Қазір ғылым қолданыстан қалып бара жатқан сөздерді «архаизм» деп атаса, заманға қарай тілімізге толассыз еніп жатқан жаңа атауларды «неологизм» деп атайды. Бұл да заңды құбылыс.
Алайда, ата-бабамыздың Ұлы даланың әр затты, көзге көрінбес өмір салтына байланысты іс-әрекетті, қоршаған орта, барша табиғат туындылары мен құбылыстарын арнайы атаусыз қалдырмаған ғой. «Осы сөз парқы мен нарқын халқымыз біле жүрсін» деп әр сөздің мән-мағынасын айлап іздеген, пейіште нұры шалқығыр, Жағда Бабалықов ағамыз «Адамның бас мүшесіне ғана байланысты қырыққа жуық атауды таптым» деп отыратын. Осының бәрі болмаса да біразын жұртшылық ұмытпаса екен деген мақсатпен еңбектенеді екен ғой ол ақсақал.
Рас, жүздеген, мыңдаған атауларымыздың архаизм қоймасына түсіп, жоғалып бара жатқаны да шындық. Бірақта өзіміздің ұмытып бара жатқанымыз болмаса, сөз атаулы көнеріп кететін бөз емес қой. Біраз атаулар тіпті көзбен көріп, қолмен ұстап жүрген заттарымыздың атауларын қолдан көнертердей жөніміз жоқ-ақ.
Тіршілігіміз қағаз-қаламға байланысты болғандықтан ғалым этнограф Жағда ағамыз, жұлдызнаманы індете зерттеп жүрген Кәмен Жүністегі, гүл атаулының қазақша атын өлеңмен тізбелеген ақын Оразақын Асқар, этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбек, атақты бүркітші Әбен Тоқтасын т.б. қазақы сөздің жанашырлары баспасөздерде жазған, айтқан әңгімелерінен, сондай-ақ ауылда туып, ауылда ержеткен соң көкейге түйгендерді түбі бір кәдеге асар-ау деп, біраз атауларды, көне сөздерді қоңыр дәптеріме жаза беріп, біраз «қазына» жинаппын. Бұлардың қайсыбірі оқырманның кәдесіне жарасын деген оймен, тіліміздің бірден-бір қамқоршысы ел газеті «Егеменге» сұрыптап, біразын ұсынып отырмын. Түсініктірек болу үшін кей атаулардың орысша нұсқасын да жаздым (мысалы, асыл тастар, гүл, балық т.б. атаулары).
Осынау сөздер мен олардың мән-мағынасы негізінен әр авторлардан жинақталғандықтан, мені бұл жазбаның авторы емес, жартылай құрастырушысы деп білгендеріңіз жөн.
Әрине, тілдік қазынамызды жинақтап, іздеп тауып, кітаптарда, баспасөздерде жариялап жүрген авторлар да әр атаудың нұсқасын басқа да деректерден алды ғой деген оймен олардың көбінің аты-жөндерін жазбағаным үшін ғафу етулерін сұраймын.
АТАУЛАР
Аба – аңды аба салып, қамалап ұстау
абын – киіз үйдің сүйек ағашын жұмсартатын дымқыл орын
албарыс – зергерлік құрал
аманат – а) ұрыс, жанжал болмау үшін кепілдікке адам сұрау; ә) қымбат затын сеніп тапсыру («Аманатқа қиянат жүрмейді» – екі нұсқаға ортақ тәмсіл)
асар – а) біреуге ұжымдасып көмек жасау; ә) соғымға, тойға союға арналған жылқы
әлеке – жүйрік тазы ит («әлекедей жаланған»)
бәдіз – тастағы жазу, сурет
бәдізші – тасқа жазып, сурет салушы
боздақ – а) жаңа шығып келе жатқан мал жүні; ә) жеткіншек
бұзаушық – сабын қайнатқанда балаларға берілетін үлес
бұлқыншақ – жанторсық
далбай – аң терісінің тулағы
дандан – піл сүйегінен жасалған тарақ
дархан – ұста
дүркін – мың сарбаз
ереуіл – жаугершілікте мінетін ат
ертеуіл – тыңшы
ерулеу – көштің бір қонып аттануы
ерулі ат – қосар атты осылай да атаған
ешкішек – тамақ пісірген қазанның сыртындағы күйесінен от сөнген соң да жылтылдап көрінетін ұшқын
жебе – садақ оғы. Оның – қу жебе, қайың оқ, тобылғы оқ деп жасалған ағаш түріне қарай; кез оқ, он екі тұтам оқ деп жебенің ұзындығына қарай; сырлы жебе, қызыл, сары жебе деп бояу түрлеріне қарай; күшіген жүнді, тұтам жүнді оқ деп қауырсынына қарай бөлінетін түрлері болады.
жоңғы – ағаш қабығын аршитын құрал
запқы – қайыс тұзақпен тас ататын қару
инелік – ау тоқитын құрал
кежеге – бастағы қарақұстың төменгі жағы («Кежегесі кейін тартып»)
көземел – тебеннен кішілеу, көзі үлкен ине
көшпелі – кочевники
көшпенді – номад
күпшек – арбаның доңғалағын ұстап тұратын ағаш тиек
күрегей құны – тазы иттің тұқымдары
қазиек – ұсталардың қызған темірді ұстайтын қысқашы
қақпыш – а) көп мініліп, әбден арықтаған ат; ә) әбден сүрленіп, қатып қалған сүрі ет
қақсал – а) әбден кепкен ағаш; ә) сөзден басқа ештеңеге шамасы келмейтін қадірсіз қартты да осылай атайды
қалжуыр – есік ілгегі
қарақ – баукеспе ұры (қарақшы)
қастауыш – қасты қарайтатын бояу
қосар – жетекке алатын қосалқы ат
қосын – а) ерікті сарбаз; ә) жылқы табыны
қым – найзаның ұшы
лек – он мыңдық сарбаз
маймөңке – ұшы қисық ине («мәймөңкелемей сөйле»)
манап – маяк
миясап – бесаспап шебер
місекерлі – қолынан іс келетін кісі
модашы – ағаш ұстасы
мор – уық, кереге ағаштарын көңнің түтініне салып жұмсарту
өрмек – алаша, кілем тоқитын құрал
өре – а) құрт, ірімшікке арналып тоқылған ши, ә) аттың үш аяғына салатын тұсамыс
өреше – киіз үйдегі ыдыс-аяқты далдалайтын тоқыма ши
піспек – а) сабадағы, шелектегі қымыз, іркітті пісіп, шайқайтан ағаштан жасалған құрал; ә) қасты, мұртты бір-бірлеп жұлатын құрал
сайлауыт – таңдаулы сарбаздар
сауырсын – бедеу, тумаған бие
сыдырғыш – өрімді тегістейтін құрал
тоғанақ – тең, жүк
тұнжыр – балбал тастар
шабар – шабарман, хабаршы
шора – бай баласы (еркешора)
ырқұқ – арбамен жүк тасымалдау
іскек – қасты сирететін сайман.
Аң, құс, балықтар
Ақбалық – белуга
ақсұңқар – крыльчатка
ала үйрек – гоголь
алабұға – окунь
алан – арыстанның күшігі
әңгі – есектің еркегі
балшықшы – кулики
безгелдек – стрепет
бекіре – осетр
буыршын – үш жасар еркек түйе
бұғы – жалпы атауы (көбіне еркегін осылай атайды)
бұзауқа – маралдың төлі
бұзбаша – үш жасар ұрғашы («аналық» сөзін жануарға қолдануға болмайды) түйе (мақалдың дұрысы – «Бұзбаша көзін сүзбесе, буыршын бұйда үзбейді»)
бұлғын – құндыз
домбай – жабайы есек (біздің Барсакелместе, Іле бойында өсіріп жүргеніміз құлан емес, осы домбай. Тегі Қап тауынан, Түрікмениядан тараған)
зіл – мамонт
кежек – ата үйрек
келе – түйе үйірі
келез – үлкен кесіртке (варан)
көксерке – судак
күзен – норка
кірекей – ұрғашы аю
қонжық – аюдың күшігі
қаншыр – тұрқы шағын, денесі тіп-тік құс («Қаншырдай қатқан» теңеуі осыдан шыққан)
қарабауыр шіл – рябка
қарашақаз – казарка
қашыр – әңгі есек пен биенің буданы
қаяз – усач
қозықа – арқардың төлі
қоңыр үйрек – серпуха
құлжа – арқардың еркегі
құндыз – бобыр
құну – росомаха
құралай – а) ақ бөкеннің лағы; ә) қызыл тұмсық торғай. Ерте көктемде-ақ ұшып келетін, суықтан қорықпайтын құс («Құралай бастаған құс оңбайды» деген мақал осыдан шыққан)
майшабақ – сельд
мамыр – қаздың балапаны
марал – бұғының ұрғашысы
марғау – мысықтың баласы
мыршын – ұрғашы мысық
мауыр – ұрғашы піл (зілмауыр – ауыр салмақ осы сөздерден бастау алса керек)
мәлім – налим
мәулен – барыстың күшігі (кейде жабайы мысықты да осылай атаған)
мөңке – карась
өлекшін – ұрғашы жолбарыс
сарыалақаз – таулы, қыратты жерлердегі көлшіктерді мекендейтін қос-қостан ғана жүретін құс, қаздың бір түрі
сарыбауыр торғай – дрозд
саулық арқар – ұрғашысы
соқыр – түлкінің күшігі
сусар – куница
сұлуланған буыршын – пішілген
табан – леш
тарпаң – жабайы жылқы
таутан – барыстың ұрғашысы
түйе киік – жабайы түйе
ұшқыш (балық) – ускуч
шері – жолбарыс
шоқыр – севрюга
шөншік – жолбарыстың күшігі
ілбіс – барыстың еркегі.
Асыл тастар
Ақтас – сколецит
ақық – хризоберилл
алмас – алмаз
әктас – известь
балайыс – благородный шапель
бирюза – фирюза
гауһар – рубин
даурая – рубеллит
ешімтас – нефрит
жақұт – сапфир
замартас – изумуруд
кәріптас – янтарь
көгіс – глазурь
көктас – гранит
лағыл – лазурь
маржан – перламутр
мәрмар – мрамор
меруерт – бриллиант
мөлдіртас – горный хрусталь
сутас – аквамарин
табас – топаз
інжу – жемчуг.
Өсімдіктер, гүлдер
Ақтамақ – жасмин
алабота – маревой
андыз – девосила
аютабан – лютцина
балдырған – борщевик
балқарағай – кедр
бетеге – типчак
ботакөз – незабудка
бөденешөп – вероника
бөлтірік – а) қасқырдың күшігі; ә) күзге қарай пісетін улы шөп
бөртегүл – сирень
бүлдірген – земляника
гүлбаршын – гладиолус
гүлкекіре – василек
ғарышгүл – космос
еңілік – эдельвейс
ерентоғай – ясень
жанаргүл – ясминец
жұлдызгүл – лабазника
жыңғыл – тамарикс
итбүлдірген – брусника
көкнәр – мак
күзгүлі – астра
күшәлә – емдік шөп (шөлейт жерде өседі, дәнектері тамырдан желі тартып өседі. Өкпе ауруына пайдаланған)
қалампыр – гвоздика
қамысек – қамыстың өскіні
қарғалдақ – подснежник
құлпынай – клубника
құмырагүл – кувшинка
құнақ – вьюрок
құрақ – шидің жаңа өскіні
құртқашам – ирис
қызғалдақ – тюльпан
лала – лилия
мамыргүл – акация
нарғызгүл – георгина
насыбайгүл – базилик
наурызгүл – первоцвет
өлеңшөп – осока
раушан – роза
самырсын – пихта
саржүрек – песчанка
сарқаңбақ – поташник
сарыала – бүргеннің арасынан биіктеп өсетін гүл (түбіндегі дәні картопқа ұқсас, пісіріп жейді)
сарымсақ – тастаққа өсетін жабайы пияз
сәлбен – шалфей
сәлдегүл – марикарен
сиыр сарымсақ – шатқалдағы өзен бойына өсетін жабайы пияз («усарымсақ» деп те атайды)
сүмбілгүл – гиацинт
таушымылдық – пион
тұңғиықгүл – кувшинка
уқорғасын – аконит
усойқы – бүргеннің шетіне өсетін аласа өсімдік (қабығын кептіріп, тұмауға қарсы сорпаға салып ішеді)
ұшпагүл – ветреница
шаттауық – лещина
шегіргүл – фиалка
шилеуіт – шидің қалың өскін өңірі
шығысгүл – гортензия,
шырғанақ – облепиха
інжугүл – ландыш.
Мата атаулары
баршын – жолақты жібек мата
биқасап – жолақтап тоқылған жібек
борлат – қызыл түсті жұқа мата
бояқ – кездеменің түрлі түске боялғаны
дүрия – тығыз тоқылған жылтырауық жібек
жібек – жібек құртынан алынатын мата (алғаш рет Қытай елінде өндірілген),
қамқа – алтын не күміс түсті жіптен тоқылады
қырмызы – көбіне қызыл түсті жібек
ләмбек – сырт киімдік қалың мата
мақпал – тығыз тоқылған түкті мата
мауыт – шұға деп те аталады, өң жағы майда, түкті қалың мата
парша – алтын не күміс түсті жіптерді араластыра тоқылған түрі
тай – көтеруге ыңғайлы матаның бір орамы
торғын – а) қымбатты жібек мата; ә) ең қымбат бағалы жібек
шағи – жұмсақ, жұқа тоқылған түрі
шөжім – арзанқол жұқа мата
шыт – жиі қолданылатын, мақтадан жасалған арзанқол мата
(Халқымыз қыздарына көбіне жібек, баршын, дүрия, мақпал т.б. сияқты асыл маталардың атауын беретін болған).
Туыстық жүйе
Бас құда – қызды айттыруға барған кісі
бауыздау құда – үйленген жастардың әкелері
бел құда – дүниеге келген перзенттердің бірі ұл, бірі қыз болса «құда болайық» деген жақсы ниет
бесік құда – жаңа туған сәбилерге «құда боламыз» дейтін уәде
бөле – апалы-сіңлілердің немесе туыстас қыздардың балалары
жанама құда – бас құдамен бірге барған жора-жолдастары
жеңге – ағаның зайыбы
жезде – әпкенің жұбайы
жеті ата: 1. бала, 2. әке, 3. ата, 4. арғы ата, 5. баба, 6. түп ата, 7. тек ата.
жеті жиен – қыз ұрпақтары: 1. жиен, 2. жиеншар, 3. көгеншар, 4. дегеншар, 5. немене жиеншар, 6. жүрежат жиеншар, 7. туажат жиеншар
жеті ұрпақ: 1. бала, 2. немере, 3. шөбере, 4. шөпшек, 5. шөбелек, 6. немене, 7. туажат
жұрттар: 1. Өз жұрты – әке-шеше, аға-бауыр, қандас туыстар, 2. нағашы жұрты – анасының туыстары, 3. түп нағашы – әжесінің туыстары, 4. қайын жұрты – жұбайының немесе зайыбының туыстары
қарсы құда – екі жағы да бір-біріне қыз алысып, қыз беріскен кісілер
құдаша – күйеу баланың не келіннің қарындасы не сіңлісі
сарысүйек құда – құдалықтары бұрыннан жалғасқандар.
Киім түрлері
Асқы – шалбарды ұстап тұру үшін иыққа асып қоятын бау
бұлық – өңірге тігілетін жұрынның бір түрі
елтірі бөрік, тұмақ – қозы, лақ терісінен тігілетін бас киімдер
жарғақ – түгін қырып, иленген теріден тігілген жаздық шалбар, ішік
жұрын ішік – ішіктің жиегіне аң терісінен, бұйра елтіріден тігетін сәндік жиек
жыға – хандар, әскербасылар киетін бас киім
кебенек – киізден тігілген шекпен сияқты киім («...Кебенек киген келеді»),
кемер – қыны, шақшасауытқа бекітілген сәнді белдік
кеудеше – түгі ішіне қаратылып, сырты қалың матамен тысталған жеңсік киім
күдері – түгін шығарып, жұмсақ теріден тігілетін аяқкиім (замша)
кіреуке – болат сымнан тоқып жасалған бітеу сауыт
қатырғы – сырт киімнің жағасына, жеңіне тігілетін сырма мата
пұшпақ бөрік тұмақ – түлкінің сирақтарының терісінен тігілетін ерлердің бас киімдері
сәукеле – қымбат матадан тігіліп, асыл тастармен безендіріліп, үкі тағып, ұзатылатын қызға кигізетін бас киім
тайжақы – құлын терілерінің жалын екі жеңіне, арқасына келтіріп тігетін ерлердің киімі
тұлып – қыста жолға киетін қаусырмалы кең-мол үлкен тон,
ішік – жұқа теріден тігілетін жеңіл киім.
Ас мәзірі
Әсіп – соғымның іш майы мен кесінді еттерді турап, бүйенге салады да, сол күні асады
балқаймақ – піскен сүттің қаймағын қайнатып жасалатын тағам. Аздап қант, бал қосуға болады
балқуырдақ – ұсақтап туралған етті кілегейге не піскен сүттің қаймағына қуырады (бифштекстің тегі осы ас)
борша – етті жұқалап кесіп, тұздаған соң темір тордың үстіне қойып, шоққа қақтау
бүрме – алғашқы суық түскен кезде қыста арықтап кетпес үшін ұсақ малдарды сойып, үйітілген бас-сирағымен етін тұздап, өз қарнына салады да, суық тошалаға немесе мұздатқышқа салып сақтау
дірілдек – сиырдың сіңірі көп кәрі жілігі мен асықты жіліктің бастары, үйітілген сирақтар, жақтың құйқасы, бірер тауық ұшасы әбден қайнатылып, езілгенде сүйектерінен ажыратып, ұсақтап тураған соң қайта қайнатып, қоймалжыңды дәмдеуіштерін қосып, шағын ыдыстарға құйып қатырады
етті тасқа қақтау – әбден қыздырылған қой тастың үстіне етті жауып пісіру.
жаубүйрек – қойдың туралған құйрық майы мен бауырын істікке шаншып пісіретін кәуап
жаужұмыр – ұсақ малдың мүшелеп бұзылған етін басымен бірге жуылып тазаланған өз қарынына салып, асты-үстін шөппен, жапырақпен жабылған шұңқыр жерошаққа көміп, сыртына топырақ тастап, молдап от жағады. Қазансыз піскен ет бірер күннен кейін де даяр болып тұрады
жент – қызыл ірімшіктің, жармаланған, ақталған тарының, аздаған қанттың, тортасы айырылған сары майға не жылқының шыртылдағына араластырып алатын тағам
құйқалақ – көбінде аңшылар атып алған аңның тоқішегін, бүйрегін, көкбауырын қоламтаға көміп пісіреді
құрғақ сүт – жүні жидітілген серкенің терісін еселеп сүтке қайнатып алып, көлеңкеде кептіреді. Кесіп алып ыстық суға салса, піскен сүт болады
құрт – майын алмаған іркітті қайнатып, жасалған құртты қыста сорпаға қосып ішкенде кісіні тоңдырмайды. Құрттың тұздалған, тұздалмаған түрлері, сыртқы пішініне қарай «сындырма» – сүзіліп, тобарсыған құртты кесек-кесек сындырып, алақанға салып бірдей жасалатын сықпа құрт; дөңгелек пішіндес «күлше» құрт: кішкентай шар тәріздес «домалақ» құрт сияқты; ашымаған іркіттен жасалған «ежегей» құрт, «малта» – езілмей қалған қалдық сияқты түрлері болады
мәйек – ірімшік қайнатуға арналған сүтті ұйыту үшін уызға тойған қозының ұлтабарын тұздап, кептіріп қояды
нарын – түнде желінбей қалған етті қамырымен ұсақтап турап, ыстық сорпаға бұрыш, пиязын қосып ертеңгілік ұсынады
сарысу – қайнап болған қызыл ірімшіктің сөлі. Ыдысқа құйып қатырғанда балалар сүйіп жейтін тәтті тағам болады
сыбаға – соғымнан сыйлы кісілерге апарып беретін немесе өзі келгенде асып беретін кәделі мүшесі
сылақ көмбе – бұл да қазансыз ет пісіру тәсілі. Марқа қозы-лақты бауыздаған соң терісін түсірмей, ішек-қарнын алып тастап, үйітілген бас-сирағын салып, тұз, пияз, бұрышы езілген суды ішіне құйып, тілінген терісін қайта тігеді де, кеңірдегінен тазаланған жіліншіктен булық қалдырып, сыртын лай батпақпен сылап, отқа тастайды. Лау болып жанған отта 2–3 сағат жатқан ұшаны шығарып, үстіне суық су құйғанда балшық жүнмен бірге сыпырылып түсіп, өз буына піскен ет даяр болады.
сірне – жас малдың етін, бас-сирағымен күймес үшін түбіне іш май салынған қазанға салып, су құймай баяу жанған отқа қақпағын тұмшалап пісіру.
табақ тарту – бас табаққа бас, жамбас, тұздалған іш май толтырылған ұлтабардың бір бөлігі, сүбе қабырға, бір білем құйрық, белдеме не омыртқа; орта табаққа – ортан жілік (тоқпан жілік), кәрі жілік, қабырға, ұлтабардың бір бөлігі; сый табаққа – бас табақпен дәрежесі бірдей, жамбас болмай қалса, кәрі жілік; аяқ (кіші) табаққа – кәделі мүше саналмайтын ортан жілік, жауырын, ішек-қарын, қара қабырға тартылады
тары сүзбе – тұздап даярланған сүзбеге жармаланған тарыны араластырып кептіріп, қысқа әзірлеп қояды. Шетінен кертіп алып, қайнатып, салқындатылған суға салып, таң асырып қойса, қатығы бар даяр тағам болады
төстік қақтау – жаңа сойылған қойдың төстігін тұздап, шоққа қақтап пісіру,
тасқорық – қойшылар өрісте жүргенде ағаш тостаққа сауып алған сүтті отқа қыздырылған малта тастарды салып пісіру
телшік – соғымға сойылған жылқының жүрек қабы – үлпершекке қазының майы мен етті ұсақтап турап сақтау
тидеқаш – үлкен қойдың ұлтабарына уызды толтырып, тұздап, кептірілген мәйектің бір түрі
тортасын айыру – сары майды қайнатып, қалған іркітінен, тұзынан айыру.
(Жалғасы бар)
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері