• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Ақпан, 2021

Бізге телехикая қымбат па, тәрбие қымбат па?

337 рет
көрсетілді

Бүгінде ұласпалы телехикая көретіндер көбейді. Әсіресе, түрік, үнді серияларына сұраныс көп. Қай телеарнаны қосыңыз, әйтеуір бір телехикая жүріп жатады. «Абысындар» атты телехикаяны көрушілер «алтыжүзінші сериясын көріп отырмыз» деп шалқиды. Япыр-ай, қалай миы ашып кетпейді екен деп қайран қаласыз.

«Қалай миы ашып кетпейді» дегеннен шығады, ғалымдар, зерт­­теушілер, дәрігерлер ұлас­па­лы фильмдердің ұнамсыз жағы көп екеніне бүгінде назар аудара бастады.

Мәселен, америкалық психологтар сауалнама жүргізіп, соның қорытындысы бойынша сүйікті сериясы аяқталған соң көрермен еріксіз мұңаятынын анықтаған. Солай дегенмен, жыл өткен са­йын телехикая көретіндердің саны көбейіп келеді.

Респонденттердің шамамен 73 пайызы телехикаяны үздіксіз көру қалыпты жағдай деп санап­ты. Ал бірқатары «бұл жай әуес­тенушілік» деп есептесе, бір бө­лігі «психологиялық проблема ту­дырады» деп жауап берген. Біз­дің осы соңғы жауапқа сенгіміз келеді. Өйткені, сағат санап кү­тіп отыратын телехикаялардың адам­дарға қолбайлау болатын тұ­сы шашетектен. Әңгіме серия­ны сағаттап көретіндер жайында. Мұндай адамдар басқаларға қарағанда көбірек зардап шеккен және күйзеліске ұшырағандар қа­тарында көрінеді.

Біз кезінде «Санта-Барбара» телефильмін ең ұзақ сериал деп санап келдік. Осы телехикая 1984-1993 жылдар аралығында үздіксіз көрсетілді. Бірақ осы фильмнен де асып түсетін телехикая бар болып шықты. Ол «Шамшырақ» деп аталады. 1952 жылдан бастап түсіріле бастаған осы фильмнің 18 262 сериясы жарыққа шығыпты. Сонда да 2009 жылдың 18 қыркүйегінде қаржының жоқтығынан тоқтапты. Түсірілген серияны көріп шығу үшін көрермен 600 күн, 4 сағат 30 минут телеарна алдында тапжылмай отыруы керек. Бір айта кетерлігі, осы телехикая ең ұзақ кино ретінде «Гиннестің рекордтар» кітабына енген.

Осы фильмнен «Әлем қалай айналады» хикаясы да қалыспайды. 1956 жылы басталған бұл фильм 2010 жылы аяқталған. Фильмді толық тамашалау үшін көрермен 573 күн, 11 сағат жоғалтуы керек.

«Бір өмір» атты телехикаяны 1989 жылы бастап, 2009 жылы аяқтапты. Фильмнің ұзақтығы 221 күн, 8 сағат, 30 минут екен. «Бір өмірде» расизм мен нашақорлық мәселесі қозғалады.

Төртінші орынға 10712 се­­рия­мен «Барлығы – менің балала­­­рым» атты телефильм жайғасыпты. ­Оны 1970 жылдан 2011 жылға де­­­йін ерінбей-жалықпай түсіріп шық­қан.

«Жастар мен жабайылар» ат­ты телесериал бесінші орында тұр. 10 073 сериядан тұратын бұл туындыда Гени қаласында тұратын дәулетті екі адамның қа­рым-қатынасы, бизнестегі қи­тұрқылары суреттеледі.

«Өзге өмір» атты хикая 8 891 серияны құрайды. Мұның бір ерек­шелігі адамзат баласына үл­кен қауіп төндіріп тұрған аборт мәсе­лесін әңгіме өзегіне айналдырады. «Әлем қалай айналады» сериалымен қозғаған тақырыппен үндес осы телехикая да кезінде үлкен сұранысқа ие болыпты.

Енді «Түн алдында» деген те­ле­­­­хикаяға келейік. Мұның 7 420 се­­риясы бар. «Көршілер» 6 255 се­рия­дан тұрады.

Тап қазір телеарналарда «Жат мекен», «Қайран күндер», «Кө­сем» атты созбалаңқы сериалдар көр­сетіліп жатыр. Сөз жоқ, оқи­ға желісі көрермендерді бірден тар­тып кетеді. Сосын «ертең не бо­лар екен?» деп келесісін күту­мен жүресіз. Телесерияларға тел­мі­ретіндер тіпті басқа дүниені ұмыт­қан. Барлық ой-қиялы, мақсат-мүд­десі, тілек-талабы сүйікті филь­­мінің үстінде. Телехикаядағы ке­йіпкері ауырса ауырады, мұ­ңай­са мұңаяды, жыласа жы­лайды, күл­се күледі. Ал осыдан соң теле­хикаяның табынушылары пси­­хологиялық ауруларға ұшы­ра­­мағанда, күйзеліске түспе­ген­­де қайтеді? Осы аралықта келін­шектер қаншама тірлігінен қалады десеңізші. Күйеуінің күтімі, бала-шағаның сабағы, ата-ененің жағ­дайы болмаған соң отбасыдан бе­реке кетпей ме? Мұның арасын­да жат елдің мінез-құлқын, әдеп-ғұрпын бойына біртіңдеп сі­ңі­р­ген жанның психологиясы бұзылатыны сөзсіз. Бір кездері «Мың бір түн» атты түрік серия­сын жаппай тамашаладық. Сөйт­сек, бұл фильмнің қазақи салт-дәстүрге қайшы тұстары көп екен ғой. Мәселен, күйеуімен шәй десіп қалса болды төркініне тартып кететін келіннен қандай жақсылық күтуге болады? Осы сияқты жат қылыққа баулитын сериалдардан сырт айналу керектігін ғалымдар, кино сыншылары жазудайын жазды. Бірақ біздің арналар біреудің қаңсығын таңсық көріп эфирге шығарудан жалығар емес.

Қазаққа білім, мәдениет керек пе? Бәлкім, осы сауалымыздың өзі артық шығар. Сіз керек деп отырсыз. Және ол бұрыннан бар деп дәлелдейсіз. Таласпаймыз. Бірақ нағыз білімді, мәдениетті болу үшін киелі кітапқа қайта оралуымыз қажет-ақ. Соның ішінде ұлы Абайдың шығармаларын, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын қайта оқып шықсақ, ұтылмас едік. Қазақы тәрбие де, ұлттық салт-сана да, ата-бабалар жолы да осы еңбектерде тұнып тұрған жоқ па? Ендеше, алтын уақытты текке өлтіріп, басқаның былдыр-батпағына несіне соншалықты телміреміз?

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Қазақстанның құрметті журналисі