1965 жылдың қоңыр күзі, қыркүйек айының 28-і күні кештетіп аудандық комсомол комитетінің хатшысы Адырбек Көлбаев Құмкент ауылында тұратын, мектеп мұғалімі Файзулла Үрмізовтің үйіне келеді. Кезекті кәдуілгі өкіметтің таусылмайтын шұғыл шаруасы болатын. Файзулла көкемізді тура үйінен дастарқан басынан тапқанына қуанып кетеді.
Дереу іске кірісіп:
– Бала-шағаңыз бен домбыраңызды алыңыз. Құмдағы әкеңіздің үйіне баратын болдыңыз. Қазақтың белгілі біртуар жазушысы Сәбит Мұқанов Қызылорда қаласында өткен ақын Асқар Тоқмағанбетовтің 60 жылдық тойынан келе жатыр екен. Қайтар жолында алдымен Түркістанға соғып, одан жолай бізге қарай бағыт алыпты. Негізгі мақсаты – қазақтың кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезовке қос қыран сыйлаған Үрміз ақсақалға сәлемдесіп, қарияның отбасын, бала-шағасын көру екен, дейді.
Домбыра тартатын ұл-қыздарын қасына алып іңір қараңғыда совхоздың құмдағы штабында тұратын Үрміз ақсақалдың үйіне бала шағалары түгел жетеді. Бұлардың сәл-ақ алдында совхоз директоры дастарқанға қажетті нәрселерді өзімен ала келіпті. Жиналғандар Сәбит Мұқанов келмей тұрып мейманды күтіп алу сценариін ойластыра бастайды. Әңгіме мейман жайында болады. Адырбек: «Атақты жазушы Сәбит Мұқанов сізге арнайы келе жатыр, ол кісімен ашық-жарқын, еркін сөйлесу үшін сіздің құрдас болғаныңыз дұрыс болар еді», – дейді.
– Сәбит 1900 жылы туылған, жылы сиыр. Екеуіңіздің жас айырмашылығыңыз бір-ақ жыл екен. Сіздің жасыңызды сұрай қалса, жылым сиыр деп құрдас бола салыңыз. Құрдастық әзіл шешіле сыр шертуге, көңіл ашуға жақсы болар еді, – дейді.
Меймандар аудан орталығынан ерте шығып, алпыс шақырым қашықтағы штабқа азанғы шай үстінде келеді. Сәбит Мұқановтың қасында жерлесіміз, әдебиеттанушы, ғалым Рахманқұл Бердібаев, ауданның бірінші хатшысы Төлепбек Назарбеков пен аудандық «Молшылық үшін» газетінің бас редакторы Есіркеп Өмірбеков бар еді. Үрміз қария гүрілдеген машина дауысын естіп, құдық жақтан асыға жүгіре басып келіп, көліктен еңсеріле түскен Сәбитке сәлем берді. Әуелі сөзді бастаған Есіркеп айнала қарсы алушыларды қонақтармен таныстырады.
– Сәбе, сіздің арнайы іздеп келген кісіңіз Үрміз ақсақал, – деп алдымен қариядан бастап шетінен таныстыра бастайды. Файзулланы таныстыру кезегі келгенде Есіркеп құрдастығына басып:
– Бұл Файзулла деген ініңіз, ақсақалдың баласы болғанмен берекесіз, кезбелеу болып өскен, – деп таныстырады.
Сәбит: – Ә, өзара құрдастық әзілдерің бар екен-ау,- деп риясыз жымияды. Бұл сөзге бәрі де қосыла күледі. Меймандарды үйге дәмға қарай шақырып, Үрміз қария өзі бастап жол көрсетеді. Сәбеңнің қолындағы сәнді таяғы есіліп жатқан бос құмға батып, мимырттап жүре алмай келеді. Қатарласып келе жатқан Үрміз қарияға Сәбең:
– Бала жасың нешеде? – деп сұрады.
– Жылым сиыр, – дейді.
– Қай мүшелдегі сиырсың? Алпыстың үстіндегі мүшелмін, – дейді.
Сәбит:
– Ей, сен менімен құрдас болдың ғой.
Сәбең есік алдындағы орындыққа отыра беріп қалам-қағазын алады. Сіздің сыртыңыздан естуімше Абылайдың ұрпағы екенсіз. Абылайдың шөбересі Шоқан туралы жазып жүрген жайым бар еді. Шоқан жайлы не білесіз? – дейді. Үрміз қария сол жолы жазушыға Кенесарының батыр баласы Сыздық пен Шоқанның кездескен әңгімесін айтып береді. Сәбең қолма-қол жазып алады.
Үйге кірген соң шай үстінде Файзулла күйші ертіп келген балаларына екі-үш күйді оркестр етіп тартқызып, өлең айтқызып, шағын отбасылық концерт береді. Өзі Теріскейдің атақты күйшілерінің шертпе күйлерінен тартып береді. Сәбит Мұқанов көңілденіп: – Өнер қалада десек, далада екен ғой, – деп ризашылығын білдіреді. Бір кезде Файзуллаға қарап: – Балам, далаға шығайық, дейді. Құмтөбеге шыққан сексеуіл, жүзген изен түрлі шөптерді аралап даланың таза ауасымен дем алған Сәбең айнала төңірекке көз жүгіртіп:
– Шіркін, қазақтың кең жазира даласы-ай, жұпар иісті ауасын-ай, жанға сая, дертке шипа өмірдің жұмағы ғой. Қалада тұрған біздерге мың түрлі дала шөбінің жұпар иісімен дем алу – арман. Қалада машинаның көк түтінімен дем аламыз. Бесіктегі бала сияқты түбекке отырамыз, деп ойындағысын ақтарып салады. – Қазақ сахарада киіктей жайын өскен халық қой.
Сәбең жүрер алдында, есік алдындағы төбеге алаша төсетіп:
– Абылай – Кенесарының ұрпағымен бірге суретке түсейін, – деп, бізбен бірге суретке түсті. Үрміз қариямен қоштасып тұрып:
– Бір жылғы төл екенбіз, – деп құшақ жайып құшақтасып, қимас көңілін білдірді.
Сол күні кешке Шашты Әзіз әулиеге келеді. Әулиенің сыпасының үстін ақ матамен жауып, бас жағына кесе қойған екен. Сәбең ескі дәстүрді білсе де:
– Мына кесе не үшін қойылған? – деп сұрайды. Файыз көке:
– Арнайы келген кісілер сауап үшін басына Құран оқып, кесеге жеті сом немесе жеті теңге салады, – дейді.
Ол уақыт қанды қасап қызыл партияның дәуірі жүріп тұрған уақыт. Сәбең Құран оқымаса да қалтасынан ақша алып, кесеге жеті теңгесін салды да, әулиенің қабіріне қол тигізіп тәу етеді. Аудан хатшысы:
– Сәбе, сізден бұрын Мұхтар ағамыз да келіп әулиеге зиярат етіп кетіп еді. Сіз де партияның саясатынан аттап, қазақшылық жасадыңыз, – деп бір сырдың шетін шығарды.
Сәбең: – Ата-бабамыздың саналы салтын, салиқалы дәстүрін ұстанғанның қартайғанда айыбы болмас, – дейді. Сол жерде тұрған көпшіліктің барлығы іштей дарынды тұлғаға риза болып, бас изесті. Сол жолы әулие басынан халқымыздың біртуар перзенті, қарымды қаламгер Сәбит Мұқановпен құмкенттіктер шын ықыластарымен қимай қоштасып, қүре жолдың бойынан шығарып салады. Жазушы мінген көлік сағым араласып алыстай берді...
Мақсат Қарғабай,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі