• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Ақпан, 2021

Соңғы аптада елордада коронавирустың таралуы төмендеді

126 рет
көрсетілді

Ақпан айының басынан бері елордада коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 2 192 жағдайы тіркелді. Нұр-Сұлтанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова брифинг барысында қаладағы эпидемиологиялық жағдай туралы мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Сархат Бейсенованың айтуынша, елордада барлық жастағы тұрғындар арасында CОVІD-19 ауруы тіркелген. Қаңтар айында 3 763 жағдай, ал ақпан айының басынан бері 2 192 жағдай тіркелді.

«Соңғы аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда сырқаттанушылықтың 7,13%-ға төмендегені байқалады. 100 мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіш 55,58, репродуктивті сан 0,971-ді құрады. Қала тұрғындары арасында ауырғандардың 24,7% негізгі үлесін әдеттегідей 30-39 жастағы адамдар құрайды. 50 және одан жоғары жастағы адамдар – 23,4%, 18-29 жастағы жас тобына 18,4%, 40-49 жастағы адамдарға 14,9% жатады. Ал балалар жалпы көрсеткіштің 15,9%-ын алады», деді елорданың бас санитарлық дәрігері.

Оқу жылының басынан 22 ақпанға дейінгі жағдай бойынша оқушылар арасында КВИ жұқтырған 1 017 жағдай тіркелді. Оның ішінде 232 жағдай – кезекші сынып оқушылары арасында, 785-і қашықтан оқитын оқушылардан анықталды.

Бүгінге дейін 79 мектеп карантинге жабылды, ал қазіргі уақытта 21 мектеп карантинде қалып отыр.

Коронавирус инфекциясы мектепке дейінгі ұйымдарға баратын 94 баладан анықталды.

«Қазіргі уақытта 907 отбасы карантинде, ал онда байланыста болған 2 260 адам медициналық бақылауда тұр. Қалада тәуліктік қуаттылығы 12 855 зерттеу болатын коронавирустық инфекцияны диагностикалау бойынша 23 зертхана бар. Орташа есеппен тәулігіне 5 000-ға дейін зерттеу жүргізіледі», деп хабарлады спикер.

Естеріңізге сала кетейік, 30 қаңтардан бастап елорда эпидемиологиялық жағдай бойынша «сары аймақта» тұр. Бұл ретте қалада күн сайын 50-ден 130-ға дейін жағдай тіркеледі. Санитарлық дәрігердің айтуынша, аурудың жалғасуы тек тестіленетін адамдар санының артуымен ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындарының шектеу шараларын сақтамауымен де байланысты.

Бас санитарлық дәрігер қала тұрғындары мен қонақтарын инфекция жұқтыру қаупін болдырмау үшін карантиндік режим мен санитарлық нормаларды қатаң сақтауға шақырды.