Өңірде әртүрлі топтағы 3 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған осы бір адамдардың ешкімге алақан жаймай, адал еңбегімен күн көріп, сол қажыр-қайратымен он екі мүшесі сау адамдарға үлгі болып отырғанын көргенде еріксіз қайран қаласың. Иығына қаншалықты ауыртпалық түссе де қажымаған, қайраты кемімеген неткен ерік-жігер десеңізші?!
Алдында аткөпір болып жатқан мақтаның томардай-томардай түйіршіктерін қолмен тарқатып, жүндей түтіп, жібектей жұмсартып, бипаздап бабына келтіреді екен. Сырттай қарағанда ендігісі оңай көрінген. Күні бұрын матадан дайындалған қап пішіндес тысына әлгі түбіттей тарқатылып, үлпілдек күйге енген мақтаны қаттап салса, матрас дайын болардай. Көзі көрмейтін адамға машақат әлі алда екен. Енді матрастың ішіндегі мақта ыдырап кетпеуі үшін ұстап тұруға тиісті, көбелек кейіптес түйме-тіректерді орналастыру керек. Әлде сызғышпен, әлде қарыстап өлшейтін шығар деп едім. Жоқ, қалыптасқан машықпен атқан оқтай түп-түзу қылып түсірді. Өлшемей-ақ. Көрмесе де. Көз көрмесе де көкірек ояу екен.
Цехтағы барлық жұмыс қолмен атқарылады. Сондықтан да сапалы. Мүмкіндігі шектеулі жандардың тіккен матрастарында жатқан адамның жамбасына бататын буылтық түйнектер әсте болмайды екен. Бұл – үлкен фабрикадан тігілген бұйымнан бір артықшылығы. Артықшылықтың өнімді өткізер кезде қолбайлар бөгеті де бар. Айталық, бір матрасты дайындау үшін бар шаруа қолмен атқарылатындықтан көп уақыт кетеді. Шикізат та қымбат. Оны бір шеті Ресейден, Қырғызстан мен Өзбекстаннан жеткізеді. Сондықтан да өзіндік құнының бағасына әсері бар. Тендерге түскен кезде тайталаса алмайды. Тапсырыс қабылдаған соң келіскен мерзімінде аяқтау керек. Оған үлгере алмай қалу қаупі де туындайды. Бағаны көтерсе, өнімі өтпей қалуы әбден мүмкін.
– Осы шағын цех арқылы күнкөрісімізді айырып отырмыз, – дейді тігінші Анна Немыкина, – негізінен төсектік орын жамылғыларын тігеміз. Әр өнімнің барынша сапалы болғанын қатаң қадағалаймыз. Тұтынушының талабынан шығуымыз керек қой. Олар үшін бұл өнімдерді кімдердің тіккендігі оншалықты маңызды емес. Келесі өнім өтуі үшін бүгінгіні мінсіз етуіміз қажет. Жаман тұмау жайлаған уақытта да облыстық мүгедектердің ерікті қоғамының жұмысты үйлестіре білуінің нәтижесінде қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Егер шикізаты болып тұрса, біздің қыз-келіншектер уақытпен санаспай жұмыс істеуге бар.
Макинск қаласында жиырмадан астам мүмкіндігі шектеулі адам жұмысқа тартылған екен. Басым көпшілігі – қыз-келіншектер. Негізгі кәсіптері – тігіншілік. Қолдан келері осы. Өңір қызыл аймақта болып, қырсық шалғанда көбі үйде отырып жұмыс істеген. Талпынғандарына орай тәп-тәуір табыстары да бар.
Облыстық мүгедектердің ерікті қоғамының төрағасы Серік Әкімбаев қоғам мүшелерінің жай-күйін, жан-дүниесін жақсы біледі. Өзі де бала кезінен бері көз кемістігінен қаншама қиындық көріп өсті. Әйтсе де жігері жасыған жоқ. Біржан сал ауданының бірнеше кәсіпорынында ретіне қарай жұмыс істеді. Қолы жаттықты, жұмыс барысын көңіліне мықтап тоқыды. Сол зейін, зеректігіне орай алдынан жұмыс үркіп отыратын болды. Қоғамдық жұмыстарға сол кездің өзінде де бел буып кірісіп кететін. Енді міне, қоғам төрағасы. Оңай-оспақ шаруа емес. Мыңдаған адамның мақсат-мұраты тоғысқан жер. Арыз-шағымдарын да, өтініш-тілектерін де осы қоғамға айтады. Ал әлеуеті аздау қоғам бәрінің бірдей өтінішін орындап тастауға қауқары жетпегенімен, қанатымен су сепкен қарлығаштай жақсылыққа себепші болуға ұмтылады. Ол үшін ең алдымен, жергілікті атқарушы органдармен тіл табысып, бірлесе жұмыс істеген жөн.
– Қамқорлық жасау қазақтың қанындағы қасиет қой. Қамқорлыққа тіпті сау адамдардың өздері зәру болып жатады емес пе? Ал мүмкіндігі шектеулі адамдардың мұқтаждықтарына қол созу адамгершілік, – дейді Серік Әкімбаев, – қазіргі күні бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Екі қала мен 17 ауданда филиалдарымыз жұмыс істейді. Өзгеге масыл болмау үшін жұмыс істеймін, өзімнің ақадал еңбегіммен күн көремін деген адамдарға жағдай туғызу парыз. Біз әркімнің еңбекке қаншалықты қабілеті бар екендігін сараптап алып, жұмысқа орналастырамыз. Өзге де әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің шешілуін қадағалаймыз.
Қазір мемлекет тарапынан бұл мәселеге жіті көңіл бөлінген. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамның бір мүшесі ретінде емін-еркін жұмыс істеуіне жағдай жасалып отыр. Ең бастысы, тағдырдың салған ісіне еменнің иір бұтағындай қасқая қарсы тұратын күш-жігер бар олардың бойларында. Сол қасиет бар бейнетті ысырып тастап, ұшпаққа шығармақ.
Ақмола облысы