• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 11 Ақпан, 2021

Адамға шапқан арлан

890 рет
көрсетілді

Маралды ауылында көптен бері көз көріп, құлақ естімеген сұмдық жағдай болып, жергілікті жұрттың зәре-құты ұшып отыр. Бұрын ен дала мен ну орманнан ғана кезіктіретін қандыауыз бөрі төрде тайраңдап, адамға шапты. 30 қаңтар күні түнде ауылға кірген арлан Маралдының 59 жастағы тұрғыны М.Бексұлтановтың әйелі мен сегізінші сыныпта оқитын ұлын есіктің көзінде талап, қауіпті дене жарақатын салған екен. Олар қазіргі кезде аудандық орталық аурухананың хирургия бөлімшесінде ем-дом қабылдап жатыр.

– Сағат тоғыздан асқан уақыт, кешкі тамағымызды ішіп, теледидар көріп отыр­ғанбыз, – дейді біз арнайы барып жолыққан Әсем Қажым­бекқызы. – Кенет ауладан шабаланып үрген иттің даусы естілді. Басында мән берген жоқпыз, бірақ иттің үруі үдей бас­таған соң сыртқа шық­тық. Мен аяғыма пима сұғып, иығыма бір жемпірді жамыла салған болатынмын. Көрші үй­дің иесі көшкенде оның қора-сайманын тегіс сатып ал­ғанбыз, малдың көбі сол жақ­та жатқан. Күйеуім солай қарай кетті, арғы жақтан көршілер шығып, абыр-дабыр күшейе бастаған-ды.

Ұлым екеуіміз есік алдына оралдық. Кенет ол: «Мама, қарашы, қасқыр ғой деймін, бір­деңе жүр», – деп қолымен қа­шаның сыртын нұсқады. «Қой, қайдағы қасқыр?», деп беттей бергенім сол еді, қа­шаға кіріп келген сұр арлан «арс» етіп маған қарай атылды. Сасқанымнан сол жақ қо­лымды төсей бердім, қауып кеп алғанда көзімнің оты жарқ ете қалды, одан әрі қарай не бол­ғанын еміс-еміс білемін. Бө­рі иықтан бір қауып өтіп, қолым­ды тістелеп, сілкілей жө­нел­генде шырылдап ұм­тылған ұлыма: «Жолама, ау­лақ кет бұл жерден!» деп ай­қайлағаным есімде. Маған жаны ашыған ұлым тыңдамай жаныма жетіп келген еді, қас­қыр оны да саннан ала тү­сіп, лақтырып жіберді. «Апыр-ай, оқыс қылды-ау», деп бар күшімді жиып, қайта ұм­тыл­дым, сол кезде көрші аулада жүрген Мұқан да жетіп үл­гер­ді. Абырой болғанда ол қо­лына айыр ұстай кірген екен. Ештеңеден тайынбастан өзіне атылған қасқырдың кеудесіне шаншып үлгерген айырды ота­ғасы одан әрі нығыздап қа­дап, жібермей тұрғанда көр­шілер де келіп жетіп, жабыла соғып, жыртқышты жер қаптырды.

Иығына тіс батып, біле­гінің бұлшық еті парша-пар­ша болып, саусағы сынған Әсем мен санының қалың етінен жарақат алған Жігердің өміріне төн­ген қауіп сейілді, деген­мен, олар басы кесіліп, меди­ци­на­лық сараптамаға әкелінген қас­қыр құтырғаннан аман болса екен деп алаңдаулы.

Әдейілеп аулайтын аң­шы­ның жоқтығынан өңі­ріміз­де жыртқыш атаулының емін-еркін жортып жүргені шын­дық. Бұдан жарты ай бұрын тағы бір көкжал осы ауылдың тұрғыны Т.Мұхаметуәлиевтің қорасына түсіп, алдынан жо­лыққан таймас төбетпен алысып жатқанда дереу келіп жет­кен үй иесі оны сүйменмен соғып өлтірген болатын. Осы бетпен кете берсе, түбінде адам шығынына жолығуымыз әбден мүмкін. Ендеше, қатердің алдын алып, тиісті шаралар қол­данбасақ, орны толмас өкі­­нішке ұрынарымыз хақ. «Сақ­тан­саң – сақтаймын» деген на­қылды ұмытпайық, ағайын!

 

Хасен ЗӘКӘРИЯ

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы