Биылғы жылғы ақпан айынан бастап елімізде коронавирус індетіне қарсы вакцина салдыру науқаны басталды. Тіпті жергілікті жерлерде басшылар ресейлік «Спутник V» вакцинасын алып, көпке жол көрсетуде. Вакцина егу жұмысы бүгінде Жамбыл облысында да жүзеге асырылуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ағымдағы жылдың екінші тоқсанынан бастап тұрғындарды отандық өндіріс «QazCovid-In» препаратымен вакцинациялауды бастау жоспарланып отыр. Ол қазіргі уақытта клиникалық сынақтардың үшінші кезеңінде тұр.
«Вакцинация вакцинаның түсуіне байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл ретте, бірінші кезекте, коронавирустық инфекцияны жұқтыру және тарату қаупі жоғары халықтың осал топтары вакцинацияланып, одан әрі иммундауға жататын халықтың қалған топтары қамтылатын болады. Бірінші кезеңде жұқпалы аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, реанимация, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлері вакцинациямен қамтылады. Екінші кезеңде вакцинация жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтарын, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызметкерлерін қамтиды. Үшінші кезең мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің педагогтарын, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдарды, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлерін қамтиды. Бұдан басқа, кейіннен халықтың қосымша осал топтарын қоса отырып, контингентті кеңейту жоспарлануда», делінген басқарма мәліметінде.
Коронавирустық вакцина 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізіледі. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және бекітеді, адам ағзасындағы антиденелер саны артады. Жамбыл облысында 850 медицина қызметкерлері коронавирус инфекциясына қарсы вакцина қабылдады. Вакцинациялаудың бірінші кезеңіне кірмеген медицина қызметкерлерін егу әрі қарай жалғасатын болады.
Жамбыл облысы