Күн қабағын бағып, ауа райын жауырын ашпай-ақ болжап отырған ел ішіндегі малсақ қауымның айтуына қарағанда, биылғы ауа райы 2017 жылмен ұқсас екен. Сол жылы да қыс ішінде жаңбыр жауып, үйір-үйір жылқы жайылатын жалпақ жон сіреу болып қатты. Қас қылғандай қар да қалың түсті. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, бейқам отырған ел іші жүген ұстап қала жаздады.
Облыстағы құрық ұстаған қауым 180 мыңға жуық жылқы бағып отыр. Ірі шаруашылықтар болмаса, шағын шаруалар қысы-жазы өз тұяғымен күн көретін жылқы жарықтықтың қысқы жемшөбін тиянақтап жинай бермейді. Жайылымнан айдап әкеліп, қамай қоятын жылы қорасы да кемшін. Ал жылқыға жемшөп қара малға қарағанда әлдеқайда көп керек. Биыл да ақпан айында сіркіреп қар аралас жаңбыр жауды. Артынша үскірік аяз болып, ен даланың үсті сіресе қатқан ақ қар, көк мұз болып қалды. 2017 жылы да дәл осылай болған. Тай-жабағы түгіл ірі жылқылар да тебінге жарамай, табиғаттың тақсыретін тартып, зор шығын болды. Тарпыған жері ор болып қалатын болат тұяқтың өзі сіреу болып қатқан қасат қар, көк мұздың алдында дәрменсіз екен.
Биыл да солай. Ендігі амал өліқауы мол орман-тоғайдың бауырын соқамен жыртып, аршу керек дейді дала жайын жақсы білетіндер. Әйтпесе, жылқының тісіне тиетін азық табылмай қалуы ықтимал. Оның себебі де бар, қазір егістік алқаптардағы астық комбайндарының көбі шетелдік техника. Олар бұрынғыдай сабанды тұтас тастамайды. Орып, турап, шашып тастайды. Ұлан-байтақ астықты алқаптардан көзге түсетін тоқымдай сабан көпенесін таба алмайсыз. Ал шалғының тісінен аман қалған сай-сала, қолат-қойнаудағы шөптің ұшар басы мұздақ. Желіндеп тұрған жылқы үшін бұл да қауіп.
– Қазір желіндеген биелердің құлыны көлденең түскен уақыт қой, – дейді Бурабай ауданындағы «Тұйғын» шаруа қожалығының басшысы Жаннат Басжанов, – әне-міне төлдейін деп тұр. Осы уақытта жылқыны көзден таса қылмаймыз. Өйткені шаранасы кеппеген құлыншақ қар үстіне түссе, үсіп қалады. Өкпесіне суық тиюі де әбден мүмкін. Ал ауру малдың азабы малшы қауым үшін қосымша ауыртпалық. Былтыр да ақпан айында жаңбыр жауды. Мұздап тұрған шөпті жегеннен кейін талай жылқы құлын тастады.
Түнімен от аумағындай жерді тұяғымен аударып, тісіне тиер талшық іздеп жанталасқан жылқы күн құрық бойы көтерілгенде әбден қалжырап, жаңағы ойыққа жата кететіні бар. Мұздақ жерде әлі құрыған жылқының тұра алмай қалуы да әбден мүмкін. Ал мұндай шөпті жеген желіндеп тұрған бие құлын тастайды.
Бұрынғылардың «ақсүйек жұт» дейтін жылдары осындай-ақ болған шығар. Бірақ ол кез басқа. Даланың құнары кетпеген, мың сан шөбі кілемдей құлпырып, жайқалып өскен шағы ғой. Ол кезде жылқы қысы-жазы өз күнін өзі көрсе көрген шығар, қазір өңірдің өңі өзгеше. Ауылдың маңындағы аз ғана жайылым тұяқкесті болып тозып біткен.
– Жылқы малы – өте сезімтал түлік. Ол жайдан-жай құлын тастамайды. Ауа райының қабағын сезіп тұрғаннан кейін өзін-өзі сақтап қалу үшін амалсыз осындай жағдайға барады, – дейді Зеренді ауданының жылқышысы Қайрат Әубәкіров, – қанша жыл жылқы бағып жүріп мінез-құлқын үйрендік қой. Оған да кінә жоқ. Табиғаттың заңы, осылай қалыптасқан дағды, қанға біткен қасиет.
Қатал қысты көтере алмаудың тағы бір себебі бар. Ол жылқының қысқа күйсіз түсуі. Жайылым тар болғандықтан егінге түсіп кете ме деп қорғалақтап, біздің өңірдегі малсақ қауым бағымдағы жылқыны алажаздай қамап бағады. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта ірісі кішісін тістеп, теуіп, күнімен тілін тістеп қаңтарылып тұрады. Ерте көктемнен егін орағы қашан аяқталғанша дәл осындай көрініс. Жиын-теріннен кейін қоң жинайтын да уақыт жоқ. Іле қар түседі. Қысқа күйсіз түскен, жілігіне май бітпеген жылқы қысқы тебінге жарамай қалады.
Тағы бір ықтимал себебі, тұқымының азып кетуі. Малсақ қауым жылқының жақсы тұқымын таппай, аңтарылып отыр. Баяғы үйірге ие болатын құтпан айғыр көзден бұл-бұл ұшқалы қашан. Ұзақ уақыт үйірге салар айғыр ауыстырылмағаннан кейін жылқының да тұқымы азып кетті. Құнаны тайдай, тайы жабағыдай. Азған түліктің өнімі де қораш. Биыл жылқы бағасы біршама өсті. Пышақ көтеретін күйі бар тайдың құны 350 мыңға, биелер 500 мыңға жетті. Шынтуайтында, мал сүмесімен күн көрген ағайын үшін тәп-тәуір табыс беретін түлік. Базардағы бағаға қарап ауылдағы ағайынның екі қолға бір күрек таба алмай отырмыз дегенін түсіне алмайтындар да бар. Бері қойғанда жанын жалдап, жоқшылықпен алысып бес бие бақса, бір отбасын еркін асырар еді. Тек үйдегі ойды бұзып тұрған да тұқымның жақсаруы. Қазақ даласының қатал табиғатына әбден көндіккен төл малы – қазақы жылқы болса, ақ түтек боранға, ақ шұнақ аязға да шыдап бағар еді. Сондықтан биылғыдай жылдан қысылмай шығу үшін қолда бар малдың тұқымын жақсарту керек. Оның жөні жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақтың өзі тәрізді шыдамды, берік те мықты қазақы жылқы. Бір әттеген-айы, облыста жылқы шаруашылығын жақсартайық деген ниет байқалмайды. Бірде-бір жылқы зауыты жоқ.
Жаман тұмау жағадан алып тұрғанда, жұт тақылеттес ауа райы малсақ қауымның алқымынан алып, алаңдатып тұр. Қолда бар малға абай болайықшы. Мал аузы көкке де тиетін уақыт алыс емес, оған дейін жергілікті атқарушы органдар серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының техникасын пайдалана отырып, халықтың малын шығынсыз алып қалу үшін жайылымдарды қардан тазартса, дала жолдарын аршыса оң болар еді.
Ақмола облысы