Алматыда қала әкімінің тапсырмасы бойынша кітапхана жүйесін жаңарту жұмыстары жалғасын табуда. Былтырғы жылдан бері оңтүстік шаһарда 10 кітапхана жөндеуден өткені белгілі. Бүгінде қаладағы 25 кітапхананың 16-сы жаңа форматта жұмыс істеуде.
Осы орайда негізі 1936 жылы қаланған И.Крылов атындағы балалар кітапханасы да заманауи сипатқа еніп, мұнда оқырмандар үшін түрлі үйірмелер мен презентациялар өткізуге арналған бөлмелер пайдалануға берілді.
Алматының әкімі Б.Сағынтаев Instagram-дағы парақшасында да қаланың Әуезов көшесіндегі 175-ғимаратта орналасқан И.Крылов атындағы қалалық балалар кітапханасының ауқымды жөндеу жұмысынан кейін қайта ашылып, заманауи әрі жайлы оқу залдары мен түрлі үйірмелердің жұмыс істейтіндігі жайында жазды.
Бүгінде кітапхана қоры 142 мыңнан астам кітаппен толыққан. Кітапханада қызмет көрсетудің жаңа үлгісі көптеген іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге, сонымен қатар оқырмандар санын 250 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Осы мақсатта, қазақ халқы мен еліміздегі өзге этностар өкілдерінің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттауға бағытталған «Алтын шаңырақ» орталығы қызмет ететін болады. Қолданыстағы үйірмелерге қосымша қазақ тілі, шахмат, домбыра ойыны, ақпараттық-компьютерлік сауаттылық мектебі, креативті шығармашылық клубы, «Жас ғалым» клубы, «Оқимыз, үйренеміз, ойнаймыз» үйірмесі балалар мен жасөспірімдер үшін рухани-мәдени шаралардың орталығына айналмақ.
АЛМАТЫ