Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия, Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы және «Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы», Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен Қазақстанда COVID-19 пандемиясы кезіндегі кәсіпкер әйелдердің проблемаларын анықтау үшін ауқымды зерттеу жүргізді.
COVID-19 пандемиясының салдарынан Қазақстан аумағында төтенше жағдай режімінің енгізілуі жеке үй шаруашылықтарына да, кәсіпкерлерге де әсер етті. Сонымен қатар, пандемия тудырған дағдарыс ірі бизнеске қарағанда шағын және орта бизнеске көбірек әсер етті. Бұл жағдай шағын және орта кәсіпкерліктің жеткізілім тізбегіндегі күйзелістерге төтеп беру қабілеті төмен болуына байланысты.
Кәсіпкерлердің көпшілігі (69,2%) карантин кезінде бизнесінің қаржылық шығынға ұшырағанын атап өтті. Кәсіпкер әйелдер бұл фактіні жиі атап өтеді – іс жүзінде олардың төрттен үшінде (75,8%) шығындар болған, ал ерлер арасында – 63,5%. Әйелдер бизнесі айтарлықтай қаржылық шығындарға жиірек ұшыраған. Бұл ретте әйелдердің 41,9%-ы өз табысының 50%-дан астамын жоғалтқанын атап өтті. (Ерлер арасында – 31,2%).
Кәсіпкер әйелдер үшін жағдай жалақы төленбейтін еңбек саласындағы жүктеменің артуымен күрделене түсті. Бұл балаларға, қарттарға, ауру туыстарына көрсетілген қамқорлық, үй шаруашылығына көбірек уақыт бөлу қажеттілігі. Сонымен қатар зерттеу COVID-19 пандемиясы кезінде әйелдер дәстүрлі түрде жұмыс істейтін сауда, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы сияқты экономика секторлары көбірек зардап шеккенін көрсетті.
Басқа мәселелерде кәсіпкер әйелдер мен ер адамдардың проблемалары ұқсас. Нәтижесінде, мемлекет тарапынан күтілетін қолдау шаралары кәсіпкер әйелдер мен кәсіпкер ерлер үшін де аз ерекшеленеді.
«Зерттеу шеңберінде сарапшылар мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру мақсатында кәсіпкерлерге көмек көрсету, әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бойынша нақты шараларды ұсынды. Зерттеу нәтижелерін мүдделі мемлекеттік органдар мен мекемелер кәсіпкерлікті дамыту үшін пайдаланады деп сенеміз», деді Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова зерттеу нәтижелерін таныстыру барысында.
Мысалы, зерттеу аясында қайталанатын бағдарламаларды түзету арқылы мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын оңтайландыру және жүйелеу, кәсіпкерлерге бұқаралық ақпарат құралдары мен цифрлы платформалар арқылы мемлекеттік қолдау жөніндегі ақпаратты жеткізу, онлайн-платформалар/қосымшалар ашу арқылы ШОБ өкілдерінің білім деңгейі мен біліктілігін арттыру сияқты шаралар атап өтілді.
«COVID-19 пандемиясы дүниежүзі елдерінің, сонымен қатар Қазақстанның да экономикасына жағымсыз өзгерістер әкелді. Дағдарыс бүкіл қоғамға ауыртпалық түсіруде, бұл әсіресе әйелдер мен осал топтар үшін қиын. Әйел кәсіпкерлердің қажеттіліктерін ескеру, СOVID-19 аясындағы даму бағдарламасында әйелдердің мүдделері ескерілуі баршаға жақсы әрі тұрақты даму нәтижелеріне қол жеткізуге, экономиканың тезірек қалпына келуіне көмектеседі», деді Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымының бағдарламалар менеджері Дина Амришева.