Мәжілісте Палата Спикері, Nur Otan партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен фракцияның кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Онда Үкіметтің және Nur Otan партиясының Мәжілістегі Фракциясының Nur Otan партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындаудың Жол картасын іске асыру жөніндегі бірлескен жұмысы туралы айтылды.
Отырыста Премьер-Министр Асқар Мамин партияның сайлау бағдарламасының орындалуы жайлы баяндама жасады.
Жол картасы сайлауалды бағдарламаның төрт бағытын іске асыру бойынша 362 іс-шараны қамтиды. Олар жылдар бойынша белгіленген және қаржылық тұрғыдан бекітілген. Бұл ретте іс-шаралардың басым бөлігі әлеуметтік мәселелерді шешуге, сондай-ақ экономика мен өңірлердің тұрақты дамуына бағытталған. Осы мақсатпен отандық заңнаманы жетілдіру де жоспарланған.
«Жол картасының әзірленген жобасы Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын толық әрі сапалы іске асыру жөніндегі барлық қажетті шараларды қамтиды. Үкімет барлық іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етеді. Барлық шараларды іске асырудың нәтижесі – жаңа шынайылық жағдайында халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатының нақты артуы болады», деді А.Мамин.
Үкімет басшысының баяндамасынан кейін депутаттар министрлерге бірқатар сұрақ қойды. Қайнар Абасов Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 600 мың гектар жаңа суармалы жерді игеріп, оның жалпы алаңын 2,2 млн гектарға дейін жеткізу міндеті тұрғанын айтты. Сайлау алдындағы үгіт-насихат кезінде ауыл шаруашылығы өндірушілері көтерген негізгі проблема – суаратын сумен жеткілікті түрде қамтамасыз етілмеу және ирригациялық жүйелердің нашар жағдайда болуы. Өйткені суармалы жерлерді толыққанды суаратын сумен қамтамасыз ету жоғары сапалы өнім алудың, ал оңтүстікте жылына екі ретке дейін өнім алудың негізгі құрамдас бөлігі болып табылатынын жеткізіп, бұл жобаны қандай қаражат немесе қолданыстағы қандай бағдарламалар есебінен іске асыруды жоспарлап отырғаны туралы сұрады.
Осыған орай, Мәжіліс Төрағасы: «Әрине, 600 мың гектар жаңа жерді игеру оңай шаруа емес. Бағдарламада жазылғаннан кейін, оған қол жеткізуіміз керек. Меніңше, бұл тек қана Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәселесі емес. Бұған Экология министрлігі де өз үлесін қосу керек», деді.
Мәжіліс Спикері сайлауалды бағдарламада көрсетілген іс-шараларды іске асыруға қажетті қаражаттардың көзделгенін атап өтіп, депутаттар сыртқы және ішкі нақты жағдайларды ескере отырып, кезекті республикалық бюджет жобасын қарау кезінде халық алдындағы міндеттемелерді қаржыландыру үшін қажетті түзетулерді енгізуге дайын екенін жеткізді.Отырыс барысында, Нұрлан Нығматулин: «Елбасының Жол картасын әзірлеу туралы тапсырмасына сәйкес, көптеген жұмыстар атқарылғанын көріп отырмыз. Оған фракция депутаттары да, Үкімет мүшелері де, партия өкілдері де белсенді қатысты. Алдағы жоспарларымыз, мақсаттарымыз белгілі. Енді осы бағытта жұмысымызды одан әрі жалғастыратын боламыз», деді.
Жол картасы партияның нақты мақсаттарына бағытталғанын жеткізген Палата Спикері сайлауалды бағдарлама халықтың барлық санатын қамтығанын айта келе: «Сонымен бірге әлеуметтік қамтамасыз ету, білім, денсаулық, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамытуға жаңа қадам жасалынды. Бағдарламада отбасын, әйел азаматтарды, жастарды қолдауға да ерекше көңіл бөлінді. Осы мақсаттарға жету үшін Жол картасының әрбір тармағының орындалуын қатаң бақылау қажет. Бұл – Елбасымыздың қаңтардың ортасында бізге берген тапсырмасы», деді.
Бұл ретте Жол картасының барлық бағыты Мәжілістің комитеттері арасында бөлінген. Ал оның нақты тармақтарына бақылауды күшейту үшін Nur Otan фракциясының депутаттары бекітілді. Атап айтқанда, Мәжілістің комитет төрағалары Қ.Мусин, Ж.Нұрманбетова, М.Құсаинов, А.Құспан, А.Рау, сондай-ақ басқа саяси партиялардың төрағалары бар екі комитетте бұл жұмысты комитеттердің хатшылары – фракция мүшелері үйлестіретін болады. Олар – А.Қожахметов пен Б.Оспанов.
Сонымен қатар депутаттар бағдарлама тармақтарының орындалуы туралы ақпарат беруге дербес жауапты мемлекеттік органдарды да анықтауды ұсынды. Ол кем дегенде вице-министр деңгейінде болуы керек.
Жиынды қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы: «Бұл Жол картасы – әрбір облысты, әрбір ауданды, әрбір ауылды және барлық халықты қамтиды. Ол алға қойылған міндеттерді ашық, сапалы, тиімді орындауға кең жол ашады. Себебі онда партиямыздың Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, барлық сала бойынша, әсіресе, әлеуметтік мәселелерді шешудің нақты шаралары көрсетілді», деді.
Айта кету керек, жиынға Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек және Үкімет мүшелері қатысты.
Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері – депутаттар дайындаған Жол картасын қолдап, өзекті мәселелерді алға тартып, пікірлерін ортаға салды.