• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 17 Ақпан, 2021

Шаян салынған шелек

934 рет
көрсетілді

Егер сіз үлкен шелектің ішіне ортасынан толтырып тірі шаяндарды салып қойған болсаңыз, жыбырлаған жәндіктер әлгі ыдыстан ешқашан шығып кете алмайтыны қызық. Былай қарасаңыз шамалары бар-ақ шаяндар. Тарбиған аяқтарын бір-біріне тіреп, балтырларын баспалдақ ете қойса ыдыстан ытқып шығардай-ақ әлеуеттері жетерлік. Бірақ өкінішке қарай, олар әлгі ыдыстан ешқашан шыға алмайды екен. Неге деп басында біз де таң қалдық. Сөйтсек еш құпиясы жоқ болып шықты. Сол өзімізге жақсы таныс баяғы бақастық, өмірі бітпейтін күндестік, іштарлықпен індес көреалмаушылық деген көлденең көк мінездер осы әрекетке әбден тосқауыл болатын тәрізді. Бейшара шаянның біреуі сыртқа шыққысы келіп талпынса, әлбетте басқалары оның аяғынан тартып, жармасып, жабылып жүріп міндетті түрде құлатып тынады екен. Яғни мен шықпадым, демек сенің де шықпауың керек деген жабайы тірлік.

Жә, бұл енді аяқтары тарбиған, бойлары жарбиған, саналары саңылаусыз шаяндар ғой. Олар тіпті әлгі әрекеттерін біз айтып отырғандай мақсатты түрде де істемейтін болуы керек. Алайда адамдар арасындағы осындай ұсақ ұйғарымдарға не деуге болады? Оның ішінде қаншама ғасырлар бойы дала заңымен ұрпақ ұлағатына ерекше мән беріп келген Алаш баласының арасынан осындай қортық қимылдарды көріп қалғанда тіпті қынжыласың...

Түнеугүні әр қадамын әлем кірпік қақпай қарап отырған дара Димашымыздың аяғынан өзіміздің тартқанымыз тіпті ұят болды. Оның ата тегін қазбалап, ғазиз атына кір жұқтырғанымыз аздай, қаңқу сөз енді басыла берді дегенімізде «Димаш елін тастап, АҚШ-қа көшеді екен» деп тағы талантқа тас ата жөнелдік. Әкем-ау, бір баламыз әлгі шелектен әупірімдеп әрең шыққан екен, оның шаужайына басқа емес өзінің аз қазағы жармасқаны қай сасқанымыз?

Бұл кесел кейінгі кезде тіпті етек жайып бара жатқандай. Өзімізден өрге қарай талпынған талант шыға қалса, оның әлгі шаяндар құсап шаужайына жармаса кетуді әдетке айналдырып барамыз. Шалып қалуға, шағып қалуға даяр тұрамыз. Бұл не сонда? Ұлт ретінде әлі қалыптасып болмаған, санасы оянбаған қараңғы халықпыз ба? Былай алып қарасақ, әлемдегі ең бір өрелі, өркениеттің өріне алғаш көтерілген, обал мен сауапты толық ажырата алатын, білім мен тәрбиені тал бесіктен бойына барынша сіңіріп өскен өзгеше ұлт сияқтымыз. Ал енді кейбір ұсақ тірліктерімізге қарасақ ұлт болмақ түгілі әлі ұлыс деңгейіне жет­пеген, әлі басы қосылып болмаған аз ғана тайпа сияқты топ-топпыз, жік-жік­піз. Ілгері қадам басуға ірілік керек деп аузы­мыз ғана алдарқатады. Ұсақ тірлік ұлт­тың ұнжырғасын түсіретінін, ұрпақтың ал­дын­да­ғы ұяттарға жығатынын жеме-жемге келгенде тарс ұмытып кетеміз.

Ертеңгі жас ұрпақ біздің аталарымыз өзінен шыққан таланттарын тануға өрелері жетпей, онымен қоймай дара дарындарын ауыл арасындағы арзан әңгімелерге жыққанын оқып күлмей ме, күйінбей ме, құдай сақтасын әрине, олар осындай пасық мінездерімізден жери жүріп қазақтықтан біржола күдер үзбесіне кім кепіл?

Батыс Сібірдің генерал-губернаторы М.М.Сперанский патшаға хат жазып: «Қазақ жерінде сексеуіл деген ағаш өседі екен. Шеге қақсаң кірмейді, балталасаң жарылмайды, ал өз-өзіне соқсаң, быт-шыты шығады. Қазақтарды дәл осындай әдіспен құрту керек», деген сөз біздің алдымыздан үнемі шыға беретіні қалай?

Ең қорқыныштысы, осы күні бұндай мысқыл мысалдарды кез келген жерде мәніне бойламай, еш ұялмастан айғайлата беруді өзімізге ар санамайтын болдық. Бұл, ең әуелі біздің бірлігімізге сілтенген балта екенін бағамдағымыз келмейді.

Кешегі Кеңестік кезеңде орын алған олқылықтарымыздан сабақ алатын күн баяғыда туған жоқ па? Димаш қазақ даласынан шығып, төрткүл әлемді ауызына қаратқан жалғыз қазақ емес, оның ар жағында бұлбұл үнімен бүкіл әлемді таң қалдырған Күләш апасы болды, Еуропа төрінде күміс көмейі бүлкілдеп қазақ әніне адамзаттың құлақ құрышын қандырған Әміре атасы тұрды. Ең өкініштісі, осы қос талант та жаңағы шаяндар құсап аяқтан тартқан, астынан қиып арыз жазған іштарлық пен көреалмаушылықтың көпе-көрінеу құрбандары болды. Абайламасақ, Димаш құбылысына да көлеңке түсірушілер аз болмайды. Қауіпті індетпен қазір күреспесек, елдігіміздің ертеңі бұлыңғырланған үстіне бұлдырай береді.