• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Ақпан, 2021

Амандық Баталов: Талдықорған қаласы облыс орталығы мәртебесіне сай дамуы керек

210 рет
көрсетілді

Талдықорған қаласында өткен жылы барлық қаржы көздерінен 137,5 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылған, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 9,1% өскен. Ал биыл жалпы көлемі 164 мың шаршы метр тұрғын үй салынады, соның 91,6 мың шаршы метрі бюджет есебінен, 73,9 мың шаршы метрі құрылыс компанияларының жеке инвестициясы мен жеке тұлғалардың қаржысына салынады. Сол сияқты биыл апатты үйлердің мәселесі де шешіледі. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен онлайн режимде өткен Талдықорған қаласының әкімі Ғ.Р.Әбдірайымовтың тұрғындар алдындағы қорытынды есеп беру жиынында айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жалпы бүгінгі күні Талдықорғанда 178,5 мың адам тұрады. Қала әкімі Ғ.Әбдірайымовтың айтуынша, өткен жылда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 88,3 млрд теңге, құрылыс монтаж жұмыстарының көлемі 40,9 млрд теңгеге жеткен. Қала экономикасына 78,9 млрд теңге инвестиция тартылған. Биылғы жылы өнеркәсіпте құны 6,0 млрд теңге болатын жаңа жобалар іске қосылмақ. Бұл ретте пектин және құрғақ жем шығаратын "GreenTechnology Partners" ЖШС зауыты, құрама жем өндіретін "Астана халық ЭКСПО" ЖШС зауыты, керамогранит өндірумен айналысатын «Алмаз Керамикс» ЖШС зауытының бірінші желісінің құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Оларда 300-дей жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сол сияқты "Қайнар АКБ" ЖШС өндіріс іргесін кеңейтіп, 1,8 млрд теңгеге жаңа желі ашады, онда 35 адам жұмыспен қамтылмақ. Сөйтіп өнеркәсіп өндірісінің көлемін 94,0 млрд теңгеге жеткізу көзделген.

Бүгінгі күні қалада 16,8 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Талдықорғандықтарды баспанамен қамту мақсатында өткен жылы барлық қаржы көздерінен 137,5 мың шаршы метр тұрғын үй берілсе, биылғы жылы жалпы көлемі 164 мың шаршы м тұрғын үй салынады, соның 91,6 мың шаршы метрі бюджет есебінен, 73,9 мың шаршы метрі құрылыс компанияларының жеке инвестициясы мен жеке тұлғалардың қаржысына салынады. «Сонда біз жыл соңына дейін 2,0 мың отбасын, соның ішіндегі  кезекте тұрған 1142 азаматты тұрғын үймен қамтуға мүмкіндік аламыз», деді Ғ. Әбдірайымов.

Оның айтуынша, Талдықорғандағы 6, 7 және 8 шағын аудандарда 33 көп қабатты үйдің құрылысы бастауға дайын, сол сияқты коттедж қалашығында 232 үй жыл соңына дейін аяқталады. Коттежді қалашықта спорт алаңының құрылысы аяқталуға таяу, онда футбол, волейбол, баскетбол алаңдары бар. Бұл қалашықта мектеп, балабақша сияқты әлеуметтік нысандармен қатар тұрмыстық қызмет көрсету, сауда орталықтары да қарастырылады.

Сол сияқты биыл апатты үйлердің де мәселесі шешіледі. Оған облыстық бюджеттен 855 млн теңге қарастырылды.

Қала саяжайларына да көңіл бөлініп, "Үйтас" және "Мерекелік" саяжай қоғамдарының 6,7 мың отбасы ауызсу және электрмен қамтамасыз етілуде. Бұл жұмыс биылғы жылы жалғастырылып, Қаратал, Алмалы, Ключи саяжайларында жалпы 28,9 км ауызсу желілерін салу жоспарланған. 10 саяжай қоғамының 30 км басты жолдарына көше жарығын орнатудың жобалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

Қалада бүгінгі күні табиғи газға 24 595 абонент қосылды. Қазір Ынтымақ, Жастар-2, 3-ші бөлімше елді мекендерінде газ тарату желісінің құрылысына қажетті ЖСҚ дайын болды, қаржы бөлінген бетте құрылыс жұмыстары басталады. Бұл осы елді мекендердегі 2241 отбасының газға қосылуына мүмкіндік береді.

Қала әкімі жол жөндеу, жолаушы тасымалы, аулаларды абаттандыру, «Жұмыспен қамту жол картасының» іске асырылуы, жұмыссыздықпен күрес, әлеуметтік салаларды қолдау бағыттары туралы да кеңінен айтып берді.

Баяндамадан кейін сұрақ қоюға кезек берілді. Сұрақ қойған қала тұрғындары тарапынан аулаларды абаттандыру, саяжайға баратын автобустарды саяжай ішімен жүргізу, Ынтымақ ауылында кәріз жүйесінің қашан іске қосылатыны, № 6 мектептің бастауыш сыныбы балабақша ғимаратында оқып жатқандықтан, жаңа ғимарат қажеттігі, індетпен күресте көз жұмыған медицина мамандарына арнап ескерткіш қою, жер учаскесі кезекпен қашан беріле бастайтыны, кәсібін бастауға көмек қажетті сияқты көптеген мәселелер көтерілді. Қала әкімі сұрақтарға толыққанды жауап берді. Мәселен, № 6 мектептің бастауыш сыныбына арнап ғимарат салу үшін сол маңдағы 60-қа жуық үйді сатып алу қажет. Сосын оны сүру, рекультивация жасау жұмыстары жүргізілуді тиіс. Бұл мәселе жоспарда бар, қаржысы қарастырылған. «Ал медицина мамандарына ескерткіш қою мәселесін кеңесіп шешеміз», - деді Ғ. Әбдірайымов. Ынтымақ ауылына кәріз жүйесі биыл тартылады, ЖСҚ-сы бар. Биылғы жылдың наурыз айынан бастап инженерлік инфрақұрылымы тартылған дайын жер учаскелері Қаратал ауданына шыға беріс маңайдан кезекте тұрған азаматтарға беріле бастайды.

Жиын соңында сөз алған Амандық Баталов қалада көп жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Дегенмен қарқын қосуды, назар аударуды қажет ететін тұстар да аз емес.

- Өткен жылда бізде өндірісте, ауыл шаруашылығында, жалпы барлық салада өсім бар. Індеттің салдарынан тек көлік тасымалы мен сауда саласында ғана аздаған іркілістер болды. Студенттер үшін үш жаңа жатақхана салып бердік. Жуырда бассейн ашылады. Басқа да атқарылған жұмыстар көп, мен оны өз есебімде толық айтып беремін. Қаланың дамуы туралы мәселеге келсек, облыс орталығын көркейтуге біз барынша қолдау жасап отырмыз. Көп шаруалар атқарылды. Дегенмен артылған міндеттерді орындауда сылбырлық бар. «Талдықорған» индустриалды аймағына инвесторлар тартумен түбегейлі айналысу керек дегенді үнемі айтып келемін. Барлық инфрақұрылымы тартылған, дайын алаң, тек бизнесмендермен сөйлесіп, мүмкіндіктерін таныстырып, жұмыс жасау керек. Коттедж қалашығын, қаладағы көп қабатты үйлердің аулаларын абаттандыруда да баяусыңдар. Наурызда қоғамдық қатынасқа жаңа автобустар әкелінеді, ал оған арналған АЗС-тың құрылысы қай деңгейде, оны да қадағаламайсыңдар. Қар тазалауда да жұмыстарың тындырымды емес, - деп бірқатар салалар бойынша қала әкімдігінің жұмысын сынға алды. Амандық Баталов  Талдықорған әкімдігіне жасаған сын-ескертпелері негізінде арнайы жоспар-бағдарлама түзіп, оның орындалуы бойынша арнайы есеп берулерін тапсырды. Сол сияқты тиісті басқармаға коттедж қалашығында туындап отырған газ төлемі мәселесін жылдам арада шешуді міндеттеді.

«Талдықорған қаласы – облыс орталығы. Мұнда қаланы дамытудың нақты концепциясы, айқын жоспары болуы керек. Бірінші кезектегі мәселелер, басымдық берілетін бағыттар, басқа, басқа да. Соның бәрін айқындап, айтылған ескертулерді енгізіп, нақты бағдарлама жасап, бекітіп, оның орындалуы жайлы маған баяндайтын боласыңдар», деді А.Баталов.

Бұдан кейін облыс әкімі қала тұрғындары тарапынан өзіне қойылған жылыту қазандықтарын табиғи газға көшіру, балаларға арналған сауықтыру лагерін ашу, «Жастар - 2» шағын ауданына газ және кәріз жүйелерін тарту сияқты сұрақтарға нақты жауаптар берді.