• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Наурыз, 2021

Елорда әкімдігінде «Ashyq» қосымшасының артықшылықтары туралы түсіндірілді

93 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда "Ashyq" мобильді қосымшасын елорданың 39 кәсіпкерлік субъектісі пайдаланады. Нұр-Сұлтан қаласының "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қуанышбек Мұқаш онлайн-брифингте жобаның артықшылықтары мен бизнеске пайдасы туралы түсіндіріп берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Спикердің айтуынша, "Ashyq" пилоттық жобасы өз жұмысында бірқатар фитнес-клубтарды, спа-орталықтарды, сауналарды және ресепшні бар басқа да объектілерді пайдаланады. Жобаға қатысушылар ерікті болып саналады.

«2021 жылдың 26 ақпанында ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларындағы кәсіпкерлік нысандарында «Ashyq» мобильді қосымшасын енгізу бойынша пилотты жүргізу туралы» №7 қаулысы қабылданды. Осы қаулы аясында «Ashyq» пилоттық жобасын мына нысандарда іске асыру басталды: фитнес-клубтар, спа-орталықтар, сауналар, бассейндер, компьютерлік клубтар және боулинг клубтар. Осыған байланысты компьютерлік клубтар мен боулинг-орталықтар 2020 жылдың наурызынан бастап тоқтатылған және қазіргі уақытқа дейін тыйым салынған өз қызметін қайта бастауға мүмкіндік алады», - деді Қ.Мұқаш.

Ол сондай-ақ "Ashyq" қосымшасының бизнеске беретін артықшылықтарын түсіндіріп берді:

- егер нысан орналасқан аймақ "қызыл аймақта" болса, оған "сары аймаққа" сәйкес шектеу критерийлері қолданылады;

- егер "сары аймақ" болса, "жасыл аймаққа" сәйкес шектеу критерийлері қолданылады.

"Ashyq" мобильді қосымшасы QR-кодты пайдалану және ПТР ортақ базасымен интеграциялау есебінен келушінің мәртебесін, яғни вирустың тасымалдаушысы болып саналатынын немесе саналмайтынын анықтауға мүмкіндік береді.

«QR-код бизнес субъектісіне беріледі. Бұл пилотқа қатысу үшін өзінің QR-кодын InfoKazakhstan.kz платформасы арқылы алу қажет. QR-код субъектінің атауын, оның орналасқан жерін және сәйкестендіру деректерін көрсете отырып, бизнес субъектісінің электрондық сәйкестендіргішін білдіреді. 1 объектіге кіру және шығу үшін кемінде 2 QR-код беріледі. Егер мекемеге бірнеше рет кіріп-шықса әрбір кіру үшін жеке QR-код қалыптастырылады», - деп түсіндірді спикер.

Мекемеге кіру үшін келуші өзінің смартфонына "Ashyq" мобильді қосымшасын жүктеп, телефон нөмірі бойынша авторизациялануы, ЖСН енгізуі және өзінің келуін тіркеу үшін мекеменің QR-кодын сканерлеуі қажет. Сондай-ақ, шығу кезінде QR кодын сканерлеу керек.

Қызықтырған сұрақтарға жауап алу үшін @support_ashyq_bot телеграммасында техникалық қолдау қызметі іске қосылды. Қосымшаны көбейту жағдайында басқа арналарды қосу қарастырылады.