Бірінші жартылай орта салмақта жұдырықтасатын қазақстандық боксшы Қанат Ислам (27-0-1, 21 КО) өзінің кезекті жекпе-жегін 20 ақпанда өткізеді. Бұл туралы америкалық Boxingscene.com басылымы хабарлады.
Басылымның мәліметі бойынша қазақ боксшысының қарсыласы 33 жастағы ганалық «the Мiracle» (ғажайып, сиқыр) лақап атына ие Ободай Саи (35-3-1, 26 КО) болмақ. Жекпе-жек АҚШ-тың Майами қаласында өтеді деп жоспарланған. Осылайша, Қанат Ислам 14 ай үзілістен кейін үлкен рингке қайта оралады. Ең кейінгі кездесуін ол 2019 жылы Алматыда өткізіп, WBO International титулы үшін айқаста намибиялық Уолтер Каутондокваны (18-2, 17 КО) жеңген еді. Бұған дейін шетелдік басылымдар Қ.Исламның мексикалық Хайме Мунгиямен (36-0, 29 КО) жұдырықтасуы мүмкін екенін хабарлаған еді.