Өткен жыл барлық салаға өзгеріс әкелді. Әсіресе ақпараттық-технологиялық бағытта үлкен дүмпу сезілді. ІТ-нарықтағы жаһандық трендтер Қазақстанды айналып өткен жоқ. Осы орайда ІТ және инновация саласындағы сарапшы Еркеғали Машир елімізге тікелей әсер еткен негізгі өзгерістерді атап өтті.
Е.Маширдің пікірінше, «бұлтты» шешімдер соңғы бес жыл көлемінде әлемдік ІТ-нарықтағы негізгі трендтің біріне айналған. Демек, оның Қазақстанға әсер етуі заңдылық. Кейбір компаниялар «бұлтты» сервистерді инфрақұрылымды ұстап тұруға, деректерді сақтауға, қызметтердің жоғары қолжетімділігін қамтамасыз етуге жұмсалатын шығындарды азайту үшін пайдаланады. Ал енді бірі ағымдық мәселелерді шешу үшін ғана қолданады. «Бұлтты» сервистер кез келген ауқымдағы бизнеске платформа мен деректерді басқаруға мүмкіндік беріп, процестерді оңтайландыруға көмектеседі. Бүгінгі таңда Amazon, Microsoft, Google және Yandex сияқты ірі компаниялардан бөлек, жергілікті байланыс операторлары да нарықтың түрлі сегменттері мен қызмет бағыттары бойынша тиімді «бұлтты» шешімдерді ұсынып келеді.
– 2020 жылдың көп бөлігін қашықтан жұмыс істеуге арнадық. Сол себепті ZOOM қосымшасын пайдаланушылар базасы былтыр 30 есе өскен. Ал компания акцияларының құны 100 доллардан 600 долларға дейін еселеніп, АҚШ-тың ең қымбат IT кәсіпорындарының үздік жиырмалығына енді. Сервистік қызметтердің барлығы жоғары сапалы байланыс арнасы мен деректер орталығы болмаса, өміршең дүниеге айнала алмайды, – дейді inbusiness.kz сайтына сұхбат берген Е.Машир.
Демек, «бұлтты» сервистерге негізделген ZOOM қосымшасы қазақстандықтардың өміріне өзгеріс енгізді.
Сонымен қатар былтыр онлайн төлем, онлайн аударым секілді финтех-сервистердің де дәурені жүрді. Бұл ретте Kaspi банкті атап өтуге болады. Өткен жылы дәл осы қосымшаға деген сұраныс та ерекше артты.
– Kaspi банк емес, ІТ-компанияға айналғандай әсер қалдырып келеді. Қазақстан халқының 41,49 пайызы Kaspi қосымшасын ай сайын тұрақты түрде қолданады. Бұл дегеніміз – 7,8 млн адам. Kaspi-ді Ресейдің «Тинькофф» банкімен салыстырып көрелік. Көрші елдің нарығындағы 146,7 млн клиенттің тек 6 млн ғана «Тинькофф»-тың игілігін көріп отыр. Мәселен, «Яндекс» компаниясы «Тинькофф»-ты 5,48 млрд долларға сатып алғысы келді, ал Kaspi-дің Лондон биржасындағы ІРО-сы 6,5 млрд долларға бағаланды. Қазақстандық Kaspi-дің қандай қуатқа ие екенін осыдан-ақ аңғаруға болады, – дейді сарапшы.
Сондай-ақ былтыр онлайн оқу қарқын алды. Адамдар мұның қаншалықты тиімді екенін түсінді. Қазақстандықтардың өміріндегі үлкен өзгерістердің бірі сол болды.
– Қазақстанның пандемия басталған кезде білім беру жүйесін онлайн форматқа көшіруі сәтсіздікке ұшырады деп айтуға болады. Десе де, жүйені реттеп, қалпына келтіруге мүмкіндік туды. Қазір онлайн оқу үздіксіз жүріп жатыр. Атап өтерлігі, пандемияның нәтижесінде мектептер мен университеттерде білім алуға арналған отандық платформалар пайда болды. Мен материалдарды цифрландыруға назар аударар едім. Өйткені оқу конференция байланысы емес қой. Бұл жерде кітаптар, материалдар, базаның өзі және оқыту әдістемесі цифрландырылуы керек, – дейді ол.
Жасанды интелект жер-жаһанды жаулап келеді. Алайда әзірге Қазақстанға тісі батар емес. Е.Маширдің айтуынша, біздің елде бұл бағыттағы орны мықты ойыншылармен әлі толыға қойған жоқ.
– Белсенді дамып келе жатқан стартаптарға және шетелдік ойыншылардың нарыққа кіруіне қарамастан, кейбір маңызды өзгерістер тек ірі корпорацияларда ғана орын алуда, – дейді ІТ және инновация саласындағы сарапшы.