Облыс орталығындағы Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейінде Қазақстанның халық жазушысы Сәкен сері Жүнісов музейі ашылды.
Білім ошағына жазушының есімі 2017 жылы берілген болатын. Сол күннен бастап мыңнан астам оқушы білім алып жатқан мектеп ұжымы қаламгердің мұрасын жаңғыртып, жан-жақты насихаттау мақсатында жүйелі жұмыс істеді.
Музейдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, заманында Сәкен серімен көрші тұрған ел ағасы Мейрам Ғибадиловтар серіден қалған сөз жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен ықпалын тигізетіндігіне айрықша тоқталды.
– Бұл игі қадамның жас ұрпаққа тигізер пайдасы өте зор. Жазушының жүрдек қаламынан туындаған рухани бай мұраны зерделеп оқып, көркем сөздің құдіретін ұғатын болады. Қазір бізде «Сәкентану» факультативі жүргізіледі. Алдағы уақытта «Сәкен оқулары» байқауын ұйымдастырмақпыз, – дейді мектеп директоры Баян Сәрсембаева.
Иманды шаруаның оңынан сабақталуына облыстық мәдениет басқармасы мен Мәлік Ғабдуллин музейінің ұжымы мол үлес қосқандығын да айта кетуіміз керек. Музей директоры Құдайберлі Мырзабек бастаған ұжым мол еңбек сіңіріпті. Мәлік Ғабдуллин музейіне жаңғырту жұмыстары жүргізілгенде, сәл ескірген бұйымдарды лақтырып тастамай, пайдалану қажеттігі туралы ой туындаса керек. Осындай ұқыптылықтың арқасында 2019 жылы қала іргесіндегі Краснояр ауылында халық ақыны Көкен Шәкеев музейі ашылса, бүгінгі күні білім ошағының қасында қабырғалы қаламгерге арналған музей ұйымдастырылып отыр.
Барды ұқсата білудің бір белгісі осы шығар. Ашылу салтанатында «Жапандағы жалғыз үй» романы бойынша әсерлі монолог оқылып, «Заманай» көркем фильмінен үзінді көрсетілді. Сәкен серінің сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз болғандығын да жерлестері жақсы біледі. Аудиотаспада сақталып қалған жазушының өз дауысымен салған әні жиналған жұрттың жүрегін шымырлатты.
Ұлттың рухани құндылығына ойып тұрып олжа салған қаламгер мұрасы жас ұрпақпен қайта қауышып, мәңгілік ғұмыры сабақталды. Ел өз ерлерін осылай ардақтаса, жарасымды емес пе?!
Көкшетау