• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 01 Наурыз, 2021

Кітап-адамдар

936 рет
көрсетілді

Кейде бізді әлдеқашан байлап-матап тастаған цифрлар цивилизациясы ең соңында әріптер әлемін жұтып барып жай табатындай крінеді. Бейнелеп айтсақ, арыстан жал жас толқындар кәрі жартасты жағасынан алғандай аласапыран уақыт. Бірін-бірі жалмап, жұтып қойғысы келіп жанталасқан технологиялар тартысы кім-кімді құрдымға сүйрелеп жатқанын біліп болмайсың. Алайда сол толқындар кәрі жартасты олардың емес, түптің-түбінде үздіксіз тамып тұрған титімдей тамшы күл-талқан қылатынын ешқашан сезбейді.

Әлем кітап беттеріне жазылу үшін жаралған

Стефан Малларме

 

Қайбір жылдары арген­тина­лық Марта Минухин есімді су­ретші қыз Германияның Кассель қаласын­да ежелгі Грекиядағы Пар­фенон ғибадатханасынан аумайтын ерекше сәулетті құрылыс тұрғызыпты. Алып ғимаратқа арнайы барып көргендер оның бір бұрышын Сер­вантестің «Дон Кихоты», енді бір бағанасын Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығы» сияқты мың­даған классиктер тіреп тұр­ғанын айтып таңдай қағысады. 100 мыңнан астам кітаптан қалан­ған құрылыстың ерекшелігі сол, аталған нысанға көрік беріп тұр­­ған көне кітаптар заманында өр­тел­ген, сотталған, жыртылған, ты­­йым салынған тағдырлы туын­ды­лар екен. Суретшінің айтуын­ша, бұл жұмысты саяси қуғын-сүр­гін құр­бандарының аруақтары ал­дындағы болашақ ұрпақ тағзымы деуге болады. Ерекше айта кетер­лігі, аталған инсталляция 1933 жыл­дары 2 мыңнан астам кітап өр­телген қайғылы орында бой көтеріпті.

Қарап отырсақ, адамзат та­рихында кітап үнемі өртеліп ке­леді. Әрине, онымен жер беті­нен жазбалар жойылып кеткен жоқ, қайта күн өткен сайын дана кітаптардың даңқы асқақ­тай түсуде. Сөзіміздің басында ай­тылғандай, шынымен әлем кі­тапқа ұмтылып тұратындай. Кі­тап­тың даналығынан асып жа­ңа технология өзі жеке-дара ше­шім қабылдай алмайтындай. Кі­тап­тың иісіндей әтір жасалды де­­ген жағымды жаңалықты есті­ге­німіз бар. Міне, мұның өзі қалың мұқа­балардың ішінде жасырылған жау­һар мәтіндердің адамзат бала­сы үшін алтыннан да бағалы ең қымбат құндылық екенін айғақ­тайды. Адам – кітап. Адам қай кез­де өледі дегенге келсек, жеке тұл­ға өзі дара ойлау құқығынан айрылған күні өледі. Оған тіршілік жа­ралғалы бергі тарихтан таптауырын тоталитаризмнің талай мысалын келтіруге болады.

Билік ешкімнен емес, кітаптан ғана қорқады. Диктатура өз үс­тем­дігін ең әуелі қоғамдағы инди­вид­терді бірдей адамдарға айнал­дырудан бастайды. Бұндай қауіпті жүйе туралы көп айтылған, айтыла береді де, алайда танымал америкалық жазушы Рэй Брэдбе­ри­дің «Фаренгейт бойынша 451 градус» деп аталатын атақты романында тура осы қасіретке ерек­ше тоқталады. Аталған анти­­утопиялық шығарманы көзі­қа­рақты оқырман жақсы білуге тиіс. Айтпағымыз, тыйым салған кітап­тарды тоталитарлық қоғамның қорқауларша үймелеп келіп өр­тей­тіні жайлы сол романда адам-кітаптар туралы тарау бар. Қол­дарындағы кітапты тартып алып өртеп жіберетінінен қауіптенетін кітап-адамдар тұтас романдарды жаттап алады да, бүтіндей кі­тапқа айналып кетеді. Қоғамнан аласталғандар сияқты қаладан жы­рақта, жарық, жылуы жоқ өрке­ниеттің жарық шамдары жар­қыраған қала іргесінде күнел­тетін тірі кітаптар бізді көп ой­ға жетелейді. Шын мәнінде кітап оқы­ғаны үшін қоғамнан аласталғандар олар емес, қайта кітап оқымайтын, тек теледидардағы пропагандашыл ток-шоуларға телмірген тота­литарлық жүйенің құрбандары, кейін өздері саналы түрде кітап­тан бас тартқандар нағыз алас­талғандар дер едік. Адамзат жа­рал­ғалы бері дүниеге келіп, дәуір­лерден дәуірлерге көшіп келе жатқан, тіпті дәуірлерді өздерінің өн бойына тұтас көшіріп алған қастерлі сөздерден, мағынала­ры мәңгілік мәтіндерден өздерін алып қашқандар, міне нағыз алас­талғандар. Романда кітап оқы­майтын қоғамның қорқынышты кел­беті келістіріліп суреттеледі. Ауыр депрессияға түскен адамдар бір-бірін, тіпті өздерін-өздері өлтіре бастайды. «Бақуатты адамдарда үлкен кітапхана, кедей адамдарда үлкен теледидар болады» деген сөз бар. Фантаст жазушы Р.Брэдбери интерактивті теледидарлар мен қағаз кітаптардың арасындағы майданды тура бүгінгідей дәл болжап жазады. Рей Брэдберидің өз сөзі де бар ғой, кітапты өртеуден де ауыр қылмыс, оны оқымау. Тұтынушылық ойдан әрі аттай алмайтын Брэдбери кейіпкерлері бүгінде де арамызда көп. Фар­рен­гейт бойынша 451 градус – бұл қағаздың өздігінен тұтанып, жа­нып кететін температурасы. Бас кейіпкер Гай Монтэг – кітап өртеу қызметіндегі өрт сөндіруші. Алайда ол өз ісін бірте-бірте жатсына бастайды. Ақырында өзі өртейтін кітаптарды тығылып оқи жүріп, роман соңында Монтэг кітап-адамға айналады.

Романда айтылғандай, үнемі ұшақтарда, автокөліктерде жүретін адамдар гүлдердің, көгалдардың иісін ұмыта бастайды. Себебі, адамдар әлгі көліктерде олардың жанынан өте үлкен жылдамдықтармен өтеді. Адам табиғаттан алшақтап қана қоймайды, олар ақыл-ой­дан, оның басты қайнар бұлағы – кі­таптардан алыстайды. Бұл, әл­бетте хаос. Шығармадағы негіз­гі кейіпкерлердің бірі Фабер есім­ді ақсақал: «Кітаптар – біз өзі­міз ұмытып қалудан қорқатын ойларымызды сақтайтын бірден-бір орын» десе, жағымсыз кейіпкер­дің бірі, кітап өртеушілердің команди­рі Битти: «Кітап жасырынған үй­­­ді кітаптарымен қоса өртеуге бол­­майды, кітапты көпшіліктің кө­зінше жеке өртеу керек, кітап өр­теудің өзіндік ләззаты бар», дейді.

Бұл роман сондай-ақ кітап құн­­дылығы арқылы адамдардың бір-біріне деген бауырмалдығы ар­татынын, отбасылық жақын қарым-қатынастар орнайтынын көр­сеткісі келеді. Алайда бас кейіпкер Монтэг отбасында бақ­ытсыз өтеді. Қайта көршісі, жас қыз Кларисса оған көбірек жақын көрінеді. Себебі олар тұратын кө­шеде сол Клариссаның үйінің ғана ша­тырында теледидардың тол­қын қабылдағышы жоқ еді. Бы­лайша айтқанда кітап оқылатын оқшау үй. Оқшау адам, оқшау ой – Кларисса. Алайда сол қоғамдағы қортық ойларға ошарылған оның азат танымы ақыры өз-өзіне қол жұмсатады.

Кітап өртеуші Монтэг өзен жа­ға­лап келе жатты. Арғы бетте тыр­нақшаның ішіндегі «аласталған ақыл сандықтары» бар. Ол өз ішін­де сөз оянғанын кітап-Монтэг се­зеді. «Бәрі өз уақытымен. Уақыт қи­­ратады, уақыт құрастырады. Уақыт қана үндемейді, уақыт қана сөйлейді».

Кітап – уақыттың өзі. Монтэг – уақыт-кітап. Жыртылған, өртелген, Феникс құсы сияқты өз күлінен қайта қалпына келген кітап.

Рей ақсақалша айтсақ, есік ал­ды­мыздағы көгалды әлбетте қыр­қып отыру керек деген қатаң заң шықса әрине, қырқып отыруымыз керек. Ал қырықпау керек деген заң шықса қайтесіз? Монтэг оған әлбетте «көгалдың әсем келбетін тамсана тамашалауымыз керек» деп жауап берер еді.

Жалғанда екі от бар: кітап өр­тейтін от һәм адам жылынатын от. Біздің қоғам кітап өртеп жы­лы­нуды доғаруымыз керек. Өзен­нің арғы бетіне адам-кітаптар өмір сүріп жатқанын ешқашан ұмыт­пағанымыз жөн.