйелдерге зорлық-зомбылық көрсеткен ер адамдарға әрекетті қайталамау мақсатында жұмыстар өткізу жоспарланып отыр. Алдағы тренингтер шеңберінде гендерлік құқықтар және теңдік, әйелдерге мемлекеттік деңгейде құқықтық қорғау көрсету, зорлық-зомбылықтың түрлері, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған іс-қимыл алгоритмі, әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейту үшін интернетті пайдалану тақырыптары қамтылады.
Ал #StopViolence кампаниясы жоба аяқталғанға дейін, яғни осы жылдың сәуір айына дейін жалғасады. «Алдағы екі айда Түркістан облысындағы 7 ауданға 21 сапар жоспарланған (Арыс қаласы, Түркістан қаласы, Шардара, Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Сайрам аудандары). #StopViolence кампаниясы аясында әйелдер мен қыздарға олардың құқықтарын түсіндіріп отырамыз. Сонымен қатар әйелдерге «Егер сіз отбасылық зорлық-зомбылық құрбаны болсаңыз, не істеуіңіз керек?» атты ақпараттық материалдарды, ал ер адамдарға «Ашумен қалай күресуге болады?» деген брошюраларды таратамыз», дейді аталған бірлестіктің төрағасы Мурад Юнусов.