• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Экология 19 Ақпан, 2021

Мағзұм Мырзағалиев: Атырау – ең ластанған қаланың бірі

245 рет
көрсетілді

Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев атыраулық ҮЕҰ өкілдерімен, экобелсенділермен кездесуде мәлім етті.

Кездесуде өңір экологиясын жақсартуға байланысты белгіленген жоспарларды тиімді іске асырудың маңызы талқыға түсті.

«Бізді аймақтағы экологиялық жағдай алаңдатады. Атырау еліміздің ең ластанған қалаларының қатарына кіреді. Әрине, бұл жағдайды жақсарту қажет. Бұл маңызды жұмыста белсенді азаматтар тарапынан қолдау, көмек қажет. Мен қашанда сындарлы диалогқа ашықпын» деді Мағзұм Мырзағалиев.

Министрдің мәліметінше, Атырау облысының экологиялық проблемасын шешу үшін 40 іс-шарадан тұратын Жол картасы әзірленді. Онда жаңа кәріздік тазарту кешендерін салу, ескілерін қалпына келтіру, «Сасық сай» мен «Шаршы» булану алаңдарын рекультивациялау, Жайық өзенінің бассейнін көгалдандыру, тазарту, сауықтыру секілді маңызды іс-шаралар бар.

«Біз Атыраудың экологтарымен, қоғам өкілдерімен бірнеше рет кездестік. Кездесулеріміздің нәтижесі – Жол картасын қабылдау. Жаңа Экологиялық кодекс те осы бағытта перспективалы мүмкіндіктер ашатынын атап өткім келеді. Ең маңыздысы, кодекс ірі ластаушы кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді», - деді министр.

Оның пікіріне сүйенсек, қазір 1-санатқа жататын кәсіпорындар ең озық қолжетімді технологияларды енгізуге дайындық шараларын бастады. Демек, болашақта атмосфераға ластаушы заттардың шығарындылары айтарлықтай азаяды.

Сондай-ақ, министр Атырауда өңірдің экологиялық проблемаларын тіркейтін фронт-офис ашуды ұсынды.