• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 03 Наурыз, 2021

Қазақ ұршығының құдіреті

1048 рет
көрсетілді

Қазақта «Ұршықтай үйіріп алдыңа әкелді» деген сөз бар. Бұл сөзді тура да, ауыспалы да мағынасында Кеңес өкіметінің 1920-1938 жылдардағы қазаққа әкелген ашаршылық, атып-асу, қуғындау зұлматына қатысты айтса болады. 

Осы жылдары Кеңес өкіметі қазақ халқының қанын судай ағызып қоймай, әскер рухы, экономика қуаты, отбасын асыраудың тұрақты көзі болып отырған төрт түлік малын айуандықпен қырып жатқан кез болатын. Большевиктердің көз құр­тын жеген ұшса құс­тың қанаты талатын ұлан-­бай­тақ қазақтың кең жері мен оның астындағы табиғи кен байлығы еді. Қазақ жерін иемдену мақсатында әуе­лі, қазақ халқының көзін жою керек болып, Голощекин мен Мир­зояндар «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұран­мен қазақтың атадан балаға мирас болып келе жатқан дәстүрлі ата кәсібі – мал шаруашылығын ұжымдастыру саясатымен сылтауратып тартып алып, аяусыз қырып жатты. Сол кезде, ғайыптан тайып герман ­елі, яғни А.Гитлер Кеңес өкі­ме­ті­не тұтқиылдан соғыс ашты. А.Гитлер ашқан соғыс Кеңес өкіметіне өз жауыздықтарын бетіне басқандай қазақ ұлты мен оның төрт түлік малына оларды зәру қылды. Осы соғыста атадан балаға мұра болып келе жатқан қазақ қолөнері – қазақ ұршы­ғы соғыстың кәдесіне жарады. Бұл табалау емес. Бұл біздің ата-бабамыздың аруағы бар екенінің, баба мұрасын қасиет тұта білген ұлт киесінің дәлелі еді. Иә, Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ ұршығы маңызды құрылғыға айналады деген Кеңес әскерінің ойына кіріп шықпа­ған еді. Мұны неге айтып отыр­мын? Себебі сол әлемді шарпыған Екінші дүниежүзілік соғыста Батыстың бет қаратпас қызыл шұнақ аязынан жауынгерлерге қарапайым қазақ аналары мен балалары тоқыған жылы киім қорғаныш болса, оны иірген қазақ ұршығы еді. Сол кезде, ұршық тұрмыстық құралдан әскери құрылғы қызметін ат­қарды десек те қателеспейміз. 1941 жылы сұрапыл соғыс бас­талғаннан 1945 жылға дейін қазақтар бес жыл бойы қой бағып, оның жүнін қырқып, жүнді сабап, тарап-түтіп, зуалап, шүйіркелеп ұршық күшімен иіріп жіп жасай білді. Сөйтіп, майдан шебіндегі қанша миллион жауынгерді жылы киіммен, шұлық, қолғап, шәлімен қамта­масыз етті. Адамзатқа жан төз­бес ауыртпашылық әкелген әлем­дік соғысқа қазақтар екі мил­лион жұп, яғни төрт миллиондай қолдан тоқылған жылы киім жіберген. Кеңес өкіметі өзі қы­рып тастаған ұлт алдында, бұл әлі өз бағасын алуды күтіп отырған мәселе.

«Малдың жайын баққан бі­леді» демекші, төрт түлік мал­дың бағуы мен жаюын, көбейту технологиясын білетін қазақтар болмағасын, Орынбасар апа­ның айтуынша, соғыс жылдары еңбектеген баладан еңкейген кәрі әжелерге дейін қой бағуға шыққан. «Көктем шыға төрт-бес жастағы буыны қатпаған жас балалар қозы көгендеп, қой бағуға шықты. Олар ойын мен күлкі дегенді ұмытты. Кешке үйге келе ас ішуге шамалары келмей ұйықтап кететін» деп, еске алады кейуана. Большевиктердің ұлтқа жасаған зұлмат кесірі ба­ланы да аямады. Олардың сауатсыздығы мен озбырлығы сонша, жылы киім тоқуға дейін жіп дайын­дау қаншама про­цес­тен өте­тінін білмеген. Одан малдың жүнін қырықтықтан өт­кізу алдында суға тоғытып тазартып барып, қой қырықтыққа жіберілетінінен бейхабар болған. Көктемгі жұмыстардан кейін күзгi жұмыстар қазан айында басталған. Бригадирi атпен жүріп кешке қарай «жұмысқа шығыңдар» – деп, терезені ты­қылдатып белгі беретiн едi», дейдi Орынбасар апа. Үлкен бір үйге жиналған кемпір, бала-шаға әуелі, жазда қырқылған қой жүнін жуып кептіредi. Жасөспiрiмдер жағы оны тү­тiп тазаласа, әжелер зуалап, шиы­руға бередi екен. Дайын зуаланы ұршықшылар тобы талмай иіріп, тоқымашыларға өткізеді. Жас қыздар мен келiндер иiрген жіптен жауынгерлерге арнап төрт саусақты қолғап, малақай, шәлі, шұлық тоқыған. Міне, бұл қазақ халқының тылдағы ерен еңбегінің бір парасы ғана. Бес жыл бойы еңбек ақымызға азғана бидай алушы едік» – деп есіне алады Орынбасар апа. Олар жайылымда, ферма басында сауған сүтті сол жерде майдан шебіне тіке жөнелтiп отыратын. Олардың көкейiнде бiр ғана мақсат – жауынгерлер жаурап қалмай, аш қалмай жауға тойтарыс берсе деген мақсат тұрған. Сол себептi біз тылда жүріп жан аямай жаумен күрескен едік», дейді Орынбасар апа.

 Ел басына күн туған шақта Орынбасар апа Балқыбекова тұлымшағы желбіреген тоғыз-он жастағы қыз екен. Ол Ақмола облысы, Нұра ауданы Нұра өзенiнің бойын жағалай қоныстанған байырдан осы өлкеде тұрып келе жатқан қазақтар отбасында туып- өскен. Әйгiлi «Дудар-ай» әніндегі орыс қызы Мәриям Жагорқызы мен қазақ жігіті Дүй­сен туып-өскен ауылда туған.

Қазақ халқы адамзат дамуы үшін керек дүниені әрдайым жасап келеді, бірақ оны дабырала­ған емес. Басқасын айтпағанда,  қазақ тұрмысында пайдасына жарап келген ұршық құралы – Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес әскеріне мүлтіксіз қызмет етті. Мұны кезінде Кеңес әскері елеген жоқ. Сол қазақтың құді­ретті ұршығы бұл күні ел есінен шығып, ұмыт болып барады. Соғыста жеті-сегіз танкі жой­ған жауынгерге ерлігі үшін ма­рапат береді екен. Ал қазақ ұр­шығы мың емес, сан миллион жауынгерді аман алып қалды десек, қателеспеспіз. Қарап тұр­­сақ, дамылсыз айналған жер сияқты қазақ ұршығында қа­зақ деген ұлттың ғана емес, әлем соғысының, сол соғыста жа­зықсыз шейіт болған, аман оралған сан миллиондаған ер азаматтың тарих-тағдыры тұр.Айтпағым, Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина, Өзбекстан және тағы басқа елдер бірігіп, қазақ ұршығының сол  соғыс тылында жасаған ерен еңбегіне ескерткіш қойса құба-құп болар еді. Біз ұмытпауға тиіс нәрсе болса, ол – қазақ ұршығының Екінші дүниежүжілік соғыстағы ерлігі дер едім.

 

Зүбәйра Әкімова,

журналист