• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 01 Наурыз, 2021

Бүгіннен бастап мектептерде сабақ дәстүрлі форматта өтеді

531 рет
көрсетілді

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова бүгін, 1 наурыздан бастап мектептердегі рұқсат етілген аралас форматта оқытуды түсіндіріп берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Вице-министр Facebook-тегі парақшасында 1 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 27 ақпандағы № 9 қаулысына сәйкес, сондай-ақ санитариялық-эпидемиялық жағдайдың жақсаруы мен тұрақтануына байланысты, жалпы білім беретін мектептердің 1-5 сынып және халықаралық мектептердің 1-7 сынып білім алушыларын аралас форматта оқытуға рұқсат етілгенін жазды.

«Өңірлердегі санитариялық-эпидемиялық жағдайды ескере отырып, қай оқу пәндерінің штаттық немесе қашықтан оқыту форматтарында жүргізілуін және оқу сағаттарының санын анықтауды мектептер дербес шешеді. Бұл ретте мектептер осы оқу жылында қолданыстағы жұмыс оқу жоспарларын басшылыққа алады. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігі «Көркем еңбек» және «Музыка» пәндерін 1-5 сыныптарда қашықтан асинхронды форматта қалдыруды, қалған пәндерді штаттық форматқа көшіруді ұсынады.

Тек ерекше жағдайларда, ауырғанда немесе науқастармен қарым-қатынас жағдайларында ата-аналардың өтініші бойынша балаларды қашықтан форматында оқытуға қалдыруға рұқсат етіледі», деді Шолпан Каринова.

Оның айтуынша, білім беру процесінің барлық қатысушылары санитария-эпидемиялық талаптарын сақтауы тиіс.

«Мектеп басшылары балалардың қауіпсіздігін және денсаулығын сақтау үшін барлық жағдайларды қамтамасыз етеді. Білім алушылар мен педагогтер жеке гигиена ережелерін және санитариялық қауіпсіздік шараларын сақтайды. Ата-аналар тарапынан балалардың жеке гигиенаны сақтауы және әлеуметтік қашықтықты сақтау қажеттігін түсіндіру өте маңызды. 1-5 сыныптардың барлық оқушыларын мектепке қайтару бастауыш мектеп деңгейінде базалық білімнің, қажетті дағдылар мен құзыреттердің қалыптасуымен байланысты болып отыр. Олар үшін әлеуметтену және қарым-қатынас процестерінің жалғасуы, оқыту кезінде ұжымдық өзара қарым-қатынастың қол жетімді болуы маңызды. Сондықтан бірінші кезекте осы сыныптар бойынша шешім қабылданды», Шолпан Каринова.

Вице-министрдің айтуынша, оқушыларға мектепке міндетті мектеп формасында емес, еркін, ұқыпты және жинақы киімде болуға рұқсат етіледі. Ата-аналарға мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ.

«1 наурыздан сабақтан тыс уақытта білімдегі олқылықтарды толықтыру үшін оқушыларды жеке оқыту 15 адамнан аспайтын топтарда мүмкін болады. Бұл жағдай әлі де қашықтан оқытуда қалып отырған 6-8, 10 сыныптарға қатысты. Бұл міндетті емес, мұғалімдердің шешімі мен оқушылардың ата-аналарының келісімі бойынша іске асырылады. Балалардың жекелеген санаттарының тамақтануы, тұруы, тасымалдануы өңірлердің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерімен келісіліп қамтамасыз етіледі. Барлық қабылданған шешімдер ата-аналарға алдын-ала жеткізілуі керек», деді Шолпан Каринова.