Көне Тараз қаласының құпиясын ашу күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Мұндағы мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан жәдігерлер шаһардың кезінде ұлы өркениет ошағы болғанын көрсетеді. Мәселен, Әулиеата топырағындағы ерте ислам дәуіріндегі жерасты мешіті, Қарахан, Айша бибі, Тектұрмас кесенелерінің өзі-ақ көненің көзі, тарихтың сөзі болып тұнып тұр.
Ал қара жердің астында аршылмай жатқан қазына, көрінбей жатқан жәдігер тағы қаншама?!. Ақыртас, Баласағұн, Баркуаб, Құлан, Өрнек қалашықтарының өзі тарихтың алтын сапындағы тағдырлы дүниелер. Сонымен қатар қазақ хандығының алғаш туы тігілген жер Қозыбасы аймағы, ұлы жырау Жамбыл Жабаев дүниеге келген Хан тауы сияқты қасиетті жерлер де ұлттың ұлы тарихын айғақтаған құндылықтар. Ежелгі заманда дүниенің төрт тарабын байланыстырған Ұлы Жібек жолының да тағылымы бөлек. Бұдан өзге, Тараз дегенде шығыс шайырларының сұлулықты арқау еткен ғазалдары ойға оралады. «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген Фирдоуси ғазалының өзі ғасырлар бойы өшпей келе жатқан жұлдызды жәдігерлердің бірі. Мұның бәрін өзгелерге таныту, насихаттау бір күннің жұмысы емес.
Әрдайым ұлттың ұлттығын, елдің елдігін танытатын құндылықтарды зерттеу, қорғау әрі насихаттау – жергілікті биліктің жұмысы. Қазіргідей туризмді дамыту әлемдік деңгейде күн тәртібінде тұрғанда, қолда бар дүниені өзгеге таныту да кезек күттірмейтін нәрсе. Мәселен, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінің қарамағында тас ғасырынан бастап бүгінгі күнге дейінгі түрлі тарихи кезеңдерде салынған, қала ішінде де, облыс аумағында да орналасқан республикалық маңызға ие 30 ескерткіш бар екен. Әулиеата өңірінде орналасқан ортағасырлық бес ірі қала – Ақтөбе-Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе және Ақыртас сарай кешені 2014 жылы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген еді. Аталған тарихи нысандардың әрқайсысы ұлы тарихымыздың ең бір елеулі, маңызды кезеңдерінде барлық жағынан дамыған, жетілген орталықтар болған. Ал 2018 жылы Ақыртас кешені мен Айша бибі кесенесі ерекше туристік тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізімін толықтырды. «Қорық-музейге қарасты тарихи-мәдени нысандарда жыл сайын қоғамдық жұмыстар жүргізіліп отырады. «Қарахан» кесенесінің аумағында жергілікті демеушілердің көмегімен кесенеге келушілерге арналған жаңадан заманауи үлгіде санитарлық торап салынып, жарық шамдар, демалатын орындықтар орнатылды. Айша бибі, Қарахан кесенелері, Көне Тараз музейі мен Ақыртас сарай кешенінің аумақтарына тазалау және көркейту жұмыстары жүргізілді. Жамбыл облысы аумағында орналасқан республикалық маңызы бар 30 тарих және мәдениет ескерткішіне қорғау тақталары орнатылып, қорғау міндеттемелері толтырылды», дейді «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік қорық-музейінің директоры Нұрлан Бықыбаев.
Бұл күнде Т.Рысқұлов ауданында орналасқан ортағасырлық Құлан қалашығының жалпы ауданы 16 гектар болатын бөлігіне темір шарбақпен қоршау жұмыстары жүргізілген. Аталған жұмыстар аудандық бюджет есебінен жүзеге асырылған. Сондай-ақ «Көне Тараз» археологиялық паркі, Қали Жүніс моншасы, Қарахан және Айша бибі кешендері мен Ақыртас сәулет-археологиялық ескерткіштері орналасқан жер телімдеріне тұрақты жер пайдалану құқығын беретін актілер дайындалған. Бұл ретте Жамбыл облысын туристерді қызықтыра алатын, көне ескерткіштері мол, туризмді дамытуда үлкен мүмкіндіктері бар өлке деп білеміз. Бүгінде өңірде жалпы алғанда 3441 тарихи-мәдени ескерткіш бар екен. Оның ішінде 25 ескерткіш республикалық дәрежедегі нысандар болса, 3416 нысан жергілікті маңызы бар ескерткіштерге жатады. Сонымен қатар облыс аумағында 200-ден астам ежелгі қалашық орналасқан.
Ал бүгінде өңірге туристердің келуі, жалпы, туристер тарту мәселесі қандай деген сауалымызға Жамбыл облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жомарт Хажы жауап берді. «Негізгі туристік нысандар саны 2019 жылы 37 болса, 2020 жылы біз ол нысандар санын 65-ке жеткіздік. Бұл орайда, 45 жаңа туристік маршрут әзірленіп, туристік өнім саны 115-ті құрап отыр. Қазіргі уақытта облыс бойынша 180 қонақүй, 434 тамақтану орны, 7 шипажай, 15 демалыс орны, 11 балаларды сауықтыру лагері, 47 туристік ұйым, 78 қолөнершілер мен 25 көлік субъектісі жұмыс атқарады», дейді ол.
Оның айтуынша, туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында «Ақыртас» сарай кешеніне алып баратын 8 шақырым, «Әулиебастау» бұлағына қарай 1,7 шақырым, «Тау самалы» туристік кешеніне 4 шақырым, сондай-ақ «Тамды» қалашығына, «Тау қымыз» емдік-сауықтыру орталығына және «Қаралма» тау-шаңғы кешеніне алып баратын жерлерге жол салынған. Ал осы уақытқа дейін қиындық тудырып келген «Баласағұн» қалашығына қарай салынуы тиіс жол құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, жұмысты бастау мәселесі жан-жақты қарастырылуда екен. Шу ауданының аумағында орналасқан тарихи нысанның да жол мәселесі шешілетін күн жақын.
Жамбыл облысында тарихи нысандар да, көне қалашықтар да жеткілікті. Бүгінде барып көруге болатын, жөндеуден өткен тарихи нысандардың өзі бірталай. Дегенмен, туристер ағылып келген күнде де өңірде келушілерге қаншалықты жағдай жасалған деген сауал тағы алдан шығады.
«Жол бойындағы сервис кешендерін дамыту бойынша 2018 жылдан бері Жамбыл облысының республикалық маңызы бар 3 автожолында 9 жаңа нысан пайдалануға беріліп, олардың жалпы саны 55-тен 64-ке жетті. Оның ішінде 36 нысан Қазақстан Республикасының Ұлттық стандартының талаптарына сәйкес келеді, ал 28 нысан бойынша сәйкестендіру жұмыстары жалғасуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 8 нысан ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендірілді. Облыс аумағы бойынша жалпы ұзындығы 495 шақырымды құрайтын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында 9 сервис нысанының құрылысын жүргізу жоспарланып, «В» категориялы 4 бірлік және «С» категориялы 5 бірлік сервис нысандарының орындары анықталған. Бүгінгі таңда, осы жол сервис нысандары Қордай ауданының Сарыбұлақ ауылдық округінің аумағында, Меркі ауданының Ақтоған ауылы маңында және Т.Рысқұлов ауданының Көкдөнен, Жақсылық ауылдарының аралығында жүргізілуде», дейді Жомарт Хажы.
Дегенмен, әлемді шарпыған коронавирус індеті өңір туризмін дамытуға да айтарлықтай кедергі келтірген. Індет салдарынан өткен жылы облысқа шамамен 70 000 турист келмей қалыпты. Оның ішінде, шетел азаматтарының саны 2300 адам болса, тек қана қонақүйлер тарапынан көрсетілмей қалған қызмет көлемі 647 миллион теңгені құраған.
Бүгінде күн тәртібіндегі мәселенің бірі – қазіргі заман талабына сай туристік инфрақұрылымды дамыту болып отыр. Бұл орайда, өңірде үш жылда шетелдік және отандық туристердің санын кем дегенде 20 пайызға арттыру көзделіп отыр. Әрине, жақсы бастама. Алайда облыста көптеген тарихи нысандарды қалпына келтіру, тарихи жерлерді айқындайтын дүниелер жасау жағы кемшін болып тұр. Мәселен, Шу және Мойынқұм аралығын жалғап жатқан Қозыбасы жеріне бір ескерткіш-белгі қойылуы керек-ақ. Қазақ хандығының туы тігілген, елдіктің бастауы болған жердің кім-кімді де қызықтыратыны анық. Бірақ әзірге бұған назар аударып жатқан ешкім жоқ. Жапан далада жалғыздың күйін кешкендей Қозыбасының басқа жерден айырмашылығы болмай тұр. Сол сияқты, Сарысу ауданы Шығанақ ауылының Бетпақдалаға қарай өтер тұсындағы Қуарал деген жерде ұлы күйші Ықылас Дүкенұлының бейіті бар. Тарихи нысанның аумағы кеңестік кезеңде темір қоршаумен қоршалған. Бірақ бұл жерде жол мәселесі өзекті болып отыр. Шығанақ ауылынан жоғары өрлегенде жиырма шақырымдай жерде орналасқан бейітке жетудің өзі мұң. Жаңбыр, қар жауғанда жүру тіпті мүмкін емес. Ұлттың тарихына, өнеріне қызығушылық танытқан кез келген туристің Қуаралға барғысы келетіні де анық. Осы сияқты, шешімін күткен мәселелер жетерлік. Өңір туризмін дамыту мәселесінде өзге де нысандарды қалпына келтіру, кейбір маңызды тарихи жерлерге ескерткіш-белгі қою сияқты жұмыстар қолға алынса, Әулиеата әлеуетінің бұдан әрі арта түсетіні сөзсіз...
Жамбыл облысы