Елордада «Астанадағы ЕҚЫҰ-2010 саммитінің тарихи мәні мен өзектілігі» халықаралық онлайн-конференциясы өтті. Іс-шара Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы мен Сыртқы істер министрлігі, Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі мен Тұңғыш Президент – Елбасы Кеңсесінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Қазақстан – 2010 жылы еуропалық ұйымда төрағалық еткен посткеңестік кеңістіктегі тұңғыш мемлекет, Орталық Азияның бірінші өкілі және алғашқы мұсылман елі болды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің бастамашысы – Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстанның 57 мемлекеттің басын біріктіріп отырған іргелі ұйым – Еуропадағы қауіпсіздік жəне ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі еліміздің халықаралық қоғамдастық алдындағы беделін өсіріп, әлем елдерімен серіктестігіне серпін бергені анық. Еліміз төрағалық еткен кезеңнің нәтижелі белесі деп ЕҚЫҰ-ның онжылдық үзілістен кейінгі басқосуы – Астана саммитін айтуға болады. Оған дейін жоғары деңгейдегі кездесу 1999 жылы Ыстанбұлда өткен болатын. Осылайша тұңғыш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті Орталық Азиядағы елде өткен-ді. Саммит барысында ЕҚЫҰ-ға мүше және әріптес 68 елдің ресми делегацияларының басшылары Еуразиядағы қауіпсіздіктің қатерлері мен сынақтарын талқылап, ұйымның қызметін жетілдіру жолдарын сөз етті. Басқосу нәтижесінде «Қауіпсіздік қауымдастығына апарар жолда» атты Астана декларациясы қабылданып, ұйымға мүше-мемлекеттер ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздікке қатысты ұстанымын айқындаған еді.
Елбасының халықаралық конференцияға қатысушыларға арналған құттықтау сөзін Тұңғыш Президенттің кеңесшісі Әділ Тұрсынов оқып берді. «Елордада 2010 жылы желтоқсанда өткен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы саммитінің 10 жылдығына арналған халықаралық конференцияның қатысушыларына ыстық ықыласымды білдіремін. Аталған жоғарғы деңгейдегі саммит Еуропа, Орталық Азия және Солтүстік Америкадағы 57 мемлекетті біріктіретін ірі әрі маңызды трансконтиненталды ұйым – ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан Республикасы төрағалығының аса айтулы оқиғасының бірі болды. Өздеріңіз білетіндей, Ұлы дала елі – посткеңістікте ЕҚЫҰ-ны басқару мәртебесіне ие болған алғашқы мемлекет. Әділетті де орнықты әлемді, сондай-ақ Атлант мұхитынан Тынық мұхитына, Солтүстік Мұзды мұхиттан Үнді мұхитына дейінгі «төрт мұхит» кеңістігіндегі стратегиялық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қалыптастыру ісінде Қазақстанның төрағалығы мен ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті өз құндылығын жоғалтпайтынына сенімдімін», деген Нұрсұлтан Назарбаев өз құттықтауында.
Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді өз сөзінде Қазақстан мен ЕҚЫҰ-ның өзара серіктестігіндегі басты басымдықтарды атап өтіп, біздің елдің 2020 жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) төрағалық еткенін еске салды.
«Біз ЕҚЫҰ мен АӨСШК арасында тәжірибелік ынтымақтастықты орнату үшін жәрдемдесуге дайынбыз, өйткені бұл екі алаң Еуразияның негізгі мәселелерін шешуде бірдей мақсаттар қойып, ұқсас тәсілдерге сүйенеді. Осыған байланысты әріптестерімізді АӨСШК пен ЕҚЫҰ диалогының, сондай-ақ АӨСШК-ні Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымына ауыстыру идеясын қолдауға шақырамыз. Астана саммитінің негізгі тақырыптары – Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістіктегі диалог пен тұрақты қауіпсіздік мәселелері, Ауғанстан мәселесі, «қатып қалған» қақтығыстарды шешу бүгінгі күнге дейін өзекті», деді Мұхтар Тілеуберді.
Конференцияның модераторы болған Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат ел Тәуелсіздігінің мерейтойлық 30 жылдығында Қазақстан ел басқаруда және күнделікті өмірде демократия қағидаларын берік ұстанып келе жатқанын мәлімдеді. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев демократияны одан әрі дамытуға бағытталған жаңа саяси реформалардың үш ірі пакетіне бастамашылық етті. Қазірдің өзінде Мемлекет басшысының бірқатар бастамасы заң деңгейінде бекітіліп, қолданысқа енді. Бұл – осыдан бірнеше жыл бұрын басталған демократия жолындағы әрекеттерді Қазақстан басшылығының жаңа легі жалғастырып жатқанының дәлелі. Әрине, алда әлі де көп жұмыс күтіп тұр, бірақ біздің ЕҚЫҰ-мен байланысымыз бұрынғыдай Қазақстанның ілгерілеуіне ғана емес, ЕҚЫҰ-ның дамуына, сондай-ақ Еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздікті нығайтуға да оң ықпал ететініне сенімдімін», деп атап өтті Бақытжан Темірболат.
Алқалы жиын барысында арнайы дайындалған қысқаметражды бейнефильм көрсетілді. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен жетекші саяси көшбасшылардың ЕҚЫҰ саммитін өткізуге дайындық барысы көрсетілген және сол жылдардағы ресми хрониканың кадрларынан тыс қалған ұйымға қатысушы елдер арасындағы күрделі дипломатиялық келіссөздер туралы естеліктер ортаға салынған.
Сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Швеция Корольдігінің Сыртқы істер министрі Анн Линде мен ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Хельга Шмид бейнеконференция байланысы арқылы сөз арнады.
Қатысушылар алдында баяндама жасағандар қатарында ЕҚЫҰ-ның бұрынғы төрағасы (2010 ж.) Қанат Саудабаев, Халықаралық қылмыстық соттың судьясы, ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы болған (2005-2011) Марк Перрен де Бришамбо, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов, жақында тағайындалған ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Қайрат Әбдірахманов, 2014-2018 жылдары ЕҚЫҰ Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі арнайы өкілі мен үйлестірушісі болған Мәдина Жарбосынова, Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров, ЕҚЫҰ бағдарламалары кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо және өзге де білікті халықаралық және отандық сарапшылар болды.
Конференцияға қатысушылар ЕҚЫҰ мен оның құрылымдары ұйымға мүше елдер қазіргі өзекті мәселелер мен сын-қатерлерді жеңу жолында белсенді әрі жан-жақты зерттелген шаралар қабылдауы керек деген ортақ ұйғарымға келді.