• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 02 Наурыз, 2021

Қор нарығынан пайда табуға болады

1272 рет
көрсетілді

Инвестиция салып пайда табу қарапайым болып барады. Бұрын тек ірі кәсіпкерлер ғана инвестор бола алады деп ойлайтынбыз, ал қазір сіз де, біз де шетелдік компания акцияларын иемденіп, дивиденд ретінде табыс таба аламыз.

Брокерлік компаниялар мен түрлі мобилді қосымшалардың пайда болуы бұл процесті тіпті жеңілдетіп жібергендей. Енді керегі аз-мұз ақыл-кеңес қана. Әйтпесе, бейтаныс акцияға ақша құйып жіберіп, тақырға отырып қалу да оп-оңай.

Акцияны қалай таңдау керек?

Қазақстанда екі биржа жұмыс істейді: Қазақстан қор биржасы (KASE) және «Астана» халықаралық қаржы орталығы (AIX). Биржа ұсынатын бағалы қағаздар эмитент деп аталады. Мәселен, KASE 175 эмитент ұсынады. Оның ішінде «Баян Сұлу» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ сияқты ірі ұйымдардың акциялары да бар. 2019 жылдың наурызынан бері ел тұрғындары Facebook, Microsoft, Starbucks секілді әлемдік компаниялар акциясын да сатып ала алады. Биржадағы сауда-саттыққа кіріспес бұрын, брокерлік компанияны таңдап, инвестициялық стратегияңызды анықтап, келісімшартқа қол қойып, трейдерлік терминалды жүктеп, брокерлік шотты толтыруыңыз керек. Брокер сіздің өтінішті биржаға өткізген соң барып акциялар иелене аласыз. Бұл жерде пайданың астында қаларыңызға ешкім кепілдік бермейді. Менмін деген акцияның өзі әп-сәтте шарықтап, не құлдырап кетуі ықтимал. Таңдамас бұрын акцияның табыстылығына, сенімділігіне һәм өтімділігіне мән беру маңызды.

Қаржы тақырыбында жазатын журналист Айбар Олжай акциядан ақшаңызды бірден еселеп көбейтіп аламын деудің миф екенін, ондай оңай жол іздеген жандардың көбі алаяқтар мен түрлі қаржы пирамидаларына ұрынып жататынын жеткізді.

 – Кәсіби инвесторлар не үшін акцияға жүгінеді? Егер дұрыс таңдау жасай білсе, акция купондық табысы алдын ала бекітілген облигациялар мен депозитке қарағанда көбірек табыс табуға мүмкіндік береді. Мысалы, біздегі мемлекеттік құнды қағаздардың орташа табыстылығы жылына 10,5 пайыз. Депозиттер 11 пайызға барып қалады. Одан инфляцияны алып тастаймыз. Былтырғы инфляция 7,4 пайыз деп есептесек, облигацияның жылдық нақты табыстылығы 3,1 пайыз, ал депозиттікі 3,6 пайыз ғана. Сондықтан тәуекелдің бар екенін ескере отырып, акциялардың табыстылығы одан көп болуы тиіс. Инвесторлар үшін акциялар пулы жылдық 26-28 пайыз кірістілік беріп жатса, бұл өте ұтымды қадам деп саналады, – дейді сарапшы.

Инвестиция саласының белгілі сарапшысы Нұрғали Нұрмахамбетов акция таңдамас бұрын сол акция тиесілі компанияны терең зерттеп алу қажет екенін айтады.

– Сіз назар аудару керек басты фактор – компанияның таза табысының өсімін бақылау. Егер компания 5 жыл бойы жыл сайын 30 пайыз таза табыс көрсетсе, онда сіздің акцияларыңыз бірнеше есе өседі. Ондай компанияны қалай таңдау керек? Мәселен, әйгілі инвестор Питер Линч «өзіңіз тауары мен қызметін тұтынып жүрген компанияны таңдаңыз» дейді. Ол әйелімен бірге супермаркеттерді аралап, әйгілі тауарларды бақылаған соң өзінің ең үздік инвестицияларын жасайтын болған. Сол үшін мейлінше асықпай бақылап, шыдамдылық таныту қажет, сонда ақшаңызды еселейтін компанияңызды табасыз, – дейді.

Акция өссе сіз де байисыз, бірақ...

Freedom24.kz жобасының директоры Вячеслав Кимнің айтуынша, Facebook акциялары 2012 жылдан бері 564 пайызға өскен. Сол кезде бұл акцияға 1000 доллар салған азаматтың қазіргі табысы 5-6 мың доллардан асып кетті деген сөз.

– Егер инвестиция үшін компанияны сәтті таңдаған болсаңыз және оның таза пайдасы бизнеспен бірге өсіп отырса, сіздің де сатып алған акцияларыңыздың құны өседі. Мәселен, жақында AIX қор биржасында Kaspi Bank акцияларын саудалауды бастадық. Ол акциялар сатылымға шығарылған уақыттан бері қазірге дейін 60 пайызға қымбаттады. Kaspi бизнесі күн санап өркендеп келе жатыр. 2019 жылы банктің таза табысы 73 пайызға өскен. 2020 жылы 36-40, 2021 жылы 30-40 пайызға өседі деп күтілуде. Сонымен қоса акциялар бағасы да өсіп отырады, – дейді The Room телеграм каналының сарапшысы Нұрғали Нұрмахамбетов.

Соңғы кезде күн санап рекорд жаңартқан биткоин мен Tesla акциялары қайта күрт құлдырады. Сондықтан нарықтағы тәуекелдерді әрдайым бақылау және ескеру маңызды.

– Инвестициялау кезіндегі басты тәуекел деп біздің азаматтардың тым қатты үміттенуін айтар едім. Олар үшін акциялар сатып алу 1 айда 100 пайыз табыс табуы тиіс ойындар сияқты. Ұзақ уақыт бойы жылына 20-25 пайыз табыс әкелетін ірі компания акцияларына ұзақ мерзімді және қауіпсіз инвестиция жасау оларды қызықтырмайды. Нәтижесінде, біздің азаматтар көпшілікке таныс емес компанияларға инвестиция салып, қысқа уақытта табысын екі еселеуі мүмкін немесе орны толмастай болып салған қаржының 50-70 пайызы көлемінде зиян шегеді. Қаншалықты пародоксті болып көрінгенімен, акцияға инвестиция салу – төзім мен парасатты талап ететін іс. Алайда 1-2 ай ішінде байып шығуды қаласаңыз, онда бұл саланы казиноға айналдырдыңыз деген сөз. Жаңа бастаушылар базалық курстан өтсе құба-құп, – дейді сарапшы.

Қазақстанда қандай компаниялар жұмыс істейді?

Компаниялар акция сатып алуды онлайн дүкеннен зат сатып алу форматымен ұсына бастады. Мысалы, Freedom24.kz бағалы қағаздар онлайн дүкенінен акция алу үшін банк картасы мен интернеттің болуы жеткілікті. Таңдалған бағалы қағазды себетке қойып, банк картасымен төлем жасайсыз. Сондай-ақ брокерлік шот ашу үшін анкета толтыру қажет. Курьер келесі күні-ақ тиісті құжаттарды жеткізеді. Сонымен тәмам. AIX жақында көпшілікке арнап Tabys мобильді қосымшасын ұсынды. Ол жерде де жеке куәлік пен банк картасын тіркеп, апыл-ғұпыл онлайн саудаға кірісуге болады. Бір ғана айырмашылығы – Tabys арқылы акция емес, биржалық ноталар сатып аласыз. Артықшылығы қолда бар қаражатпен, бәлкім 5 мың, бәлкім 10 мың теңгемен бастауға мүмкіндік бар.

Tabys-тан бөлек Jýsan Invest, Halyk Finance, Freedom24, BCC Tradе мобильді қосымшаларын да қолдануға болады. А.Олжайдың айтуынша, мобильді қосымшалар алысқа бармай, арнайы брокерлермен келісімшартқа отырмай-ақ бірден акциялар саудасын бастауға мүмкіндік береді.

– Tabys – қалың бұқараны биржа, акциялар әлемімен таныстыру, соған бой үйрету мақсатында жасалған деп есептеймін. Себебі онда қазір таза акциялардың өздері емес, биржалық ноталар сатылады. Бір компания емес, жалпы салаға, нарыққа бәс тіккендей боласыз. Егер нарық құласа, ноталардың құны түседі. Өссе, тиісінше қымбаттайды. Бірақ Tabys нақты Apple немесе Tesla-ның акцияларын сатып алуға мүмкіндік бермейді. Ал Freedom – кәсіби инвесторға арналған классикалық брокер. Комиссия алады. Платформасы, брокерлік иығы, біз сөзбен айтқанда, акция саудасына қажет барлық құралдары бар. Бұл ретте егер сіз инвестор болып көрмесеңіз, бірінші Tabys сынды платформаларда жұмыс істеп үйреніп, тәжірибе жинап алғаныңыз дұрыс. Одан кейін кәсіби құралдарға келе бастайсыз, – дейді А.Олжай.

Сарапшы Н.Нұрмахамбетовтің айтуынша, Freedom Finance-тың ыңғайлы сауда платформасы арқылы әлемдегі кез келген құнды қағазды меншіктеуге болады.

– Freedom Finance-тың басты өнімі – халықаралық IPO-ға қолжетімділік, осыған дейін мұндай мүмкіндікті біздің инвесторлар пайдалана алған жоқ. IPO – компанияның көпшілікке танылып, өз акцияларын сатып алушылар назарына ұсынуы. Соңғы уақытта АҚШ-тағы IPO-ға енетін компаниялар сауданың алғашқы күнінде-ақ 50 пайыздан астам табыс әкеліп жатыр. Бұл әрине біздің инвесторлардың да қызығушылығын тудырады. Халықаралық IPO-ға қолжетімділік 2 мың доллардан басталады. Tabys қосымшасы AIX-те Kaspi, «Қазатомөнеркәсібі» немесе «Халық банк» сияқты компанияларға инвестиция салуды ұсынады. Брокерлік шот ашу тегін болғандықтан, оны бірнеше компаниядан ашып, өз брокеріңізді таңдауды ұсынар едім. Бұл сіздің депозит ашу үшін қай банкті таңдағаныңыз сияқты жағдай, – дейді сарапшы. 

Инвестициялау – маңызды табыс көзінің бірі

Дана қор нарығына 2015 жылы келген. Қазір Freedom-мен бірге IPO-ны инвестициялап жатыр.

– Одан бөлек ETF сияқты сенімді бағалы қағаздарға инвестиция саламын, сондай-ақ портфельдің аздаған бөлігін спекуляцияға арнаймын. Әрине бұл әрекеттер ақшаны депозитке салып қойғаннан гөрі әлдеқайда жақсы табыс әкеледі. Көбіне екінші нарықта жұмыс істеуге мүмкіндік беретін комиссиясы төмен Interactive Brokers-те инвестиция жасаймын. Инвестициялауды аздаған сомамен, мысалы, 50 доллардан бастауға болады. Бұл жұмыспен тұрақты әрі белсенді айналысамын. Сондықтан да инвестициялау менің маңызды табыс көзімнің бірі, – дейді.

Жас инвестор, негізінен, ұзақ мерзімді инвестициялық жобалармен жұмыс істейді.

– Орнықты, байыпты зерттеу жасап барып, ақша салып сатып аласың және оны ұстап тұрасың. Қысқа уақытта жүзеге асыратын сатып алулар да бар. Мәселен, ETF ARKK акцияларын аптасына бір-екі сағаттың ішінде сатып алуға болады. Көбіне бұл акцияларды спекулянттық мазмұнда сатып аламын. Алайда инвестицияға енді қызыққан азаматтарға спекуляция жасаңдар деп ақыл бермеймін. Мұны тек инвестицияның не екенін түсінгендер ғана меңгеріп, жасай алады. Енді бастағандар ETF арқылы сатып алу жасаса болады. ETF – бір бағалы қағаздағы бірнеше акция, – дейді Дана.

Сарапшылардың айтуынша, қор нарығында опық жеп қалмас бұрын осы тарапта білім игеру де аса маңызды. Н.Нұрмахамбетов осы мақсатта «SMART START» онлайн курсын өткізіп жатыр. Онда қатысушылар қор нарығының не екенін ұғынып, іргелі және техникалық талдау жасау, портфельді инвестициялау, халықаралық IPO-ға қатысу ұғымдарымен жақын танысады. Сарапшының айтуынша, 2020 жылы Ресейде жеке тұлғалар 5 млн-нан астам шот ашқан. Қазақстанда алдағы үш жылда 500 мыңнан астам адам инвестициялауды бастауы мүмкін.

– АҚШ-та экономикалық белсенді халықтың 55 пайызы инвестициямен айналысады. Ресейдің өзінде бұл көрсеткіш 10 пайызға жуықтайды. Ал бізде 1,4 пайызға жетер-жетпес мөлшерде, – дейді Дана Аманбекова.

Halyk Finance қосымшасы жұмыс істегелі бері 2,5 мыңнан астам клиент брокерлік шот ашқан. Бұл тек iOS платформасындағы көрсеткіш. Android енді іске қосылады. Тағы мыңнан астам клиент Jýsan Invest платформасы арқылы брокерлік шоттарын басқарып отыр. Freedom Finance брокері ұсынған Tradernet.KZ мобильді платформасы арқылы 2 мың белсенді қолданушы тіркелген. Мобильді платформалардың пайда болуы бөлшек инвесторлардың күрт артуына серпін бермек.