Қазақстан Қарулы Күштерінде ұшқышсыз ұшу авиациялық жүйесі белсенді түрде қолданылуда. Бүгінгі таңда әскерде тактикалық, соққы беру және барлау ұшқышсыз ұшу аппараттары бар.
Ұшқышсыз ұшу аппараттарының қолданылу аясы күн санап артуда. Олар алғаш рет Құрлық әскерлері мен Әуе қорғаныс күштеріне 2015 жылы енгізілді.
ӘҚК Әскери-әуе күштері Wing Loong («Птеродактиль») барлау-соққы беру кешенімен жабдықталған. Ол әуе барлауын жүргізу міндеттерін орындауға ғана емес, сондай-ақ басқарылатын зымырандармен, жарықшақты-фугасты бомбалармен жоғары дәлдікте соққы беруге де қабілетті. Wing Loong ұшқышсыз ұшу аппараты 20 сағатқа дейін автоматты режимде жұмыс істеуге және 4000 километрге дейінгі қашықтыққа ұшуға қабілетті. «Птеродактиль» қанаттарының құлашы 14 метр, ұзындығы 9 метрден сәл асады, ал максималды салмағы 1100 келіні құрайды. Wing Loong жылдамдығы 280 км/сағ жетеді, 5000 метр биіктікке көтере алады және 200 келіге дейін жүкті көтеруге қабілетті.
Қарулы Күштердің Құрлық әскерлері «SkyLark» тактикалық ұшқышсыз ұшу аппаратымен қамтамасыз етілген. Оның жұмыс уақыты – үш сағатқа жетеді, 40 шақырымға дейінгі радиуста жұмыс істей алады.
Ұшқышсыз ұшу аппараттарын іс-жүзінде қолдану арнайы инфрақұрылымды құруды талап етпейді. Ал қолдану аясы, айтарлықтай ауқымды. Атап айтқанда, барлау әрекеттерін жүзеге асырудан, нысананы белгілеуден, артиллерияның атысын түзетуден, жердегі нысанаға соққы авиациясын бағыттаудан бастап, қарсыластың ерекше маңызды объектілер мен олардың элементтерін жоя алады.
2018 жылдан бастап Ұлттық қорғаныс университетінің ғылыми-зерттеу орталығында «Шағала» ұшқышсыз ұшу аппараттарының тәжірибелік үлгісін дайындау бойынша жұмыс жүргізілген болатын. Қазіргі таңда әскери мақсаттағы алғашқы қазақстандық ұшқышсыз ұшу аппараты зауыттық және полигондық тәжірибеден өтуде. Отандық «Шағала» байланыс арнасын қорғаудың бағдарламалық-аппараттық құралымен, дрон мен басқару жүйесі арасындағы қорғалған байланыстың жеке криптографиялық хаттамасымен, кепілдігі бар құпия кілтпен, тікелей және кері қорғаныспен жабдықталған. Бұның барлығы университет қабырғасында 2014 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан әскери ғалымдардың жобасы.
Ұшқышсыз ұшу аппараттарын қадағалау мен пайдалану бойынша мамандарды Әуе қорғанысы күштері әскери институты мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының мамандары білім алатын оқу орталығында даярлауда. Оқу орталығының базасында жыл сайын оқу-әдістемелік жиындар, нұсқаушылардың және авиациялық техника операторларының біліктіліктерін арттыру бойынша оқыту жүргізіледі.
2017 жылы Қазақстан Қарулы Күштері Армия халықаралық ойындарына ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторларына «Сұңқар салу» сайысын қосуға бастама танытты. Аталмыш сайыста қазақстандық жауынгерлер сөзсіз бірінші орынды иеленіп, әрдайым жеңімпаз атанды. Бұл біздің елімізде қару-жарақтың осы түрін сәтті түрде қолдану мен дамуын растайды.