Уақыт сынағынан сүрінбеген алып тұлғалар саусақпен санарлық. Солардың бірі – Жамбыл. Сүйінбай баба іні шәкіртіне домбырасын бекер қалдырмапты.
Шегініс жасап, 1936 жылға оралайық. Сәуір айында республика компартиясының бірінші хатшысы Л.Мирзоян өкіметке, Ораз Исаевқа Парижден телефон соғады. «Қазақты ақын халық деуші едік қой. Сонымыз рас болса, онкүндікке ақын апарайық» дейді. Бұл әрине, қуанышты хабар. Бірақ салмағы зіл-батпан ауыр еді.
Өйткені Мәскеудің төрінде Сталин отыр. Қателескенді кешпейді. Сондықтан жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ керек. Ондай ақсұңқар арамызда бар ма?!
Осы үнсіздікті Ораз Жандосов бұзады. «Мәскеуге Жамбылды апарайық» деді нық сеніммен. Ол мұндай ұсынысты Жамбылға туыс болғандықтан емес, ақынның дарынына көзі толық жеткендіктен айтты.
Батыл пікір бастықтарға ұнағанымен, шешімді түбегейлі бекіту үшін көп нәрсе қажет. Ең алдымен Темірбек Жүргенов бастаған комиссия құрылды. Алқалы топ ақынның мүмкіндігін жан-жақты зерттеді. Себебі тоқсаннан асқан адамға иек арту – отпен ойнағанмен бірдей. Сондықтан олар бұл істі мемлекеттік шараға жатқызды. Сарапшылар қатарында – Темірбек Жүргеновпен бірге Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаевтың болғаны көп жайды аңғартса керек. Он ойланып, жүз толғанған комиссия ақырында Жамбылдың ақындық қуатын бірауыздан мақұлдады. Ел үмітін ақтай алатын айтулы тұлға деген қорытындыға келеді.
«Жүрегі тозған адамның дауысы дірілдеп, жарықшақтанып шығады ғой. Жәкең ондай емес. Қаттырақ айтқысы келгенде, саңқылдап сөйлей алады», дейді Әбділда Тәжібаев. «Бұл – жүз жылда бір-ақ көрінетін құбылыс», деді Мұхтар Әуезов. «Эпостағы образдарды сәтті пайдаланады. Бұрынғы ұлы ақындар осылай сөйлеген», деді Сәбит Мұқанов. Сонымен, Жәкең мемлекеттің қалауымен Мәскеу жолына дайындалады.
Атамекенінен ұзап шықпаған ақынға бұл – керемет сый және үлкен оқиға. Ондай кезде «көрмегенге көсеу таң» болатындардың буы бұрқырап, басы айналады. Ал Жәкең өзінің қазақы және қариялық қалыбынан танбады. «Қарсы үстелге жете беріп Жамбылға бас изеген Сталинге бас изеді де қойды» (Ә.Тәжібаев). Оны айтасыз, «Сізге орден берерде Михаил Иванович Калининге ел атынан рахмет айтыңыз» деген Темірбек Жүргеновтің тапсырмасын орындау кезінде «Калининді» ұмытып қалады. Сонда ақын Кремльдің салтанат залында Темірбекке қарап, оған өлеңмен сұрақ қойып: «Мына теке сақалдың аты кім еді?» деген екен. Бұл – кеудесін тік ұстаған жүректілік емей немене?!
Әлі есімде, 1974 жылы ҚазМУ-де Жамбылдың хатшыларымен кездестік. Олардың ішінде Қасым Тоғызақов та болды. Қасым аға үзіліс кезінде бір әңгімені айтып бізді күлдіргені бар.
– Онкүндіктің қорытынды концертіне Сталин бастаған Саяси бюро мүшелері түгелдей келді. Жәкең сонда көсемге анықтап қарамақшы болады. Бірақ люстраның жарығы жанарына шағылып, кедергі жасай бергені. Ақын көмекке бізді шақырды.
– Аналардың қайсысы Сталин?! – деді саңқ етіп. Олай сөйлеуге, көсемді саусақпен көрсетуге дәт шыдамайтын кез. Отырған орнымызда селк ете түстік. Жалтақтаған түрімізді көріп Жәкең жағдайды түсінді. Енді ақырындап сұрай бастады.
– Бірінші отырған ба? – деді. Басымды шайқадым. Ол – Орджоникидзе болатын.
– Одан кейінгі сары шашты ма? – деді Молотовты көрсетіп. «Ол емес» дегенді көзіммен білдірдім.
– Үшінші отырған қара мұртты ма? – деді. Ептеп қана басымды изедім. Ақын оларға сығырайып ұзақ қарады. Содан кейін барып:
– Пах! Ақылға біткен маңдай екен қызыңды... – деп саңқ ете түскені. «Құрыдық!» дедік ес-түстен айырылғандай. Құдай сақтағанда, әлгі дауысты көсемнің күзетшілерінің естімей қалғаны. Сөйтіп Жәкең «күн көсемді» оның көзін бақырайтып қойып бір боқтап алғаны бар, – деп әңгімесін аяқтады. Ішек-сілеміз қатты.
«Әйтеуір бір жерінен кінә табатындар» Жамбылды Кеңес өкіметін жырлады деген сылтаумен жазғырғанды жақсы көреді. Ал Жәкеңнің сол кеңес өкіметін ұнатпағанын көпшілік білер ме екен?! Бірде өзі жақсы көретін інісі Ораз Жандосов ақынға жолығып «Тәте, бәрін жырладыңыз, мені де өлеңге қосыңызшы» дейді еркелеген сыңаймен. Сонда ақын қара домбырасын қағып-қағып жіберіп:
Оразым, өрге қарай
домаладың,
Байларды кәмпескелеп
қуаладың.
Байларды кәмпескелеп
қуамын деп,
Кедейдің жеп қалмағын
құмалағын,
– деген екен.
Солай бола тұра Кеңес өкіметін жырлады. Неге Ленинді, Сталинді өлеңге қосты екен деп ойлайсыз. Осы оқиғалардың мәнісіне сол кездің деңгейімен талдау жасап, сол кездің көзімен қарасаңыз бәрін де түсінесіз. Бұл іс – ақынға жүктеген республиканың тапсырмасы. Жеке өзінің ойлап шығарған идеялары емес, елдің атынан айтылған жолдау. Ол кісіге халық өкіметінің билеушілері солай деп ұқтырды, ақын солай деп ұқты. Бар болғаны осы.
Жамбылға тапсырыс бергендер – жай адамдар емес, үлкен мемлекет қайраткерлері. Олардың бәрін қорқақтар мен жағымпаздарға жатқыза алмайсыз. Әлгі кісілердің көбі ел қамын жеген ерлер. 37-дегі жаланың құрбандары – «халық жаулары». Олар ұлтын сүйді, қазаққа ақ жол тіледі, сол үшін бәрі атылды.
Жамбылға Сталинді жырлаттың деп енді ол марқұмдарды кім кінәлайды?! Ешкім кінәламайды! Егер солай болса оларға сенген, айтқанын өлеңмен орындаған ақынға неге басқаша қарауымыз керек?! Өз ортасынан бөліп алып, жалғыз өзін жазғыруға хақымыз бар ма?! Хақымыз жоқ! Дүниедегі ең оңай нәрсе – өлгеннен өш алу. Кейбір ағайындар «мықтылығын» солай көрсеткенді қалайды. Мәселен Сталин қайтыс болған соң Н.С.Хрущев те «батыр» атанған.
Енді мынаны ескеруіміз керек, Жамбылды Гомерге теңеген қазақтар емес, басқа ұлттың өкілдері. 1937 жылы Грузияда өткен Шота Руставелидің 750 жылдық мерейтойында бүкілодақ жұрты ақынның арыны мен дарынына бастарын иіп «ХХ ғасырдың Гомері» деді бірауыздан. Бұл сөзді олар жүрек қалауымен айтты. «Президиум мүшелері кейін серпіліп кетті де, Жамбыл тек ақынға тән ұлылықпен үстел басында қалды», дейді Николай Тихонов.
Мынандай оқиғалар да болған. 1940 жылы Леонид Соболев Алматыға келеді. Ол бір апта ғана бұрын осында болған екен. Шұғыл түрде Мәскеуден қайыра соғыпты. Ешкімге ескертпеген, ешкімге жеделхат салмаған, жүрісі суыт. Дереу Мұхтар мен Сәбитті қасына ертіп алып Ұзынағашқа тартады. Онда Жамбылмен әңгімелеседі. Ақынның үйінде бір аптадай қонақ болады. Екеуіне Мұхтар Әуезов тілмаштық жасайды.
Л.Соболев бұл іссапардың құпиясын кетерінде ғана ашады. Сөйтсе Қазақстаннан Сталинге арыз түсіпті. Оны жазғандар «Жамбыл деген ақын дүниеде жоқ. Ол – өтірікшілердің жандарынан шығарып жүргендері. Бұдан былай Жамбылға сенбеңіз» деген екен. Сталин мұны тексеруді Александр Фадеевке жүктейді. КСРО Жазушылар одағының бастығы А.Фадеев Соболевке тапсырады. «Барып кел, көріп кел, біліп кел» дейді. Нәтижесінде, Л.Соболев Жамбылға күмән келтірмек тұрмақ, оның орыс баласына айналады. Ақындық құдыреттің не екенін көзімен көріп, құлағымен естиді.
«Біз Леонид Сергеевичпен құшақтасып, сүйісіп қоштастық. Бірақ «Мәскеуге қандай пікірмен барасың?» деп сұраған жоқпыз. Сұраудың қажеті де жоқ болатын» дейді Әбділда Тәжібаев ол туралы жазған естелігінде.
Сонымен, Жамбылды қазақ билігі бір, Мәскеу билігі мұқият тексереді. Сондай сараптамадан кейін ақынға шек келтіруге кімнің дәті шыдайды?! Қырқыншы жылғы айтылған өсекті бүгін ұялмай қайта бықсытсақ, біздің кім болғанымыз?! Енді Жамбылдың хатшыларына келейік. Олар – Тайыр Жароков, Қалқаман Әбдіқадыров, Ғали Орманов, Қасым Тоғызақов, Қапан Сатыбалдин. Мемлекет бұл кісілерді қызметкер санатына жатқызды. Жалақы төледі. Салыстырып айтсақ, хатшыларға бүгінгі депутаттардың көмекшісіндей мәртебе берді. Бұл – Жамбыл өлеңдерінің ерекше құндылыққа ие болғанын көрсетеді. Хатшыларының ішінде Жәкеңнің етжақыны, рулас ағайындары болған жоқ. Бәрі алыстан қосылатын алаштың балалары. Жәкеңді тапқан да, таңдаған да, қолтықтап әкеліп, өмір сахнасына шығарған да солар.
Композитор Нұрғиса Тілендиев «Мен сақал өсірсем, Жамбыл тәтемнен аумайтын едім» деп өз бойынан ақынға қатысты ұқсастықтар іздегенді жақсы көрген. 1971 жылы ҚазМУ-де Жамбылдың 125 жылдық мерейтойына арналған әдеби кеш өтеді. Кешегі Жәкеңнің хатшылары бірінен соң бірі ақынға деген өз жақындықтарын айтып, залға қол соқтырады. Сол кезде ақиық ақын Мұқағали да мінбеге шығып «Жамбылдың нағыз баласы менмін!» деп мақтанышын паш еткен екен. Міне, осындай сөздерді қазақтың әр баласы айтса, ол – ұлы даланың перзенттеріне соншалық жарасатын еді! Өйткені Жамбыл биігі аласармайды.
Батық МӘЖИТҰЛЫ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты