• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Ақпан, 2021

Жаңатас қаласындағы жылу қазандығы қалпына келтірілді

680 рет
көрсетілді

9 ақпан күні Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласындағы орталық қазандықта жылыту құрылғылары істен шыққан болатын. Аталған мәселеге орай, Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек, Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов және коммуналдық мекемелердің басшылары оқиға орнына барды.

Нәтижесінде, жылу және ыстық сумен қамтуды тұрақтандыру жөнінде барлық тиісті шаралар қолға алынып, медициналық нысандар уақытша қосымша электр жылыту құрылғыларымен қамтылды. Құрылғылардың істен шығу себептерін анықтау мен Жаңатас қаласын жылумен қамтуды қалпына келтіру бойынша жұмыс тобы құрылды.

  Қабылданған шаралардың нәтижесінде, Жаңатас қаласындағы «Жаңатас Су-жылу» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орталық қазандығы тұрақты түрде жылу бере бастады. 11 ақпан, кешкі сағат 22:00-де берілетін жылу температурасы +39, ал қайтарымы +26 градусты көрсетті. Апатты жағдайдан соң мазут құбырларын, қоймасын конденсаттан, бу қазандығын судан тазалау жұмыстары жүргізіліп, қосымша Қаратау қаласынан мазут жеткізілді. Қазіргі уақытта 720 тонна отын қоры жасақталды. Ақпан айының соңына дейін 1500 тонна жеткізу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта жылу берудегі температуралық режим тұрақталып келеді.

  Алдын ала мәліметтер бойынша, қазандықтың істен шығуына сапасыз мазут себеп болған. Қазір отын жеткізуге жауапты мердігер мекемеге шара қолдану мәселесі қарастырылуда. Қаладағы орталық жылу қазандығы 92 көпқабатты тұрғын үй, 41 бюджеттік мекеме, оның ішінде 11 білім беру және 2 денсаулық сақтау нысанын жылумен қамтиды.